Фархад, Нұргүл, мен үшеуміз бірге өстік. Бір сыныпта оқыдық. Мектеп бітірген соң Нұргүл екеуміз универге түстік. Тек Фархадтың жолы болмады. Нұргүл – әдемі қыз. Екеуміздің ортамызда махаббат оты тұтанды. Бірақ оны ауылда жұмыс істеп жүрген Фархад білген жоқ. Оның да Нұргүлді жақсы көретінін білетінмін. Бірақ батып, Нұргүлге сезімін айта алмаған. Тек Нұргүлді керемет жақсы көретінін маған ғана айтатын. Алайда университет қабырғасында бірге жүрген соң менің жолым болды. Бір күні студенттік кештен бірге шыққан соң Нұргүлге сезімімді білдірдім.
Қыз қарсы болмады. Ол да мені іштей жақсы көретінін жеткізді. Жүріп жаттық. Бірақ Нұргүл екеуміздің жүргенімізді Фархад білген жоқ. Бірақ екінші ме, үшінші курсқа көшкенде Нұргүлге деген сүйіспеншілігім өзгерді. Оны тастап, басқа қызбен жүріп кеттім. Көп ұзамай Фархад пен Нұргүлдің жүріп жүргенін білдім. Тағы бірер жыл өткен соң екеуі үйленді.
Әр қызбен қыдырып жүрген мен ғана басым сопайып жалғыз қалдым. Оқу бітіргелі де біраз болды. Бұл уақытта ол екеуі жап-жақсы отбасы болып, бір шыр еткенді өмірге әкеліп үлгерген. Мен олармен алыстан араластым. Өйткені Нұргүл екеуміздің университет қабырғасында махаббат құрғанымызды Фархад біліп қоймасын деген ой еді.
Бірақ Фархад та, Нұргүл де мен бара қалсам, жылы қарсы алып, барын алдыма қойып, риза ететін. Фархад ештеңе сезбейтін сияқты. Тек Нұргүл маған бір түрлі көзбен ұрлана қарайды. Оның мені әлі де жақсы көретінін сеземін. Сөйтіп өмір өтіп жатқан.
Бірде Фархад әлдебір жұмыспен ауылға үш-төрт күнге кеткен екен. Нұргүл телефон шалып, «келіп кетші, әңгіме бар» деді. Кешкілік жұмыстан кейін соқтым. Ол тамақ пісіріп, дастархан жасап қойыпты. Ас үстінде «неге шақырдың?» дедім. Ол «жай, ішім пысты, әңгіме айтайық дегенім ғой», деді де қоя салды. Мен аздап ішуші едім. Оны Нұргүл білетін. «Іш, іш» деген соң, бір шөлмектің жартысын тауысып, дыңғырлап қалыппын. Бір уақытта әңгімеміз баяғы студенттік күндерге ауысты, екеуміздің бірге жүрген күндеріміз, сүйіскен сәттерді еске алдық. Арақтың буы ма, Нұргүлді құшақтап алғанымды білемін. Кішкентайы ұйықтап жатқан. Оны елеп жатқан біз жоқ. Нұргүл де қарсы емес.
«Сен менің алғашқы махаббатым едің ғой» деп, қойныма кіріп барады. Арақ буыныма түсіп кетсе керек. Одан ары не болғаны шала-пұла ғана есімде. «Жаным, мен сені әлі де жақсы көремін. Досың жоқ кезде кездесіп тұрайықшы», деп өзі шешініп, мені төсекке жетелегенін білемін…
Таңартең оянсам, қойнымда Нұргүл тыр жалаңаш жатыр.
«Фархадтың бетіне қалай қараймын», деп бетім дуылдап, асығыс киініп үйден шығып кетейін десем, оянып кеткен Нұргүл мойныма асылып, «досың бүгін ертең келмейді. Кешке келші тағы да», деп ыңыранды. Ешнәрседен қымсынып тұрған ол жоқ. «Сен мені арақ ішкізіп, әдейі құртың. Кет ары қаншық», деп итеріп тастап, үйден шыға жөнелдім.
Содан бері ол үйге баруды қойдым. «Бір нәрсеге ренжіп, өкпелеп жүрсің бе? Үйге келмей, араласпай кеттің ғой» деп, кейде Фархад телефон шалып, хабарласып қояды. Оған не деймін?
Достығымызға сына қаққан ана қатын ғой. Оған бәрібір секілді. Бірде күйеуінен ұрланып, маған телефон шалып тұр. «Досың бір жұмыспен басқа қалаға бірнеше күнге кетті. Келші үйге, өткендегі түнді сағынып жүрмін. Дәл солай бірге болайықшы», дегені. «Құры!» дедім, – сендей ұятсыз қатынның арқасында досымнан айрылдым. Бетім күйді. Кіммен жатсаң, онымен жат, тек маған жолама!», деп телефонды өшіре салдым. Одан кейін ол «сені ұмыта алмаймын» деп бірнеше рет смс жазды. Жауап қатпадым.
Не істеймін? Фархадқа бәрін айтсам ба екен? Әлде, түк болмағандай жүре берейін бе? Түбі Нұргүл екеуміздің ортамызда болған байланыс ашылып қалатын сияқты. Әлде жұмыстан шығып, басқа қалаға ауысып кетсем бе? Бір шешімге келе алмай жүрмін.
Аян Мырзабек