Арулар асыл жандар. 8 наурыз әйелдер күніне арналған құттықтау-тілектер - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+20 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
 Арулар асыл жандар. 8 наурыз әйелдер күніне арналған құттықтау-тілектер

Арулар асыл жандар. 8 наурыз әйелдер күніне арналған құттықтау-тілектер

Ана - бақыт, ана - өмір, ана - гүл. Әлем болып тойлайтын Халықаралық мерекеде барша әйелдер қауымын жүрекжарды тілектерімізбен, әуелі әндерімізбен құттықтаймыз!

  • 1 Наурыз
  • 65893
Фото - Caravan.kz

Осыған орай Сaravan.kz медиа-порталы Әйелдер қауымына арналған айтулы мерекемен құттықтай отырып, бірқатар құттықтаулар мен өлеңдер топтамасын назарларыңызға ұсынады. 

Жақсы әйел ер жігітке береді екпін!
Келіп тұр сені құрбым, елеп өткім.
Ұл туып,
Қыз өсіріп,
Ене күткен,
Сен алтын кеней сынды кереметсің!

Оны жұрт білмесе де мен білемін,
Былғансын жаялыққа жең-білегің!
Бесікте бақыт-балаң жатсын құрбым,
Төрт бөліп түн ұйқыңды елжірегін.

Осылай үлкен боп берік тұрғын,
Би етіп жан-жарыңды еліктіргін.
Жан құрбым, бір сен үшін жер түбінен,
Бір ауыз тілек үшін келіп тұрмын…

 

 

* Көгілдір көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз әйелдер күнімен құттықтаймын. Осынау жарқын мереке күні мәңгілік жастық алауын, адал махаббат жылуын, шынайы сүйіспеншілік шуағын тілеймін. Жанарың әрдайым нұр шашып, жүзің күндей күлімдеп, жүрегің көктемдей жайнасын.

 

*  Арулар күніне арналған жылы лебізімді қабыл ал. Ажарына ақылы сай, нәзік те биязы, көрікті де келбетті қазақ қыздарының жан сұлулығын тілеймін. Жанарың әрдайым нұр шашып, жүзің күндей күлімдеп, көңілің көктемдей көрікті болсын!

 

* Құрметті кыз-келіншектер! Сіздерді бүгінгі төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтап, денсаулық, сұлулық, бақыт, қуаныш тілеймін! Әрқашан мына өмірге сән беріп, жылу таратып, мейірім төгіп, шуақ шашып тұрғандарыңыз үшін сіздер қашанда өздеріңіздің сыйлы, сүйікті, қадірлі екендеріңізді, сіздерсіз мына дүние бос екенін ұмытпаңыздар!

 

 

"Әже туралы ән"                                                 Қадыр Мырзалиев

Асыл әжем, ғасыр әжем аңсаған,

Сағынышым — сары ормандай самсаған.

Әке болып жүргенімді ұмытып,

Әлі күнге еркелеймін мен саған.

Құлындаймын асыр салған аңғарда,

Қозыңдаймын ойнақтаған албарда.

Өзің барда қысылмаймын күлуге,

Жылауға да қысылмаймын сен барда.

Мен өзіңнен қабылдаппын сүюді,

Мен өзіңнен қабылдаппын күюді.

Сенің жаның жүрегіме ораулы,

Менің жаным жаулығыңа түюлі.

Тұра тұршы түзелгенше бұзығың,

Жүре тұршы жалғанғанда үзігің.

Маған дәулет неге керек, ақ әже-ау,

Өзің бірге көре алмасаң қызығын?!

 

 

"Ана туралы жыр"                                                               Ғафу Қайырбеков

Әлемнің жарығын,

Сыйладың сен маған.

Даланың әр гүлін,

Жинадың сен маған.

Сен берген құстардың

Қанатын самғаған

Балалық құштарым

Өзіңе арналған.

Әлдилеп, аялап,

Өсірген жемісің.

Самал жел, сая бақ,

Құшағың мен үшін.

Есейіп кетсем де,

Мен саған сәбимін.

Көңіліңді көктемдей,

Көзіңнен танимын.

Өтеуге борышын

Анашым, жан сырым.

Іздедім сен үшін,

Әлемнің асылын.

Әлемнің байлығын,

Сыйлар ем, кеш мені.

Сыйлар ем ай- күнін,

Қолыма түспеді.

Ете гөр қанағат,

Әзірге берерім.

Балалық махаббат

Балалық жүрегім.

Бол риза, анашым,

Қолдағы осы бар.

Өзіңе арнаған

Әнімді қосып ал.

 

«Ана»                                       Қадыр Мырзалиев

Бәрі де, Ана,
Бір өзіңнен басталды.
Сен деп жаздым алғаш өлең дастанды.
Қуандым ба,
Өзің бар деп қуандым.
Жыладым ба,
Өзің жоқ деп жас тамды.
Бәрі де, Ана,
Бір өзіңнен басталды.
Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды.
Еркелесем, бір өзіңе еркелеп,
Жасқандым ба,
Тек өзіңнен жасқандым.
Алғашқы дәм, ол да сендік сүт еді,
Ақ сүт берген қашанда үміт күтеді,
Отанымның өзі сенен басталып.
Жауларыма жеткен жерден бітеді.

 

 

  «Ана»                                                     Тұманбай Молдағалиев

Құлайын деп бара жатам құлдырап,

Көңілім жүдеп, көзім алды бұлдырап,
Сол кезде бір ән естимін жақыннан,
Аққан бұлақ секілденген сылдырап.

Есім жиып, өз бойымды тік ұстап,
Тіршіліктің әуенімен тыныстап,
Сергимін де, сезім гүлін құлпыртам,
Кел дегендей болады бір күміс бақ..

Сөндім-ау деп, өлдім-ау деп ышқынып,
Қалған кезде бойымдағы күш бұғып,
Сөнбейсің деп дауыстайды анашым,
Мен орнымнан жығыламын үш тұрып.

Ойнап шығам содан кейін құрақтай,
Жарқылдаймын жүрегімді жылатпай,
Мүмкін, мүмкін ана махаббаты шығар бұл,
Мені сүйеп келе жатқан құлатпай.

 

 

“Ана”                                                       Мағжан Жұмабаев

Үйдің іші ұйқыда,
Түн ортасы шамасы.
Көзін алмай бесіктен,
Бөбек жатыр албырап.
Бесікте бөбек ауру,
Тербетіп отыр анасы.
Үнсіз, меңіреу ұзын түн,
Жел азынап тұр есіктен.
Шөкиіп ана отыр,
Жүрегіне біреу біз
Сұғып алып кеткендей.
Үнсіз, меңіреу ұзын түн
Шөккен қара бір нардай.
Сарғайып, ана сарылып,
Демігіп, қызып, қысылып,
Ауық-ауық, селк етед,
Әлденеден шошьшып.
Селк етсе бөбек, ананың
Өзіне ажал жеткендей.
Шөкиіп отыр дем алмай…
Таң алдында қара бұлт
Күңіреніп көкті жабады.
Бөбегінің бетіне
Ананың жасы тамады.

 
 

«Әйелдер-ай!»

Мұқағали Мақатаев

Әйелдер-ай!

Әйелдер-ай!

Қандайсың?!

Әдемі боп кетіпсің ғой әрқайсың.

Біреу жеріп тұрса-дағы қалмайсың,

Біреу сүйіп тұрса-дағы бармайсың.

Әйелдер-ай!

Әйелдер-ай, қандайсың?!

Әйелдер-ай!

Әйәйлар-ай, қулар-ай,

Жанарлардың жауын алып тұрғаны-ай!

Біле тұра бүйректерің бүлк етіп,

Кетесіңдер тыңдай тұра, тыңдамай.

Әйелдер-ай!

Әйәйлар-ай, қулар-ай!

…Әйелдерді еркектерден көп дейді.

Ойбай,

Ойбай!..

Бола берсін көп, мейлі!

Әйел деген әдемі ғой, әдемі,

Әдемілік бізге көптік етпейді…

 
 

«Әйел»

Жүрсін ЕРМАН

Қай жерде, мейлі, қай елде,

Әлемнің мәні — әйелде.

Мықтымын десең ойыңды,

Әйелге барып дәлелде.

Әйелсіз айтпан әнді мен,

Әйелмен дәмді әңгімем.

Сүйкімді болсаң шынымен,

Әйелің сүйсін алдымен.

Әйелге мәлім көп сырың,

Сүрінсең — әйел деп сүрін.

Халыққа сыйлы болмайсың,

Әйелге болсаң жексұрын.

Әйелсіз қонды бақ қашан,

Әйел деп түстік отқа сан.

Әлемнің тілін таппайсың,

Әйелдің тілін таппасаң!

Ананың сорып емшегін,

Басылған талай келсегің.

Бәдік боп өмір кешесің,

Бермесе әйел женьшенін.

Болмасын әйел назалы,

Болмасын әйел жазалы.

Кеудесін қаққан талайдың,

Әйелден болған ажалы!

Әйелден ыстық от бар ма?

Әйел деп түстік көкпарға.

Қарғағың келсе біреуді,

Әйелің өлсін деп қарға.

Әйелмен құның өлшенер,

Құдайдан кейін сол — шебер.

Бақытты сен де болмайсың,

Әйелің сорлы болса егер.

Сырыңды соған ашасың,

Шөліңді содан басасың.

Адамның күні — Әйелмен,

Әйелдер мәңгі жасасын!

 

 

«Арулар»                                         Мұқағали Мақатаев

Арулар — асыл жандар!
Шуақ боп шашылғандар,
Қуат боп тасынғандар,
Құшақ боп ашылғандар,
Арулар — асыл жандар!
Арулар — асыл жарлар!
Арулар — әрбір үйдің шаңырағы,
Әрбір үйге от болып жағылады.
Әрбір үйде таң болып атты-дағы,
Әрбір үйге сәуле боп жамырады.
Жимайды-ау бір шашылған шуақтарын,
Саясына келеді-ау, шуақтағың.
Жамандыққа қиярсың қалай ғана,
Жайнаған бір-бір үйдің шырақтарын.
Арулар — асыл жарлар, сағыныштар,
Өтініштер, құшақтар, жалыныштар…
Жек көрсе олар жүрегін мұз жасайды,
Жақсы көрсе балқытып, жанына ұстар.
Арулар — аяулылар, ардақтылар,
Өмірдің жылуы боп қалмақ бұлар.
Арулар — тіршілікке күре тамыр,
Өмірді бір-біріне жалғап тұрар.

 

Соңғы жаңалықтар