Астанада әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналары митиңге шықты. Олар әскерде реформа жүргізуді және ұлдарының өліміне қатысты әділ тергеу жүргізуді талап еткен еді. Кейін оларды полиция ұстап алып кеткені анықталды. Бұл жағдайға қоғам бейжай қарамай, қызу талқыланып жатыр. Мемлекет басшысының өзі араласуға тура келді. Сaravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады.
Байқоңыр аудандық ішкі істер бөліміне жеткізілген аналар әскердегі өлім-жітімге қарсы наразылыққа шыққан. Журналист Рауль Упоровтың сөзінше, митиң кезінде әйелдердің бірі есінен танып қалған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері келіп, аналарға фото-видео түсіруге тыйым салған. Кездесуге журналистерді кіргізбеген.
«Баланы әскерге барып өлсін деп туған жоқпын. Реформа талап етеміз!», — деп жазылған олардың үстіндегі киімде.

Журналист Лұқпан Ахмедьяровтың сөзінше, реформалау талаптарының ішінде келісімшарттық әскери қызметке көшу, әскерге шақыру жасын 25-ке дейін көтеру, бөлімшелерде алкоголь мен есірткіні қатаң бақылау, сарбаздардың өлімін тергеуді бақылау үшін ата-аналардың қоғамдық тобын құру талаптары болған.


БАҚ пен әлеуметтік желілерде бұл жағдай кеңінен талқыланғаннан кейін, акция қатысушыларымен Қорғаныс министрінің орынбасары Серік Борамбаев кездесті. Әңгімеге сондай-ақ Тәрбиелік және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы Тілеухан Басхожаев, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов және басқа да күштік құрылымдардың өкілдері қатысты.
«Біз әрбір жағдайдың артында адамдардың тағдыры мен өмірі тұрғанын түсінеміз. Әрбір әскери қызметшінің қазасы – біз үшін үлкен қайғы. Қорғаныс министрлігі мен өзге де күштік құрылымдар мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін барлық шараларды қабылдап жатыр. Біз моральдық-психологиялық ахуалға бақылауды күшейтіп, командирлерді оқытып, жаңа профилактикалық әдістер енгізудеміз және әскери психологтар институтын нығайтамыз. Әр командирдің жауапкершілігі бұрынғыдан әлдеқайда жоғары, – деді Серік Борамбаев.
Қорғаныс министрлігінің өкілдері армияда «Өмірді қорға» және «Заң мен тәртіп» бағдарламалары енгізіліп жатқанын хабарлады. Бұдан бөлек, жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйе дабыл белгілерін дер кезінде байқап, қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді. Казармалар мен қызметтік үй-жайларда бейнекамералар орнатылған, ал әскерилердің отбасы мүшелері «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі арқылы аптасына бір рет видеобайланыс орната алады.
Аталмыш жағдай әлеуметтік желіде кеңінен таралып жатыр. Осы ретте мемлекет басшысының араласуына тура келді. Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокурорға он екі күннің ішінде қаза тапқан әскери қызметшілердің аналарының өтініштерін қарауды, тергеу мен істерді қарау кезінде заңдылықтың сақталуын бағалауды тапсырды.
Айта кетейік, мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев 2024 жылы келтірген деректерге сай, соңғы бірнеше жылда әскерде 270 сарбаз қаза тапқан. Олардың 86-сы өз-өзіне қол жұмсаған, тағы 20-сы суицид жасауға әрекеттенген.
