Жарияланды: 390

«Арқанкергендегі» қырғынға қатысты сот ісі басталды

Арқанкерген шекара бекетіндегі қанды қырғынға қатысты сот процесі басталды. Талдықорғандағы мамандандырылған сот алдында 15 адамды өлтірді деп айыпталған Владислав Челах жауап беріп жатыр. Процесс ашық жүруде. Дегенмен қарағандылық сарбаз сот залын аттай салысымен тілшілердің шығарылуын талап етті. Сот ісіне қатысты адвокаттың да қарсылық талаптары жетерлік екен.

Дүйім елді дүрліктіріп жұрттың жағасын ұстатқан Арқанкерген оқиғасының ақ-қарасын айыруы тиіс сот отырысы бүгін басталды. Процесс Талдықорған қаласындағы мамандандырылған әскери сотта өтіп жатыр. Сот алдында жауап беріп жатқан 15 адамды өлтірді деп, бас-аяғы 9 бірдей бап бойынша айыпталған қарағандылық сарбаз Владислав Челах. Ал істің ақ-қарасын анықтап, соңғы нүктесін қою судья Ербол Ахметжановқа сеніп тапсырылған.

Мемлекеттік айыптаушыларды тәптіштеп түгендесе, олар Александр Кирьяк, Дастан Секенов және Кемел Шаяхмет. Ашық өтеді деп сауын айтылған сот отырысына тілшілер қауымы да қаумалап келген. Бірақ Владислав Челах ашуға мініп ащы дауыспен тілші біткенді көргім келмейді деп салды.

Сотқа қатысты қарсылық талаптары айыпталушының адвокатында да жетерлік екен. Серік Сәрсенов келе сала прокурорлардың бірін сот ісінен аластатуды сұрады. Әрі процесс Талдықорғанда емес, Алматыдағы әскери сотта қаралуын талап еткен болатын. Және істі қайта тергеуге жіберу керектігін айтты.

Серік Сәрсенов, В. Челахтың адвокаты:

- Істі қайта тергеу керек дедім, оны судья қабылдамады. Оған қоса Арқанкергеннің жанындағы Сары Бөктер шекара бекетінің командирі Фоминге қатысты процессуалдық шешім шығарылған жоқ. Оның қылмысқа қатысы бар ма, жоқ па ол жағы әлі ашық қалып отыр. Арқанкергендегі қанды қырғынды үш күн жасырған сол емес пе?

Алайда судья Челахтың өтінішін орындап, тілшілерді арнайы пресс-орталыққа шығарғанымен, қорғаушысының талаптарын қанағаттандырған жоқ. 56 томға жүк болған атышулы Арқанкерген ісінің 3 томы жұрт жанарынан жасырын екенін айта кетейік. Мемлекеттік құпия бар, шатақ шыққан шекараға қатысты. Дегенмен бүгін күдікті Владислав Челахтың жеке басы анықталып, жәбірленушілер мен айыптаушылар айтылды. Ал жәбірленушілердің барлығы бірдей бүгінгі сот отырысына үлгеріп келе алмады. Күдіктінің анасы болса бауыр еті баласы 15 адамды аяусыз қырып салды дегенге тіптен сенгісі жоқ.

Светлана Ващенко, В. Челахтың анасы:

- Менің ұлыма қазір бәрі ауыр тиіп жатыр. Бәлкім оған қысым көрсетіліп жатқан шығар. Әлі жас қой бәрін бірдей көтере алмайды қысымның.

Айыпталушының анасы балам сүттен ақ, судан таза дегенмен шейіт болған шекарашылардың туыстары екіге жарылды. Бірі Владислав Челахты жақтады, енді бірі даттады. Нағыз жазықтыларды жасырып отыр деп айғайға басқандар да бар.

Жәбірленушілер:

- Қазір прокуратура жақтап отыр. Біз алғызып тастамасақ сотты жабады да ананың мойнына арта салады. Жалғыз адам атып тастады, қырып тастады дегенге сенесіздер ме?

- Кінәлі адамды сот қарамай ма? Кінәлі деп ұстап отыр ғой Челахты. Басқа кім бар мұнда.

Сондай-ақ, балаларын тірісінде көрмеген, Арқанкергендегі қанды-қырғында да денесін таппаған ата-аналардың көңілдері күпті. Олар бүгін табылған балаларын із-түссіз жоғалғандар сапына қосуды сұраған. Бірақ ол тілектерін де қабыл алмады судья.

Оған қоса, бүгін Арқанкерген шекара заставасының атынан арнайы маман келді. Ол өртелген застава мен қолды болған қарулардың шығынын Владислав Челах өтеп беруі тиіс дейді. Келтірілген материалдық залал 7 миллион 900 мың теңгеге жуық екен. Сот отырысы барысында жиырмаға жуық куәгер сұралмақ. Әзірге атышулы Арқанкерген ісіне қатысты нүктенің қашан қойылары белгісіз.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін