Ашхабадта ТМД саммиті ашылды
Ашхабадта сәрсенбіде ТМД мемлекет басшыларының Кеңесі жұмысын бастады. |
Алдымен мемлекет және үкімет басшылары тар ауқымда кездеспек, сосын отырыс делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғаспақ.
Саммиттің соңында бірқатар бірлескен құжаттарға қол қою көзделген.
РФ президентінің көмекшісі Юрий Ушаков саммит алдында журналистерге күн тәртібіне 20-дан аса мәселе енгізілген, деп айтқан болатын. Алдағы келіссөздерде басты тақырып экономика саласындағы ынтымақтастық мәселесі болмақ. 2011 жылдың нәтижелері бойынша ТМД мемлекеттері арасында тауар айналымы 281 млрд доллардан асты, бұл 2010 жылмен салыстырғанда 36% артық.
Сондай-ақ мемлекет басшыларының Кеңесі ТМД-да 2013 жылды Экологиялық мәдениет және қоршаған ортаны қорғау жылы ретінде жария ету туралы шешім қабылдайды деп күтілуде.
"Интерфакске" мәлім болғандай, Ашхабадтағы саммитте Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев болмайды, ол елден делегацияға республиканың бірінші вице-премьері Джоомарт Оторбаев жетекшілік етпек.
"Интерфакске" Қырғызстанның дипломатиялық топтарындағы дереккөздің хабарлауынша, 25-қарашадағы жергілікті сайлаудан соң елде шиеленіскен ішкі саяси жағдай ел басшысының елде болуын керек етіп отыр
Алдында Қырғызстан сарапшылары А.Атамбаев Ашхабадқа ТМД саммитіне бармауы ықтимал, өйткені ол ұйымдағы төрағалық Белоруссияға өтпек, деп айтқан. Сарапшылар атап өткендей, бұл республика Қырғызстанға экс-президент Құрманбек Бакиевті және оның інісін Жәнібек Бакиевті ұстап беруден бас тартқан.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін