Айбатырды Tengrinews.kz тілшілері іздеп тапқан.
«Мен жеңілу дегенді білмеймін. Біз бар күшімізді салдық. Барынша тырысып бақтым. Екі команда теңбе-тең болдық» дейді қайсар бала.
Айбатыр мектептегі арқан тартудан өзге де секцияларға (баскетбол, футбол, күрес) барып жүр. Оның үш бауыры бар екен. Бәрі де спортпен айналысады.
Қазақстандағы балалардың "Мен чемпионмын" спорттық ойынынан үзінді Eurosport-та жарияланғанын бұрынырақ хабарлағанбыз. Ал Youtube-ке бұл бейнероликті "Оралдық бала арқан тартуда" деген атпен аталған жобаның авторлары салған.
Осы сайыста қазақтың бір қара баласы ерекше көзге түскен. Ең артында (әр командада бес ойыншы) арқан тартып тұрған ол, қарсы жақтың басым түсіп жатқанына қарамастан, намысқа тырысып, жеңіліс сызығынан өтіп кетпеуге барынша талпынады. Оның бұл әрекеті жұртты сүйсінтіп, тіпті көзіне жас алғандар да болды.
Бірақ дәл ұлдар арасындағы осы тартыс біз ойлағандай нәтижемен аяқталмапты. Келесі кезеңге, яғни ширек финалға ақтөбелік «Ақберен» командасы өткен. Негізі, төрешілердің ойынша, шын мәнінде солар басымдық танытқан. Тек олар Айбатырдың қайсарлығын ескеріп, екі топқа да үш ұпайдан беріпті. Бірақ тең ойын батысқазақстандық «Жайық» командасына пайда бермеді.