Арқаның аязы қызылжарлық қаңғыбастарды қыспаққа алуда - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Арқаның аязы қызылжарлық қаңғыбастарды қыспаққа алуда

Арқаның аязы қызылжарлық қаңғыбастарды қыспаққа алуда

Арқаның аязы Қызылжардың қаңғыбастарын қыспаққа алды. Күн аяқасты суытқалы олар қаладағы тұрақты мекені жоқ жандарды бейімдеу орталығына ағылып жатыр. Алайда 50 адамға ғана шақталған ғимаратқа кезбелердің барлығы сияр емес.

  • 7 Қараша 2012
  • 310
Фото - Caravan.kz

Родион Гогеннің көше кезіп жүргеніне 5 жылдан асыпты. Жаны ашыған адамдардың арқасында ғана осы күнге дейін аштан өлген жоқпын дейді. 90-шы жылдардың басында Тәжікстандағы азамат соғысы кезінде әйелі мен баласы қаза тауып, өзі Қазақстанға қашқан. Мұнда да тек жүрмей, ұрлық жасап, түрмеде отырып шығыпты. Содан бері бар өмірі жылыту құбырының үстінде өтіп келеді.

Родион Гоген:

— Түнде үсіп қаламын ба деп қорқып, атып тұрамын. Секіріп, секіріп денемді қыздырамын да қайта жатамын. Қорқынышты әрине. Кейде жастар ұрып кетеді.

Петропавл қалалық ішкі істер бөлімінде Родион сынды 560 жан тіркеуде тұр. Жаздыгүні әр теректің түбін туған үйіндей көретін қаңғыбастар, қыс түсе қалдағы жалғыз бейімдеу орталығын жағалайды. Петропавлдағы тұрақты мекені жоқ жандарды бейімдеу орталығы 50 адамға ғана шақталған. Ал қаладағы қаңғыбастардың саны бұдан он есе көп. Орталыққа сыймағандары қыс бойы құбыр жағалауға мәжбүр. Алайда арқаның қысында аяқ-қолын жиі үсітіп алатын олар өмірлерінің ақырғы күніне дейін мүгедек арбаға таңылады. Орталық мамандары кезбелердің құжаттарын реттеп, жұмысқа тұруға көмектеседі. Көбін қарттар мен мүгедектер үйіне орналастырады. Сонда да қысы-жазы мұнда орын босаған емес. Тығырықтан шығу үшін бөлмелерге екі қабатты кереуеттер де орнатылып, қолдан келгенше жағдайды жасалуда.


Айгүл Ахметова, бейімдеу орталығының директоры:

— Әкімдік бізге жаңа ғимарат қарастырып жатыр. Келесі жылы 100 орынға шақталған қосымша орталық ашылуы тиіс. Сонда ғана санитарлық талаптарды сақтай аламыз. Оған сай бір жанға 4 шаршы метр керек болса, біздің орталықта қазір бір адамға 1,8 шаршы метрден ғана келеді.

Алайда жаңа орталықтың алдағы жылы ашылуы неғайбыл. Өйткені шенділердің бұл құрғақ уәдесі жыл сайын қайталанып келеді. Ал орталықтан орын бұйырмаған Родион Гоген сынды кезбелерге биыл да пананы жылу құбырларынан іздеуден басқа амал жоқ.

Соңғы жаңалықтар