Әскерге шабытпен кеткен азамат үйіне табытпен оралмауы керек  - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
-3 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Әскерге шабытпен кеткен азамат үйіне табытпен оралмауы керек 

Әскерге шабытпен кеткен азамат үйіне табытпен оралмауы керек 

Ел қорғайтын сарбаздарымыз өзара қырылып өліп жату деген не сұмдық?

  • 2 Қазан
  • 33
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда әскери сарбаздардың өлімі соңғы жылдары өзекті мәселеге айналды. Депутаттар мен қоғам белсенділері әскердегі әлімжеттік пен өзіне қол жұмсау фактілерінің ушығып кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, үкіметтен нақты шаралар қабылдауын сұрап жатыр. Толығырақ Caravan.kz медиа порталының материалында. 

Соңғы үш жылда әскерде 270 сарбаз қайтыс болған. 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған.

Бейбіт күнде әскерге ел алдындағы борышын өтеуге кеткен жас балалар осылайша қырылып жатқаны халықты шулатты. Қайғылы оқиғалар толқыны әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде жариялана бастады. Халық үкіметтен жауап күтті. Биыл Президент өз Жолдауында осы мәселеге ерекше тоқталып өтті. 

«Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет. Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты», — деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы пленарлық отырыста Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа әскердегі заңсыздықтар мен әлімжеттік қашан тыйылады деген сұрақ жолдап, қорқынышты статистиканы келтірді. Бейбіт заманда жас сарбаздарымыз түрлі дене жарақатын алып, кейбірі қайтыс болып жатқаныны ақылға сыймайтын дүние екенін айтты. 

«Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте деген. Сол жөргектегі тәрбиесі жер-көкке сыйғызбай, әскерге барып, отанымды қорғаймын деген балаларға қиянат жасалуда. Бұл жағдайлардан кейін ешбір ата-ана өз баласын өлім ортасына жібергісі келмейді. Мен келтірген статистика прокуратурада тіркелеген ресми фактілер екенін ескертемін», — деді депутат. 

Депутат қорқынышты статистиканың бірнешесін ғана айтып өтті. Айтуынша, 2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. Іс тараптардың бітімге келуімен жабылып қалған. 

2024 жылдың маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне 1-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен. 

Ал жуырда орын алған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатыр. Жауаптылар «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет. Қазір ата-анасы Ербаянды Түркияға алып кетті. Халық қолдау білдіріп, 218 миллион теңге шамасында қаржылай көмек көрсетті. 

Әскердегі әлімжеттік мәселесі 2022 жылдан бері көтеріліп келеді. Алайда жағдай түзелмек түгілі, ушығып жатыр. Сарбаздардың әскерде жарақат алып, тіпті қайтыс болуы тоқтар емес. 

Депутаттың сұрақтарына Қорғаныс министрі Бақытбек Сыдықов жауап берді.  Министрілктің жауабында былай делінген:

«Соңғы үш жылда Қарулы Күштерде болатын қылмыстардың саны 43 пайызға, ал биылғы жылы мерзімді әскери қызметшілер арасындағы суицид 67 пайызға төмендеген. Нақытрақ айтсақ, соңғы төрт жылда Қарулы Кұштерде 40 өзіне қол жұмсау фактісі орын алған. 2021 жылы — 10, 2022 жылы — 7, 2023 жылы — 12 және 2024 жылы — 11 оқиға). Санаттар бойынша: офицерлер — 7, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер — 22, курсанттар (кадеттер) — 4, мерзімді әскери қызметшілер – 7».

40 оқиғаның барлығы бойынша қылмыстық істер қозғалған. 34 оқиға бойынша қылмыстық істер өндірісімен аяқталып, процестік шешімдер қабылданған.  

«Тергеу барысында өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу белгілері анықталмаған. Осыған байланысты, қылмыстық істер қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауы себебінен тоқтатылған. Қабылданған процестік шешімдердің заңдылығы қадағалаушы органмен (прокуратура) тексерілген және келісілген.  Сонымен қатар, қазіргі кезде 6 оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жалғасуда. Нақты себептер мен мән-жайлар тергеу қорытындысы бойынша анықталатын болады. Қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес қылмыстық құқықбұзушылықтың осы түрі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚР ІІМ әскери-тергеу органдарымен жүргізіледі, тергеу барысы Бас әскери прокуратурамен қадағаланады. Қорғаныс министрлігінің тергеу барысына араласуға немесе ықпал етуге өкілеттігі жоқ», — делінген жауапта.

Қорғаныс министрлігі әскердегі темірдей тәртіпті қалпына келтіру үшін қандай шаралар қабылдайды?

Депутаттық сауалға келген жауапта айтылғандары: 

— Медицина саласын күшейту үшін Әскери медицина академиясын ашуды жоспарлауда. Қазір міндетті әскери қызметті жою туралы петиция талқыланып жатыр, бұл да сарбаздардың қауіпсіздігі мен өлім-жітімін азайтуға қатысты пікірталас туғызды.

— 2022-2025 жылдарға арналған «Өміріңді сақта» бағдарламасы жүзеге асуда. Бұл бағдарлама ата-аналармен, қоғамдық ұйымдармен жұмыс істеуге және әлімжеттікпен күресуге бағытталған.

— Әскердегі «дедовщина» (жарғылық емес қатынастар) деңгейі 2021 жылдан бері 28%-ға төмендеді. Бұл қылмыстар үшін бірнеше әскери қызметші сотталған.

    Қорғаныс министрі өзіне жүктелген міндеттерді орындаудан және олардан туындайтын жауапкершіліктен қашпайтынын мәлімдеді. 

    «Өз тарапымыздан, бір де бір құқыққа қайшы әрекеттер тексеріссіз және алдын алу шараларын қабылдаусыз қалмайтындығына Сіздерді сендіргіміз келеді. Осы мақсатта құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша ішкі және ведомствоаралық бағдарламалық құжаттар әзірленіп, олардың талаптарын орындауға бағытталған кешенді шаралар қабылдануда.  Әскери бөлімдер мен бөлімшелердің барлығында жеке құрамға бақылау жүргізудің «Серіктес», «Пирамида», «Жауынгерлік дос» жүйелері, телефон арқылы жақындарымен сөйлесудің «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі, әскери қызметшілердің арасында құқық бұзушылықтардың, қазалардың, жарақаттардың алдын алу бойынша тәжірибелік іс-әрекет алгоритмдері қолданылады.  Құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу мақсатында, әскери бөлімдерде әрбір  әскери қызметші өтінішімен жүгіне алатын профилактикалық кабинеттер мен 3 сенім телефондары жұмыс істейді», — дейді Сыдықов.

    Сондай-ақ әскерде анонимді сауалнамалар, психологиялық тренингтер, телефон және видео арқылы сөйлесулер, ата-аналардың және роталық чаттар қызмет етеді. Әскерлерге әдістемелік ұсынымдар, сатылы алгоритмдер және кейстер жолданады, әскери тәртіпте артта қалған бөлімдердің басшылығына тәжірибелік көмек көрсетіледі.

    Депутат Нартай Аралбайұлы әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын арттыру мәселесіне де тоқталған. Министрліктің берген жауабы бойынша,  2023 жылы ұшқыш құрамның лауазымдық жалақылары көтерілген, жоғары әскери оқу орындары оқытушыларының жалақылары да артқан. 

    Бүгінгі күні Қарулы Күштер құрылымдары еңбек ақысын төлеудің жаңа жүйесіне көшіпті. Ол 2025 жылдан бастап кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Жаңа жүйеге өту барысында Қарулы Күштер әскери қызметшілерінің жалақылары 50 пайызға өспек. 

    Сондай-ақ әскери қызметшілерге бұрын тоқтап қалған жеңілдіктерді қайтару бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 

    — әскери қызметшілерге коммуналдық қызмет үшін төленетін үстемақыны отбасының әрбір мүшесіне төлей отырып көлемін өзгерту;

    — әскери қызметшілер мен оның отбасы мүшелерінің жылына бір рет демалыс орнына бару және қайтуы үшін төленетін қаражатты тегін ету;

    — әскери қызметшілердің қоғамдық көліктерді тегін жүруін қамтамасыз ету;

    — әскери қызметшілер жауынгерлік, жедел дайындық кезінде бір тәуліктен аса далада жүретін болса, тәуліктің норманың 60 пайыз есебінен далаллық ақшалай үлесті қайтару.

      Үкімет пен Қорғаныс министрлігі қабылдаған және әзірлеп жатқан шаралар әскердегі тәртіпті орнына келтіріп, әлімжеттік пен қылмыс азаяды деген сенім білдіреміз. Осы ретте  соңғы екі жылда  әскерде сарбаздармен орын алған оқиғаларға шолу жасап кетейік.

      2023 жыл 

      Қаңтар – Ақмола облысында парашютпен секіру кезінде әскери қызметші қайтыс болды; 

      Алматы облысында гвардияшы өзіне оқ атпақ болып, майорды жаралады.

      Ақпан – Ақтөбе облысындағы казармада сарбазды аямай соққыға жығып өлтірді. 

      Наурыз – взвод командирі мерзімді әскери қызметшілерге қатысты  өз өкілетін асыра пайдаланғаны туралы істі сот жауып тастады. Іс екі тараптың татуласуымен аяқталып, командир жұмыстан қуылды;  Әскери институтта курсант өзін атып тастады.

      Сәуір – әскери борышын өтеуге келгеніне бір апта болған 19 жасар жігітті әскери қызметкер ұрып өлтірген. Ол 9 жылға бас бостандығынан айырылды. 

      Маусым – келісімшарт бойынша борышын өтеп жүрген сарбаз әскери жаттығу кезінде жарақат алып, Шымкент ауруханасында көз жұмды. 

      Тамыз – шекарадағы бөлімшеде асылып өлген 18 жасар Бекбол Мираштың командиріне қатысты сот үкімі шықты. Сарбаздың аузы мен іш киімінен табылған шәует іздері өзге үш сарбазға тиесілі екенін марқұмның отбасын қорғаған адвокат мәлімдеген еді. Командир марқұмды өлімге итермеледі деген айыптан құтылып, тек өзінің қызметін асыра қолданды деген баппен 3,5 жылға түрмеге қамалды. 

      Қыркүйек – Маңғыстаудағы полигонда жарылыс болып, әскери қызметші қаза тапты.

      Қараша – мерзімді сарбазды суицидке итермеледі деп айыпталған әскери қызметші 7 жылға сотталды; Петропавлда да гвардия сарбазы қайтыс болды;

      Бекбол Мираштың өліміне кінәлі командирдің ісін сот қайта қарап, оны 7 жылға бас бостандығынан айырды.

      2024 жыл

      Қаңтар – Жетісу өңірінде үш ай қызметтен соң мерзімді сарбаз қаза болды; Отарда әскери қызметшілер мен тұрғындар арасында жаппай төбелес болды. 

      Ақпан – Щучинск қаласында әскери колледжде курсант өзін атып өлтірді.

      Мамыр – Алматыда әскери қызметші ауруханада қайтыс болды. Марқұмның анасының айтуынша, баласы қайғылы оқиғадан екі күн бұрын қатты соққыларға жығылғанын айтып шағымданған. Әсіресе, бүйрегі қатты зақымданған. Күдікті қамауға алынды. Тағы бір сарбаз Атырауға қашып кетіп, тұрғындарды қарумен қорқытқан. 

      Маусым – 20 жасар сарбаз Аягөз маңында қаза тапты; Жамбыл облысында тағы бір әскери қызметші өлім аузынан қалды. 

      Шілде – қатардағы артиллерия қызметкері әріптесін тонағаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол мақсатын жүзеге асыру үшін, қатарласын соққыға жығып, оның атына 750 мың теңге несие рәсімдеген; Арыста кәріз құбырын тазалау кезінде екі әскери қызметші мен бір қала тұрғыны қаза тапты. 

      Тамыз – Қарағанды ​​облысында 36 сарбаз жаппай уланып ішек инфекциясымен ауруханаға түсті.

      Әскердегі заң бұзушылықтар мен әлімжеттік мәселелері бүгінде қоғамның талқылауынан түспейді. Әскерге ел алдындағы борышын өтеуге кеткен жас жігіттердің өміріне барша қазақстандықтар алаңдаулы. Ұл-қыз өсіріп отырған әрбір ата-ана  балаларының әскерге аман барып, аман қайтқанын қалайды. Мәселенің етек жаюына байланысты Президент те осы Жолдауында нақты тапсырмалар берді. Қорғаныс саласында қауіпсіздік шаралары сөз жүзінде емес, іс жүзінде қолға алынып, нақты нәтижелер береді деп сенеміз.