Қазіргі уақытта 13 ересек пен 2 бала жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Соңғы екі күн ішінде 165 адам дәрігерлерге денсаулығына шағымданып, олардың 74-і ауруханаға жатқызылған. Зардап шеккендердің кейбірі аудандық ауруханалараға, ал жағдайы ауырлары Шымкентке жеткізіліпті.
Қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде 15 адам жатыр. Олардың 13-і ересек болса, екеуі – бала.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пациенттердің барлығы облыста қалатынын, оларды республикалық орталықтарға жеткізудің қажеті жоқ екенін айтты. Еліміздің бас дәрігерінің сөзінше, оларға хирургтер, нейрохирургтер, комбустиологтар мен басқа да мамандар жетіпті.
Министрдің айтуынша, дәрігерлерде алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажетті құралдардың бәрі бар.
Сонымен қатар ол республика бойынша жедел жәрдемде жұмыс істейтін дәрігерлердің барлығы кез келген уақытта Түркістан облысына көмекке келуге дайын екенін атап өтті. Алайда мұндай қажеттілік жоқ, дейді.
Еске сала кетсек, 24 маусымда Арыс қаласында жарылыс болғанын хабарлаған едік. Оқиғаға қатысты Қорғаныс министрлігі пікір білдіріп, мән-жайды түсіндірді.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірде төтенше жағдай жариялады. Қала тұрғындары толықтай эвакуацияланды.