Жарияланды: 350

Арқанкергендегі қылмысқа қатысты тағы бір айыпталушы сот алдында жауап беруде

Арқанкергендегі қанды қырғынға қатысты өтіп жатқан сот процесінде тосын жайттар белгілі болды бүгін. Соның бірі, бес ай бойы құзырлы орындар жеке басын анықтай алмаған Денис Рейге қатысты. Жүргізілген сараптама мәйіттердің бірінің нақты павлодарлық сарбаз екенін анықтаған сыңайлы. Сондай-ақ Талдықорғанның әскери сотында осы Арқанкерген бекетімен байланыстың үзілгенін екі күн бойы жасырды деп айыпталған Сарыбөктер заставасының бастығы Алексей Фомин де жауап беріп жатыр.

Арқанкерген шекара бекетінде алдымен өлтіріліп, артынша өртеліп жіберілген 14 сарбаз бен қорықшыға қатысты өтіп жатқан сот процесі бүгін де тосын жайтқа толы болды. Бұған дейін ресми өлдіге саналғанымен, мәйіті сол күйі анықталмаған шекарашы Денис Рейдің денесі табылғаны жария болды.

Арқанкергенде адам танымастай өртеніп кеткен мүрделердің 14 адамға тиесілі екені сансыз сараптамадан соң белгілі болған. Бірақ үшеуінің нақты аты-жөндері анықталмап еді. Күлге айналған марқұмдардың денесін еліміздегі мамандар тыраштанып жүріп тани алмағасын шетелдіктер атсалысқан. Сараптама нәтижесі әлі жарияланбаған болатын. Бүгінгі отырыста судья сол жеке басы анықталмаған сарбаздың анасына оқыс сұрақ қойып, дереу жауабын сұрады.

- Что делать с останками идентифицированных тел в том числе которые установлено следственным путем принадлежит вашему сыну Рею Денису...Желаете захоранить?

- А что делать!

Ақпаратты құзырлы орындардың не үшін жасырып келгені беймәлім. Ойламаған жерден оқыс мәліметті естіген Татьяна Рей сот процесіне енді қатыспайтынын айтты. Сүйегі табылмағасын «балам әлі тірі шығар» деп жалған сенімнің жетегінде жүрген ананың үміті сот залында үзілді.

Татьяна Рей, марқұм Д. Рейдің анасы:

- Мен қазір ес-ақылымды жинай алар емеспін. Ауырып тұрмын,емделуге кетемін. Сот шешімін тыңдауға да келмеймін енді.

Аталмыш ақпараттар қанаттандырып жіберді ме, бұған дейін де судья тарапынан бірнеше ескерту алған адвокат Серік Сәрсенов сот залында айқайға басты. Прокурорларға бір шүйлікті, жәбірленушілерге және дүрсе қоя берді.

- Сидите молчите, а вы...??

- Адвокат Сарсенов, соблюдайте в конце концов уважения составу суда!

- Еще мне суд...

Челахпен бірге өткен күзде әскерге келген сарбаздар да куәгер ретінде шақырылған еді бүгінгі процеске. Солардың бірсыпырасы сот алдында жауап берді бүгін. Челах ашушаң әрі мақтаншақ деп қорытты олар сөздерін.

Константин Гусев, куәгер:

- Ол өзінің әскерден бұрынғы өмірін айтқанды ұнататын. Мақтанып жүретін көліктерін айтатын және өте ашуланшақ еді. Өзінің пікірін үнемі қалай болса да дәлелдеуге дайын тұратын.

Николай Косинов, куәгер:

- Маған басқа заставаға ауысқым келеді деген. Бірақ себебін ашып айтпады. Не мәселе екенін білмедім. Одан соң қазбалап сұрамадым.

Сондай-ақ осы Талдықорғанда Арқанкерген ісіне қатысты тағы бір сот ісі жүріп жатыр. Мұндағы айыпталушы орындығында Сарыбөктер шекара заставасының бастығы-Алексей Фомин. Ол Арқанкерген бекетімен байланыстың үзілгенін екі тәулік бойы қасақана жасырды деп айыпталуда. Оған қоса заңсыз қару-жарақ жасырды, өз қызметін асыра пайдаланды, ісіне салғырт қарады деген үш бап бойынша сот алдында жауап беріп жатыр. Алайда Фомин Арқанкергенді бақылау менің міндетіме кірмеген деп салды.

- Вы за Арканкерген не отвечаете?

- Не отвечаю. До меня такого указания не было. Я на него никогда не отвечал.

Алексей Фоминге қатысты қозғалған істе бүгін бірнеше куәгер сұралды. Ал Челахқа қатысты атышулы процесте сот залындағы адам қарасы күн санап кеміп барады. Айта кету керек, Владислав Челахтың өзінен жауап алатын күнде жақындап қалды. Осы аптада басты айыпталушы сот алдына келіп әлі келгенше ақталып көреді деп күтілуде.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін