Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Запасқа шығарылған 300-ге жуық сарбаздың 41-і ЖОО-да тегін оқуға мүмкіндік алды. Олар «Сарбаз 2.0» бағдарламасы негізінде іріктелген. Яғни тәртібі мен әскери қызметті үздік орындап, көзге түскен сарбаздар мүмкіндікке ие болып отыр.
Мерзімді әскери қызметтің абырой, мәртебесін көтеру барысында Президенттің тапсырмасымен 2023 жылдан бастап «Сарбаз 2.0» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бұл бағдарлама арқылы сарбаздар әскери қызметін өтегеннен кейін ЖОО-да тегін оқиды. Бағдарламаның алғашқы 2 жылында сертификаттар тек тегін оқу барысын қарастырған. Енді биылдан бастап жатақхана мен шәкіртақы бар. Осы уақытқа дейін Мемлекеттік күзет қызметінің 116 сарбазы сертифакатқа ие болды. Олар арнайы емтихандар тапсырды. Бұл жұмыстардың барлығын еліміздегі күштік құрылымдар бірігіп істеп жатырмыз. Бұл тек тегін оқу мәселесі ғана емес, әлеуметтік жоба болып саналады, — деді ҚР МКҚ қызметкері Құрмет Есенбаев.
Әуелбай Жайхан «Айбын» президенттік полкі «0112» әскери бөліміндегі әскери борышын өтеп, тегін оқуға сертификат алған сарбаздардың бірі.
Мен Шымкент қаласынан келдім. «Айбын» президенттік полкі өмірімде жаңа есіктерді ашып берді. Көптеген мүмкіндіктер сыйлады. Оның бірі Е. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің грант иегері болып отырмын. Өте қуаныштымын. Бір жыл бойы мені үйреткен командирлеріме алғыс айтамын. Әскер мен үшін физикалық және басқа дағдыларды қалыптастыруда. Келісімшарт бойынша әскери қызметті жалғастыру ойымда бар. Мемлекеттік күзет қызметінде әскери қызметші болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл үлкен мүмкіндік, — деді Әуелбай Жайхан.
Еске салайық, «Сарбаз 2.0» бағдарламасы – Қорғаныс министрлігінің 2023 жылы қолға алған жобасы. Оның мақсаты – жастардың мерзімді әскери қызметке деген ынтасын арттыру және оларды азаматтық өмірде білім алуға, әрі қарай кәсіби даму жолына бағыттау.
Бағдарламаның шарттары мен мүмкіндіктері:
- Тегін білім алу: Мерзімді әскери қызметті өткерген азаматтарға еліміздің 82 жоғары оқу орнында тегін білім алу мүмкіндігі ұсынылады;
- Сертификаттар: Бағдарлама аясында жыл сайын 3000 тегін оқу сертификаты бөлінеді, олар мерізді әскери қызметті өткерген жастар арасында бөлінеді;
- Қабылдау шарттары: Мерзімді әскери қызметті өткерген жастар жоғары оқу орындарына ҰБТ-сыз түсе алады, тек университеттердің қабылдау комиссияларының сұхбаттасуынан өтеді;
- Әскери оқу орындарына түсу: Мерзімді әскери қызметті өткерген азаматтар әскери оқу орындарына емтихансыз түсе алады. Бұл үшін жыл сайынғы жалпы қабылдаудан 25% квота қарастырылған.