Әйгілі жазушының соңғы жылдары түрлі басылымдарға берген сұхбаттарында не айтқанын Caravan.kz медиа порталының тілшісі анықтап көрді.
«Әсіре діншілдікті қазақ ешқашан қолдаған жоқ»
Мұхтар Мағауиннің Жанар Байсемізовға берген соңғы сұхбатында дін мәселесіне ерекше тоқталған. Ол намаз оқымайтынын, ораза ұстамайтынын бірақ өзін мұсылман санайтынын айтты.
«Дін деген жүректе болу керек. Мен намаз оқымаймын, Абай атам да намаз оқымаған. Ол жүрегіңде болса болды. Әйелдердің қазір хиджаб кигені ұлттың қасіреті, қайшы нәрсе. Қажыға да бармадым, намаз оқымаймын. Ол мақтану емес, шын ақиқат. Ораза ұстамаймын. Әйелім де, балаларым да ораза ұстап жатады. Менің сүндет уәжітім қағаз бетінде. Бір ай ораза ұстайтын болсам, бір ай жазудан қалдым деген сөз. Аш отырып жаза алмайсың. Мен өзімді мұсылманмын деп санаймын, сонымен қатар бұрынғы тәңірді де сыртқа шығармаймын. Ата-бабамыз сонымен келді. Әруаққа сену — ол Исламға қайшы емес. Әруақ жоқ болса, қазақ та жоқ. Әруақ деген қазақтың рухы. Ата-баба рухына сену. Дін халықтың өміріндегі ең басты мәселе емес. Қазір көріп отырмыз. Мұсылманшылдық келді деп қуанып едік, ол зиянға шықты. Қазақтың барлық барлық руханиятын теріске шығарады. Жетісін, қырқын бермеу керек деген не деген сұмдық? Дін деген апиын. Апиын аз ғана болса пайда, ал көп болса есірткі. Дін де сол сияқты. Әсіресе діншілдікті қазақ ешқашан қолдаған жоқ».
«Жазушылар мені мазақ қылды»
Сұхбат кезінде жазушы өзінің әріптестері, жазушылар оны мазақ еткенін айтып өтті.
«31 жасымда жазған «Көк мұнар» деген романым болды. Оған дейін жақсы нәрселер жаздым. Бұл классикалық роман. Сыншылардың ешқайсысы оны қабылдамады. Әдебиетшілер, жазушылар мазақ қылды. «Осындай да бола ме екен?» деп. Бір досым мені табалап «есектің құйрығын жуып, ақша тапқан жақсы ғой», — деп табалады. Ол классикалық шығарма, оның ішінде көп нәрсе бар. Соны енді 50 жыл өткеннен кейін енді ғана бағалап жатыр. 1982 жылы 57 мың тиражбен шықты. Бір аптаның ішінде талап әкетті. Оқушылар өте қызығып оқыды. Менің кітаптарымның ішінде ең табысқа жеткені осы. Ол кезде оқушылардың санасы, жазушылардың санасынан жоғары болды».
Мұхтар Мағауин елден неге кетті?
Марқұм жазушы сұхбат барысында елден неге кеткенін де айтып берді. Бұл туралы «Халық үні» басылымы тілшісі Ая Өміртайға берген сұхбатында да айтқан.
«Кетпеске болмады. «Жұлдыз» деген журналда отырдым. Ол журналға Олжас Сүлейменовтың қолдауымен өтіп едім. 1988 жылы отырдым. Мені көбісі ұнатпады, өйткені ұлттық мәселені көтердік. Совет үкіметі құлағаннан кейін мені жаман жек көретін болды. Жұмыс жасатпайды, бірақ мен ешкімді тыңдаған жоқпын. Біздің қызметкерлер жұмысқа түскі 1-де келеді. Жазушылар одағына есептелеміз ғой. Бір күні жазушылар одағының басшысы телефон соқты. «Жұмыс уақытында келмейсіз екен деп айтып жатыр» деді. «Мәскеуде журналдарда қалай жасайтындарын білесің, түстен кейін келеді. 5 күн бойы келмейді, 1-2 ақ күн келеді. Қазақ неге олай болмауымыз керек?» — дедім. Ұлт мәселелерін көтеріп жаттық. Жүйелі науқан басталды. Апта сайына мені жамандаған мақала басылады. Бір күні 5-6 газетке қатарынан шыққан кездер болды. Оның ешқайсысын елемедік. Сосын ақыры 2006 жылы қараша айында мені журналдан кетірді. Өзім де дайындалып отырғанмын. Портфельімді алдым да, жүре бердім. Журналды қимай жүргенмін. Балам шақырып жүрген, ол кезде ол Прагада «Азаттық радиосында» істейтін. Қимайтын не бар? Шетелге келіп, 6 күн бойы демалдым. 7-ші күні әңгіме жазып отырдым» — деді жазушы.
Мұхтар Мағауиннің соңғы тілегі
Журналист Жанар Байсеміз сұхбаттың соңын әйгілі жазушының соңғы тілегімен аяқтады.
«Ең бастысы еліміз аман болсын. Заман тыныш болсын. Бала-шаға аман есен өсіп, жетіле берсін. Азаматтардың еңсесі басылмасын. Қазақ халқының саны көбейе берсін. Қазақтың саны 50 миллионға жетсін. Шыңғысхан заманынан бергі, Алтын орда заманына бергі өзінің тарихи орнын алып, кейінгі ұрпағымыздың кеудесі жоғары болсын. Басқа тілек жоқ», — деді Мұхтар Мағауин.
Естеріңізге салсақ, әйгілі жазушы осы жылы 9 қаңтарда 84 жас шағында өмірден өткен еді. Америка құрама шттатарының Мэриленд штатында өмірден өтіп, сол жерде жерленді.