Бұл туралы Дариға Назарбаева бүгін, 29-наурызда ұлттық комиссияның үшінші отырысы барысында мәлімдеді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.
«Мен бұл заң жобасының тағдырына көз қырын салуды Ұлттық комиссиядан өтінгім келеді. Ұлттық комиссия мүшелері жаппай заң жобасын өз қолдарына алып, ұсыныстар енгізуін сұраймын»,- деді Д.Назарбаева.
Оның пікірінше, заң жобасындағы көптеген ережелер «шикі әрі жан-жақты дәйектелмеген».
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 28-наурызда өткен парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдады.
Заң жобасына сәйкес қазіргі қолданыстағы заңға сайлау комиссияларын жасақтауға байланысты түзетулер енгізу ұсынылып отыр. Мәселен, сайлау мерзімі жарияланған мерзім мен дауыс беру қорытындысы шығарылатын уақыт аралығында сайлау комиссиясының құрамын өзгерту туралы шешімді жоғарғы сатылы сайлау комиссиясы қабылдайды. Сонымен бірге жазасын толық өтемеген немесе заңда көрсетілген тәртіп бойынша сот айыбынан құтылмаған тұлға мен сот арқылы іс-әрекетке қабілетсіз немесе жартылай қабілетті деп танылған тұлғалар сайлау комиссиясының мүшесі болуға тиіс емес.
Сондай-ақ, түзетулер арқылы сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары аяқталған сәттен бастап сайлау қорытындысы ресми түрде жарияланғанға дейін партиялық тізімге енген саяси партиялар мен үміткерлердің митинг, шеру, демонстрация немесе басқа да ереуіл түрлерін ұйымдастыруына тыйым салынады.
Тыйым сайлауға қатысушы үміткерлер мен саяси партияларға ғана қатысты, тыйымның басқа барлық азаматтарға қатысы жоқ.
Үміткерлердің сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын үміткерлер жаппай тіркеліп біткеннен кейін бастау ұсынылған.
Заңға енгізілетін толықтырулардың көмегімен үміткерлердің сенімді өкілдерінің саны регламенттеледі. Мәселен, тиісті сайлау округіндегі әрбір сайлау учаскесінде бір-бір сенімді тұлғадан тағайындау ұсынылып отыр. Сенат депутаттығынан үміткерлердің сенімді өкілдерінің саны тиісті округтегі мәслихаттар санынан артуға тиіс емес.
Сонымен бірге заңда дауыс санын қайта санау мерзімін белгілеу ұсынылып отыр. Бұл толықтыруға сәйкес, дауыс саны сайлау қорытындысы ресми түрде жарияланғанға дейін қайтадан саналуы тиіс.