Фракция жетекшісінің айтуынша, «Кодекс жерді жеке меншікке беру үшін, ауылшаруашылығының дамуы үшін, жердің тиімді пайдаланылуы үшін қабылданған». «Бірақ осы орайда жер пайдаланушылардың құқығы өзгеріп, ауыл тұрғындары өз иелігіндегі жер пайын жалға бере алмай қалды»,- деді Р.Ахметов. Жерге деген құқықты сақтап қалу үшін Кодекс үш түрлі жол ұсынып отыр, біріншіден, жер учаскесін жеке меншікке сатып алуға, екіншіден, жеке шаруа қожалығын құруға, немесе, сол үшін пай иемденуші басқа жер қожайынымен бірігуге, үшіншіден, пайды жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның жарғылық қорына үлес ретінде қосуға болады, деді сенатор. Кодекс талабы бойынша бұл істі «2005-жылдың 1-қаңтарына дейін атқарып үлгеру керек».
«Асар» партиясы мүшелерінің пікірінше, Жер кодексінің талаптарын дер кезінде орындау өте күрделі. «Өйткені, жер учаскесін шартты жер үлесі ретінде бөліп алу — ұзаққа созылатын әрі өте қымбат процесс. Оны 2005-жылдың 1-қаңтарына дейін аяқтау мүмкін емес».
Парламент сенатының депутаты, «Асар» партиясы фракциясының мүшесі Светлана Жалмағамбетованың мәліметіне сүйенсек, жерді жеке меншікке сатып ала алмайтындардың ұзын саны 1 млн. адамға жетіп жығылады. Бұл — еңбекке қабілетті ауыл тұрғындарының 30 проценттен астамын құрайды.
Депутаттардың уәжіне сенсек, сайлаушылармен өткізген кездесулер көрсетіп бергеніндей, «жерді сатып алу мерзімі ұзартылмаған жағдайда адамдар құралақан қалады».
Осыған байланысты «Асар» партиясының пайымдауынша, «жер пайларының иелеріне өз құқығын қорғауға және оны жаңа Жер кодексіне сәйкес сату жолдарын таңдап алуға көбірек уақыт бөлген дұрыс»,- деді Р.Ахметов.
Партия мүшелері «Асар» партиясының бастамасын қолдауды талап етіп парламент мәжілісінің депутаттарына мәлімдеме арнады. Сондай-ақ, «жаңадан шақырылатын мәжілістегі «Асар» партиясының депутаттарына шартты жер үлесін иемденушілердің құқығын заңдық тұрғыда нығайтуды сеніп тапсырамыз»,- делінген мәлімдемеде.