Германияның ірі телеарналары мен басылымдарының өкілдері парламенттің төменгі палатасына депутаттар сайлау мәселесіне қызығушылық танытты. Сондай-ақ, «Асар» партиясының сайлау алдындағы бағдарламасы, әйелдердің сайлауға қатысуы, сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу әдістемелері талқыланды.
«Асар» партиясы төрайымының орынбасары Раушан Сәрсенбаева саяси бірлестіктің іс-қызметі туралы кең көлемде әңгімелеп берді. Ол партия іс-қызметінің басымдық берілген бағыты — әлеуметтік тауқыметтерді шешу екенін атап өтті. Р.Сәрсенбаеваның атап көрсетуінше, «алғаш құрылғаннан бергі 9 айда «Асар» партиясы өз айналасына 230 мың адамды топтастыра білді». Ол сондай-ақ, ел көлемінде «Елге тілек , жұртқа ниет» атты ауқымды шара ұйымдастырылып, соның нәтижесінде қазақстандықтардың қалау-тілегі негізінде «Асар» партиясының халықтық бағдарламасы әзірленгенін айтты.
Кездесу барысында биылғы мәжіліс депутаттарының сайлауына елімізге танымал көптеген журналистердің аты ұсынылғаны хабарланды. Олардың арасында «Асар» партиясының мүшелері де бар. Атап айтсақ, «КТК» телеарнасының жүргізушілері Артур Платонов пен Оксана Василенко, Қазақстан журналистері конгрессінің мүшесі Айдар Жұмабаев т.б. Олар өз округтеріндегі сайлау алдындағы науқан туралы әңгімелеп, Германиялық әріптестерінің сауалдарына жауап берді.