Әскерге жұмылдыру жиындары басталды - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+22 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Әскерге жұмылдыру жиындары басталды

Әскерге жұмылдыру жиындары басталды

Қазақстанда жұмылдыру жиындары өткен жылдан бастап қайта жандана бастады.

  • 31 Мамыр 2011
  • 486
Фото - Caravan.kz

2010 жылы еліміздегі 9 оқу орталығы мен әскери бөлімдердің базасында 1200 әскери міндетті дайындықтан өтті. Олар үшін оқу орталықтары мен әскери бөлімдердің инфрақұрылымы әзірленіп, оқу-материалдық база толықтай жаңартылды. Құрлық әскерлерінің оқу орталығында (Спасск к.) базалық орталық ашылып, онда Қарулы Күштер қатарында қызмет етпеген 400 адам әскери мамандық алып шықты.

ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отырғандай, келешекте әскери оқытылған резервті даярлау жүйесін одан әрі жетілдіре түсу үшін 2011 жылы әскерде қызмет етпеген 27-35 жас аралығындағы азаматтарды әскери өмірге үйрету мақсатында «Оңтүстік» (Тараз), «Шығыс» (Семей), «Батыс» (Ақтау) өңірлік қолбасшылықтарында оқу орталықтары құрылды. Аталған оқу-жаттығу орталықтарында әскери міндеттілерді қабылдауға арналған дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп, бүгінде олар болашақ Отан қорғаушыларға дәріс беруге сақадай-сай.

ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 24 ақпандағы «Әскери міндеттілерді әскери жиынға шақыру туралы» қаулысын орындау барысында ағымдағы жылы әскери жиынға тартылған әскери міндеттілердің жалпы саны 3600 адамға жетіп отыр. Оның 1 мыңы 27 мен 35 жас аралығындағы әскерде болмаған азаматтар.

500 әскери міндетті ағымдағы жылғы наурыз айынан қыркүйек айына дейінгі аралықта Спасскідегі оқу орталығында дайындықтан өтететін болады. 1 мамырдан қыркүйек айына дейінгі аралықта Тараздағы оқу орталығында 200 әскери міндетті, 1 тамыздан қазан айына дейінгі аралықта Ақтаудағы оқу орталығында 150 адам және 1 маусымнан қыркүйек айына дейінгі аралықта 150 адам Семейдегі оқу орталығында өтетін жиындарға қатысатын болады.

Болашақта әр жыл сайын аталған төрт оқу орталығының базасында ең кем дегенде әскерде болмаған 1000 әскери міндеттіні әзірлеу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, тоғыз әскери бөлімде бөлімшелер құрамында барлығы 2600 адамды құрайтын тіркелген құрамның жиынын өткізу жоспарда бар. Жалпы үстіміздегі жылы әскери жиынға запастағы 334 офицер мен 3260 сержант пен сарбазды тарту жоспарланып отыр.

Осыдан біраз күн бұрын Спасскідегі оқу-жаттығу орталығының базасында әскери жиынның бірінші кезеңі аяқталды. Ол жерде Алматы, Ақмола, Жамбыл, Қостанай, Павлодар облыстарының және Астана мен Алматы қалаларының Қорғаныс істері жөніндегі департаменттерінен шақырылған запастағы 100 офицер дайындықтан өтті.

Дайындық қорытындысы бойынша запастағы офицерлерге 36352 әскери бөлімнің басшылығы тарапынан жағымды сипаттама берілді. Соның негізінде оларға кезекті офицерлік атақтар беру туралы жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.

Сәуірдің жиырмасында аталмыш орталықтың базасында әскери жиынның екінші кезеңі басталды. Бұған бұрын Армияда қызмет етпеген 100 әскери міндетті азамат шақырылды.

Мамыр мерекелерінің қарсаңында «Спасск» Оқу орталығында болған жұмыс сапарында ел Президенті осында оқып жатқандарды құттықтады. Елбасы тарапынан Оқу орталығындағы әскери жиынның ұйымдастырылуына, оқу-материалдық базасы мен инфрақұрылымның жағдайына жоғары баға берді.

Қазіргі кезде әскери жиынның үшінші кезеңіне 1500-ге жуық әскери міндеттіні тартуға дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Оның ішінде 150 адам Тараз және Спасскдегі оқу орталықтарында дайындықтан өтеді. Сондай-ақ, 1300-ден астам тіркелген құрамдағы әскери міндетті бес бөлімшенің құрамында жиынға қатысатын болады.

Ал, 2012 жылдан бастап әскери жиынға шақырылушылардың саны мен өткізілетін орындардың географиясын кезең-кезең бойынша кеңейту жоспарда бар.

Әскерге жаңа әдістемелермен дайындалған резервтегілер қажет. Әскери оқытылған резервті жасақтау елімізді жан-жақты дайындалған мамандармен сапалы қамтамасыз ету үшін қажет.

Соңғы жаңалықтар