Жарияланды: 540

"Асар" партиясы қоғамның шынайы қолдауына ие болды - Д.Назарбаева

"Асар" партиясы қоғамның шынайы қолдауына ие болды. Бүгін, 22-желтоқсанда Алматыда өткен журналистермен кездесуде республикалық партияның төрайымы Дариға Назарбаева осындай мәлімдеме жасады.

Д.Назарбаеваның айтуынша, осы бірнеше айдың ішінде 167 мың адамнан "Асар" партиясына мүшелікке өту туралы өтініш келіп түскен. "Қазіргі жағдаймен біз 139 мың өтініштің шынайылығын тексеріп біттік, бірақ тіркеуге 77 мың адамның тізімін бердік". Қол жинауда әкімшілік ресурстар қолданылды ма деген сауалға жауап берген төрайым, ондай жағдайда "Асар" идеясының өзі құндылығын жояр еді деді. "Қол жинауда әкімшілік ресурстарды пайдаланбау принципіне бағындық ",- деді ол. "Ал қазір бұл туралы жазылып жатса, ондай дүниелердің барлығы да партия идеясының абыройын түсіру үшін жасалған",- деді Д.Назарбаева. "Асар" төрайымының атап көрсетуінше, партияға мүшелікке өткендердің арасында саяси және экономикалық белсенді адамдар, соның ішінде жастар, бизнесмендер мен зейнеткерлер бар. Біз қиын сынақтан өттік, алда бізді бұдан да күрделі сындар күтіп тұр деді Д.Назарбаева. Алдағы уақытта партия әлеуметтік жобаларды жүзеге асырумен айналысады. Атап айтсақ, еліміздің барлық аймағында қоғамдық қабылдау орындары құрылуда. Бұл жоба "Халық бақылауы" деген атауға ие болды. Азаматтар бұл орталықтарға келіп, өз тауқыметтерін ортаға салып , проблемаларын шеше алады, немесе арыз-өтініштерін білдіруге мүмкіндігі бар. Партия төрайымының айтуынша, "Асар" партиясы - билікке жету үшін құрылған партия емес, ол - қоғамдық партия деді Д.Назарбаева. Партияның бірінші сьезі 2004-жылдың 31-қаңтарында өтеді. Бұдан кейін "Асар" басшылығы еліміз аймақтарында кездесулер ұйымдастырмақ ниетте.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін