«Қаржы секторы дегеніміз — қызмет көрсету саласына жатады. Ал қаржылық институттар тек қара басының қамы үшін ғана емес, өз клиенттерінің сұранысын қанағаттандыру үшін жұмыс істеуі тиіс»,- деді мемлекет басшысы форумда.
Н.Назарбаев Орталық және Шығыс Еуропа мен ТМД елдерінің арасынан Қазақстан алғашқылардың бірі болып жаңа зейнетақы жүйесін құрғанын еске салды. «Жүйе кеңінен мойындалды, біздің тәжірибемізді көптеген елдердің өкілдері зерттеуде. Бүгінде жинақталған зейнетақы қаржысы 446 млрд. теңгеге жетті. Алайда, оны инвестиция ретінде жұмсау тетіктері аз болып отыр». «Сол себепті де зейнетақы қорлары шетел валютасы мен бағалы қағаздарды сатып алуға, банк депозиттерін ашуға арналатын шектеулер көлемін арттыруды өтініп отыр»,- деді Елбасы.
«Халықаралық тәжірибені жете зерттеген біз Чилиде жүзеге асырылған зейнетақы реформасын негіз етіп алдық. Чилидегі зейнетақы қорлары даму мақсатындағы инвестициялардың, бірінші кезекте қаржы рыногы арқылы ішкі экономиканы дамытуды көздейтін инвестициялардың қайнар көзіне айналғандығы алға тартылды. Сондай-ақ, экономикалық стратегия жобасын жасау барысында біз тек шетелдік инвесторға ғана емес, сонымен бірге ішкі мүмкіндіктерге де сенім арттық»,- деді Н.Назарбаев. Ол осы орайда бұл саладағы стратегия зейнетақы жинақтау жүйесін құруға, ауыспалы кезеңдегі қаржыландыруды ірі және орта кәсіпорындардың мемлекеттік акциялары қоржынын сатудан түскен кіріс есебінен жүзеге асыруға, зейнетақы активтерінің бір бөлігін осындай акцияларды сатып алуға жұмсауға бағытталғанын атап өтті.
«Бұл тұжырымдама толыққанды жүзеге асырылған жоқ, акциялар рыногы күні бүгінге дейін жұмыс істей алмай отыр, зейнетақы қорларының шағым айтатын жөні бар»,- деді Елбасы. «Бұл мәселені шешу туралы үкіметке бірнеше мәрте тапсырма берілді. Шегінетін жер жоқ, бұл жерде батыл қадамдар ғана қажет»,- деді Н.Назарбаев.
Елбасының пайымдауынша, бүгінде Қазақстанға «белсенді жұмыс істейтін қаржы рыногы ауадай қажет болғандықтан, нобайды логикалық тұрғыда аяқтау қажет. Әсіресе елімізді индустриялық-инновациялық дамыту — экономикалық басымдыққа айналған қазіргі таңда мұның маңызы зор»,- деді ол.