"Әскери саладағы жылдар бойы қатып-семіп қалған тәжірибені Піралиев бұзды": Абзал Құспан асылып қалған сарбаз адвокаты басын қатерге тікті деген ойда - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-2 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Әскери саладағы жылдар бойы қатып-семіп қалған тәжірибені Піралиев бұзды": Абзал Құспан асылып қалған сарбаз адвокаты басын қатерге тікті деген ойда

"Әскери саладағы жылдар бойы қатып-семіп қалған тәжірибені Піралиев бұзды": Абзал Құспан асылып қалған сарбаз адвокаты басын қатерге тікті деген ойда

Адвокат Абзал Құспан өзінің әріптесі өзіне қол салған сарбаздың өлімі туралы тың деректерді жариялаған адвокат Сержан Піралиев туралы өз ойын айтты.

  • 24 Қаңтар 2023
  • 8861
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Өзім шығардым ба, әлде өзгеден естіп айтып жүрмін бе, білмеймін «сот түзелмей, ел түзелмейді» — деген сөзді мақал ретінде қолданғаныма біраз болды. Көпшілік, «сот әділетсіз» — дегенді бастарына іс түскен азаматтардың сөзіне қарап айтады, өйткені «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» ғой.

​ Неге сот, неге тергеу немесе қадағалаушы орган – прокуратура емес дерсіз?

​ Өйткені барлық іс сотта ғана соңғы шешімін табады, егер сот бүгін әділетті шешім қабылдап бастаса, тергеуің ертесіне-ақ, автоматты түрде заңды қалыпқа түседі. Ол – аксиома, дәлелдеп жатуды қажет етпейтін әлемдік практика!

​Бірақ, соттардың да соты бар, қалың ел біле бермес, тіпті заңгер басымызбен кейде өзімізде шатысатын жағдайға жеттік, бізде осы күндері сот көп.

Ал санамалап айтайын, қазіргі таңда бірінші сатыда іс қарап, мемлекет атынан шешім қабылдайтын кем дегенде сегіз сот бар екен, олар; азаматтық, қылмыстық, әкімшілік, экономикалық, ювеналдық, аса ауыр қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған сот, әкімшілік құқық бұзушылықтар қарайтын сот және әскери сот. Бұлардың әрқайсының бөлек ғимараттары, өз төрағалары бар және істерді қараудағы қалыптасқан өзіндік тәжірибелері бар.

​ Осы соттардың ішіндегі ең әділетсіз сот, менің бағамдауында, ол – әскери сот! Неге?

​ Оған психологиялық жағдай себеп. Әрине жең ұшынан жалғасқан жемқорлық факторы әсер етпейді деп айта алмаймын, алайда ол барлық салаға тән жалпы белгілері. Ал, әскери істер бойынша сотқа дейінгі және сот тергеуі қалай жүргізілетінін қысқаша ғана суреттеп берейін;

​ Әдетте, бұлаңдап еркін жүрген бозбаланың әскерге келген кезде ең алдымен үйренері не? Әрине тәртіп. Әскер қатарына қабылданған сәттен бастап, ол үшін командирі не бұйырсада, айтқаны орындалуы тиіс, ол әлемдегі барлық елдерде қалыптасқан ереже, бұлжымас қағида.

​ Біздегі бір ғана айырмашылық – барлық деңгейдегі командирлер осы ережені өздерінің бас пайдаларына жарататындары. Құрылысқа салады, малдарын бақтырады, үйлерін көшіртеді т.б. Енді ол командирлерге сөздері өтетін әскери прокурорлар бар, оларға да оқтын-оқтын тегін жұмыс күші керек боп қалады, командирге бір қоңырау, болды, бір взвод сенің есігіңнің алдында тұр.

Сөйтіп жүргенде, қылмыс болады, біреу төбелеседі, біреу асылып өледі, соған орай тергеуден бұрын ішкі тексеру өтеді де, жоғары тұрған командир төменгісіне «бәрі былай деп жауап берсін» -деп тапсырма береді.


Әдетте іс жабық обьект (казарма, әскери бөлім т.б.) ішінде болғасын куәнің бәрі солдаттар боп келеді. Оларды басынан бастап сол жабық жерде тексереді. Ол байғұстарда ақылдасатын адвокат тұрмақ, адамы жоқ командирінен басқа, егер ішінен принципті біреуі шығып, олай емес, былай деп басшылықтың айтқанына көнбей қойса, кешкісін қонар жер біреу, ол жерде сыбағасын беретінін жақсы біледі, амалсыздан айтқанға көнеді. Өйткені, бұйрық, тапсырма орындалуы керек, болды!

Әскери басқармадан тергеуші келгенше барлық солдат бір жауап айтып тақылдап тұрады, тергеушіге де керегі сол емес пе, тез-тез шаруасын бітіріп, кезекті істі аштым, дәлелдедім деп, істі әскери прокуратураға жібереді, олардың жұмысы айыптау актісімен сотқа жіберу, болды. Сол айыптау актісінің өзін оларға тергеуші дайындап, тек қол қоятын қып әкеп береді.

Ал сот ше?

Барлық куә-солдатты бір көлікке тиеп, әскери тәртіп-строймен алып келеді, әуелі бөлімдерінде, кейін жол үстінде де тергеуде берген жауаптарын сотта қайталау қажеттігін «түсіндіреді». Сотқа куә жауап берді ме, берді, ал оның жауабы қаншалықты шындыққа сай келеді, оған бас ауыртып керегі не? Ылдым-жылдым істі қарап, тезірек үкімін оқып, үйіне қайтуға асығып отырған адамнан не сұрайсың, қандай әділдік күтесің?!

Міне, әскери соттарда істер шамамен осылай, «әскери тәртіппен» қаралып жатады, былтырғы жылдың нақты статистикасын білмеймін, бірақ бұрындары бір жылда бір іс ақталмай өтіп кете беруші еді әскери соттардан, қазірде қатты өзгеріп кеткеніне күмәнім бар.

Енді, әскери саладағы істер бойынша жылдар бойы қатып-семіп қалған тәжірибені менің әріптесім Сержан Піралиев бұзды кеше! Ол ешкімнен қорықпастан, қорғауындағы жазықсыз жанды қорғаймын деп, өз басын қатерге тіге отырып, бұлтартпас айғақ – бір емес үш сараптама қорытындысына сілтеме жасап, батыл мәлімдеме жасады! Әскери бөлім (мүмкін гарнизон) басшысының ойлағанындай болмай қалды. Іс бақылаудан шығып кетті.

Енді тергеу объективті жүре ме, жоқ сол баяғы ескі сарында кете бере ме, ол Сіз бен бізге, яғни қазақ қоғамына байланысты, ағайын