Арқанкергенге қатысты сот отырысынан енді Челахтың адвокаты кетіп қалды
|
Владислав Челахқа қатысты сот отырысы енді Серік Сәрсеновсыз жалғасады. Айыпталушының адвокаты ауырып тұрмын деп, бүгінгі сот отырысынан кетіп қалды. Судья екі сағатқа үзіліс жариялағанда ол тіпті Алматыға тартып кеткен. Арқанкергендегі қырғынға қатысты айыпталған шекарашыны енді құпия құжаттарды қарауға берілген адвокат Серік Естияров қорғамақ. Айыпталушының өзі болса Сәрсеновтен өзгеге сенбеймін деп тулады, бірақ аяқасты Челахты екіарада тастап кеткен адвокат 2-3 күнде ғана Талдықорғанға қайта келуім мүмкін деп сәлем жолдапты.
Арқанкергендегі қырғынға басты айыпталушы Владислав Челах бүгін таң ала кеуінде тағы сот залына жеткізілді. Жауап берер тәулігің таяды, қатыс деген еді судья. Бірақ тентектігімен әйгілі Челах тағы да процеске қатыспаймын, алдымен куәгерлерді сұрап тауысып алғын деп салды.
- Дело подходит именно непосредственно к Вашему допросу.
- У меня нет желания участвовать.
- Не желаете давать показания в суде?
- Желаю, но только после исследования всех материалов, я же сказал еще вчера.
Қатыспаймын деген Челахты қала ғой деп қыстамады ешкім. Өзі нұқып көрсеткен куәгерлерден жауап алу жалғасты. Бүгінге дейін көрсетілген бейнежазабаларда Челахтың өзі деген қорытынды айтылған. Алайда сараптамаға сенбеген адвокат Сәрсенов басқа маманды шақыртқан болатын. Тіпті Арқанкергенде жарылыс болған деп еді. Бүгінгі отырысқа сол сарапшылар да келді.
Наталья Готовка, Алматы қаласы сот сараптама институтының бас сарапшысы:
- Арнайы сараптама жасадық. Ондағы сөздер мен дауыс Владислав Челахқа тиесілі екенін нақтылаймын. Оған ешқандай күмән жоқ.
Серік Қарсыбаев, Астана қаласы Орталық сот сараптама институтының бас сарапшысы:
- Егер де заставада жарылыс болса, адам денелері соншалықты күйіп кетпес еді. Және ғимарат түгі қалмай өртеніп кетпеген болар еді. Сондықтан сараптама нәтижесінде шекара бекеті әдейі өртелінгені және оттың 5 жерден қойылғаны белгілі болды.
Бүгінгі маңызды куәгерлердің тағы бірі - Алакөл аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары. Дәл осы азаматқа 5 маусымда Челах қылмысын мойындап, барлығын өз еркімен қағазға түсіріп берген.
Рүстем Бекбаев, Алакөл аудандық ІІБ бастығының орынбасары:
- Челахтан неге аудандық бөлімде бәрін мойындауды шештің, шекара отрядында айтпадың деп сұрадым. Ол алғашынды қорықтым, бірақ барлығын ойланып шештім деді. Өзін ешкім ұрып-соқпағанын айтты. Алайда 15 адамды өлтіргенімді жасырып жүре алмаймын деді.
Қашанғыдай судьяның қызметін іреп салған Сәрсенов төрағалық етушіні ауыстыруды осымен екінші рет сұрады. Бірақ ол талап-тілегі ескерілмеді. Қаракеті жеміс әкелмегесін бе, әйтеуір аяқасты адвокат басым ауырып балтырым сыздады, аурухана баруым керек деп процестен шығып кетті.
- Съезжу к врачам, проверю здоровье. Мне здоровье дороже, чем процесс.
Судья адвокат Сәрсеновке екі сағат уақыт берген еді. Қаралып келгін, жауабыңды бергін деп. Бірақ түстен кейін Серік Сәрсеновтың алды-артына қарамай Алматыға тартқаны белгілі болды. Жанындағы әріптесіне 2-3 күнде келемін деп сәлемдемесін жолдапты. Бірақ процесс Сәрсеновсыз жалғасты. Челахты сот залына алдыртып, қорғаушысының қылығын айтты судья.
- Я протестую продолжать суд без адвоката Сарсенова. Потому что он защищал меня в предварительном следствий, он защищал меня в суде. Адвокат Естияров незнаком с материалами дела так сильно.
- Все у вас?
- Все.
- Суд будет продолжен без Сарсенова.
Владислав Челах Сәрсеновтен басқа тірі жанға сенбеймін дегенімен түстен кейінгі сот процесінде айыпталушыны Естияров мырза қорғауға білек түре кірісті. Естеріңізде болса, ол істегі құпия 3 томмен танысуға шақыртылған адвокат еді. Оған қоса, бүгін Арқанкергендегі қанды қырғында қаза болған марқұм Талғат Сәрсенбаевтың анасы Челахтан моральдық шығын ретінде 10 млн теңге өндіріп беруді сұрады.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін