Жарияланды: 390

Әскери прокурорлар сарбаздың өліміне кінәлілерді анықтады

Алматы гарнизонының әскери прокуратурасына 8 маусымда ҚР ІІМ Ішкі әскерінің 7552 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері М.Б. Айтахыновтың өзін-өзі өлтіру фактісі туралы хабар түсіп,

оқиға орнына әскери прокурор, әділет полковнигі С.Қалжанов бастаған жедел-тергеу тобы шұғыл аттанды. Өткізілген жедел-тергеу шараларының нәтижесінде, 8 маусым күні сағат 10-дар шамасында Алматы облысы Заречный ауылындағы ЛА 155/12 түзеу мекемесінің бақылау мұнарасынан күзет қарауылы құрамының жауынгері М.Айтахыновтың иегінен оқ тиген, жансыз денесі табылғаны анықталды. Жедел-тергеу тобы оқиғаның мән-жайын және Айтахыновтың өзін-өзі өлтіру себебін анықтау үшін біраз жұмыс атқарды: 400-ге жуық әскери қызметшіден жауап алды, басқа да тексеру шараларын жүргізді. Нәтижесінде, қайтыс болған жауынгердің қызметтесі, Айтахыновтан жарты жыл бұрын шақырылған қатардағы жауынгер Е.Бегежановтың оны ұдайы ұрып-соғып, ақша талап еткені анықталды. Сонымен қатар қайғылы оқиғаның алдында, қарауыл бастығының көмекшісі - ефрейтор С.К. Мукалыковтың күзетте ұйықтап қалғаны үшін Айтахыновты соққыға жыққаны да белгілі болды. Сөйтіп, Бегежанов пен Мукалыковтың қылмыстық әрекеттерінің салдарынан жауынгер Айтахынов АК-74 автоматымен өзін-өзі атып өлтіргені анықталды. Жарғылық қарым қатынас ережелерін бұзған жауынгер Бегежановтың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 370- бабының 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды Ефрейтор С.К. Мукалыковтың үстінен де ҚР Қылмыстық кодексінің 377- бабының 2- тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, Бегежанов пен Мукалыков күдікті ретінде қамауға алынды. Қылмыстық істің тергелу барысы Бас әскери прокурордың жеке бақылауында.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін