Армияшылардың Спорт комитеті төрағасының орынбасары Алмат Тәжібаев жарыс қарсаңында 2 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль жоспарлап отырмыз деген еді. Жеңіл атлет Ольга Рыпакова мен боксшы Серік Сәпиев өздеріне артылған үмітті ақтады. Бұдан 4 жыл бұрын Қытай астанасы Бейжіңде өткен ХХІХ жазғы Олимпиада ойындарында қазақстандық 116 спортшының 26-сын аримияшылар құраған болатын. Олардың арасынан бокстан Еркебұлан Шынәлиев, әйелдер күресінен Елена Шалыгина қола жүлде алып, құрама қоржынындағы 13 медальдің екеуін салған еді. Биылғы бәсекеде әскерилердің 26 өкілі спорттың 8 түрі бойынша өнер көрсетті. Олардың 14-і жеңіл атлетикадан, үшеуі бокстан, екеуі еркін күрестен, тағы екеуі қазіргі бессайыстан. Ал қалғандары жүзу, синхронды жүзу, байдарка мен каноэда есу, дзюдо және ауыр атлетика бойынша өз бақтарын сынады. Биыл ел қоржынына түскен 13 медальдің екеуін иеленген армияшылар оның сапасын ең жоғарғы деңгейге жеткізді. Бұл бәсекеде қазақстандықтардың 7 алтын, 1 күміс және 5 қола медальмен жалпы командалық есепте 12 орын алуына армияшылар зор үлес қосты.