Асхат Еркімбай: жаңа медиа ақпаратты ұсынатындар жұмыс тәсіліне өзгеріс енгізу керек - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Асхат Еркімбай: жаңа медиа ақпаратты ұсынатындар жұмыс тәсіліне өзгеріс енгізу керек

Асхат Еркімбай: жаңа медиа ақпаратты ұсынатындар жұмыс тәсіліне өзгеріс енгізу керек

Бүгінгі әлемде интернет технологиялар қарыштап дамуда. Интернет басқа салалармен қатар журналистикаға да үлкен өзгерістер әкелді.

  • 6 Маусым 2011
  • 1281
Фото - Caravan.kz

Бүгінгі әлемдік БАҚ жаппай интернеттенуге көшті. Дәстүрлі медиа түсінігімен қатар жаңа медиа өнімдері пайда болды. Бұл БАҚ болашағына қалай әсер етеді, журналистика қай бағытта дамығаны жөн, БАҚ-тың интернеттенуі неге әкеледі? Жаңа медиа мен дәстүрлі медианы дамыту туралы «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы жанындағы «Жаңа медианы зерттеу» орталығының жетекшісі, журналист, блогшы, жаңа медиа сарапшысы Асхат Еркімбаймен осы мәселелер төңірегінде сұхбаттасқан едік.

-Асхат, интернеттің дамуы жаңа медианы тудырды. Оқырманға түсінікті болуы үшін сұхбатымызды жаңа медиаға түсінік беруден бастасақ.

— Соңғы уақытта дәстүрлі ақпарат құралдарындағы мәліметтерді интернет арқылы тұтынатындар саны көбейіп келеді. Интернет ақпарат алмасатын алаң болғандықтан медиа нарықтағы ойыншылар бұл алаңды да тиімді пайдалануды көздейді. Нәтижесінде ақпаратты дәстүрлі емес жолмен, яғни газет, радио немесе теледидар арқылы жеткізумен шектелмей оны түрлендіріп беру «жаңа медиа» құбылысына ұласты. Ғаламтор мүмкіндігі тұтынушыға бір сайттан мәтін оқып, видео көріп, аудиосын тыңдап, суреттері арқылы ақпарат алумен қатар, оны әрі қарай дамытуға да мүмкіндік беріп отыр. Осылайша технологияның дамуы ақпаратты әзірлеу, қабылдау, тұтыну және таратуға үлкен төңкеріс алып келді. Бұған дейін оқырман тек мәліметті оқумен, көрумен немесе тыңдаумен ғана шектелетін болса, бүгінгі оқырман интернет арқылы мәліметті көріп, тыңдап, оқып қана қоймай өзінің пікірін қосып, әрі қарай ол туралы достарына хабарлап, тіпті өзі де ақпарат жасаушыға айналып отыр. Бір сөзбен айтқанда оқырмандар өздерінің газеттерін өздері жасай алатын деңгейге жетіп отырмыз. Осы орайда жаңа медиа дегеніміз осындай мүмкіндіктерге жол ашқан интернет технология деп түйіндеуге болады.

— Бұл әлемде, сосын бізде қалай дамуда, мамандар мәселесі қалай болуда?

— Соңғы мәліметтер біздегі интернет пайдаланушылардың саны — 5 милионнан асқанын көрсетті. Бұған сонымен қатар телефон тәрізді шағын құрылғының көмегімен ғаламдық ақпарат айдынына қосылып отырғандарды да қосайық. Бұл бізде жаңа медиа құралдары кең қолданыла бастайтынын көрсетеді. Бірақ, өкінішке қарай, интернет контентті ұлт мүддесіне жұмыс істеткізу ісінде ала-құлалық бар. Бізде жаңа медиаға лайықтап контент дайындай алатын, өнім әзірлейтін кәсіби мамандардан құралған ұйым өз аяғына нық тұрған жоқ. Қазақ газеттерінің сайттары көбіне қағаздағы нұсқасының көшірмесі ғана болып жарияланады. Әрі қарай сайт иелері виртуалды оқырмандарымен белсенді жұмыс істемейді. Дамыған елдерде жаңа медиа дәстүрлі медианы басып озуға таяу.

Жалпы, интернет дамыған соң, Қазақстанда жаңа медиа сөзсіз дамиды. Бірақ қазақ тілінде дамытатын контентмейкерлер керек. Интернет тұтынушыны қызықтыратын қазақша мультимедиалық өнім болмаса, интернет қолданушы сөзсіз өзге тілдегі өнімді тұтына бастайды. Мысалы, бізде интернет қолданушылардың басым бөлігі Ресейдің немесе АҚШ-тың өнімдерін қолданады. Бұған дәлел Қазақстанда жиі қолданатын төрт ресурсты айтсақ, бірінші орында mail.ru, екінші орында Google.com, үшінші орында Google-дің орысша баламасы, төртінші орында Яндекс, барлығы шет елдік компаниялар. Бұл арқылы әрбір қазақстандық қолданушы интернетке шыққан сайын шет елдік компанияның дамуына үлес қосып отыр. Ал қазақ тілінде контент әзірлейтін мамандар, ұйымдар болса, онда біріншіден ақпараттық қауіпсіздік мәселесі шешіледі, екіншіден бұл — ұлттық мазмұндағы дүниенің көбеюіне әрі өз нарқымызды қалыптастыруға себеп болады. Қазақша ресурстардың мазмұны ағылшын немесе орыс тіліндегі ресурстарды түгелдей алмастыра алмас. Себебі, ағылшын тілі ақпараттық технологияның тіліне айналды. Әйткенмен шет тіліндегі сайттарды қолданудың артықшылықтары болғанымен, өзіндік қаупі бар. Мысалы, ресейлік mail.ru ойын-сауықтық коммуникациялық порталы қазақша әріптерді қолдамайды. Оны қолданушылар қазақша сауатты жазудан қалып барады. Ресейлік компания қанша дегенмен қазақ ұлтының мұқтажын өтей алмайтыны түсінікті. Интернет қолданушылар жай ғана ұсынған өнімнің жетегінде кетпей өзіне қажетті контентті өзі түзуі үшін ІТ сауаттылықты қолға алуымыз керек. ІТ сауаттылық дегеніміз — тек интернетке кіріп шығуды білу, mail.ru-ды қолдану ғана емес, ол интернеттегі бар бағдарламаны өз қажеттілігіне икемдей алу. Пайдаланушы қолда бар өнімді ғана пайдаланып, соның жетегінде кетсе оны сауатты қолданушы деу қиын.

-Таяу болашақта жаңа медиа дәстүрлі медианы алмастырады деген пікірлерді жиі естиміз. Бұл қаншалықты рас, сарапшы ретінде қандай ой айтасыз?

— Жаңа медианың дәстүрлі медианы алмастыруы қиындау. Өйткені жаңа медиа тек құрал, ақпарат жеткізудің тәсілі. Бұған дейін адамдар бір сағаттық хабар көретін болса, енді 5 минуттық телефонннан көре алатын қысқа хабар керек, бұрын газеттен көлдей мақала оқитын болса, енді интернеттен қысқа ақпарат түріндегі, суретпен безендірілген мақала керек. Қазір адамдардың өмір сүру деңгейі өзгерді, заман жылдамдықты талап етеді. Уақыт тапшы, қысқа, әрі тез ақпарат беру керек. Біз бұдан қашып құтыла алмаймыз. Интернет күн сайын дамып жатыр, қолданушылар саны артып келеді. Осы тұрғыдан жаңа медиа сұранысқа ие болады. Бірақ дәстүрлі медиа өмір сүре береді. Себебі, ақпараттың негізгі мазмұны өзгерге жоқ. Бар болғаны оны жасау тәсілі жаңарды. Менің ойымша, дәстүрлі БАҚ таяу болашақта салалық болып бөліне бастайды. Жаңа медиа салалық басылымдарды алмастыра алады деп ойламаймын. Себебі телефонмен немесе интернетпен берілген мақала сараптаманы қамти алмайды. Сондықтан салалық газеттер немесе интернетті аз тұтынатын аймақтарда жергілікті газеттер әлі де негізгі ақпарат көзі болып қала бермек. Ал қазіргідей саяси-қоғамдық газеттер таяуда бұқаралық сипаттағы бағытын өзгертуі ықтимал. Мысалы, бұл үрдіс Америкада көрініп отыр. Көптеген қоғамдық-саяси басылымдар жабылып жатыр. Оларға жарнама, қаржы жаңа медиадан келіп жатыр. Сондықтан олар сол жағын дамытуда, жаңа медиаға, яғни интернет арқылы ақпарат таратуға көшуде.

— Десек те бәсекенің бары айқын. Дәстүрлі БАҚ бәсекеге қабілетті болуы үшін не істеуі керек?

— Дәстүрлі БАҚ бәсекеге қабілетті болуы үшін бүгінгі редакциялық саясатына өзгерістер енгізуі керек. Бүгінгі оқырман интернетте, бүгінгі оқырман телефон ұстап жүреді, көпшілігі телефонан арқылы ақпарат алады. Сондықтан дәстүрлі БАҚ бәсекеге қабілетті болам десе, оқырман интернетте жүрсе, интернетке, телефонға лайықталған ақпарат таратуды қолға алуы керек. Мысалы, газет жеке сайтын ашатын болса, онда ол сайттың өзіні ішкі редакциялық ұжымы болғаны абзал. Мысалы, оның біреуі сайт әкімшісі, біреуі маркетинг, жарнама қызметін дамытушы, үшіншісі контентмейкер болады. Сайт жиі жаңаруы керек, сайт жұмысын жүргізуші топ оқырманға қандай ақпарат керек, соны біліп отыруы керек. Аудиторияны өзіне көбірек ұстаған сайын ол жерде жарнама да көп. Бүгінгі оқырманның ақпаратты тұтыну тәсілі өзгерген соң, ақпаратты ұсынатындар да өз жұмыс тәсіліне өзгеріс енгізуі заңдылық. БАҚ әлеуметтік желілермен көберек жұмыс істеуі керек. Қазір қазақстандықтардың басым бөлігі Mail.ru, facebook, twitter тәрізді әлеуметтік желілерге тіркелген. Редакциялар соларда профайлдарын ашып, оқырманмен байланыс орнатып, оқырманға не қажет екендігін біліп отыруға болады.

-Жаңа медианы қолдануды газеттер мысалында айтып өттіңіз. Ақпарат агенттіктері жаңа медианы қолдануда ма?

-Әлемдік ақпарат агенттіктері, тіпті ресейлік агентіктерінің өздері мультимедиалық журналистикаға көшкелі талай уақыт болды. Қазақстандық агенттіктер көбіне мәтіндік ақпаратқа бой ұрады. Меніңше, бұнымен шектелмей, қосымша мультимедиалық контент істеген жөн. Мысалы, ресми ақпараттың қасында бірнеше слайдпен ашылатын суреті, дәл сол сәтті сөйлеген сөзінің қысқа бейнеүзіндісі әрі осыған орай оқырмандардың қалдырған пікірлері болса немесе оқиға орнынан куәгердің өзі дереу ақпарат агенттігіне телефоны арқылы түсірген суреті мен видеосын жібере алса ақпарат мазмұны өзгермегенімен, тұтынушыға бірнеше өнімді ұсыну арқылы байланысты болуға болады. Жаңа медианың ерекшілегі сол. Оқырманның, жеке адамдардың да ақпаратымен бөлісе алатын мүмкіндігі болуы тиіс. Ал ақпарат агенттігі ақпараттың дұрыс-бұрыстығын тексеру арқылы ақпаратты жариялап отырады. Мысалы, жеке адамдар оқиға орнында болып қалып, оқиғаны тілшілер келгенше видео, фотоға түсіріп алуы мүмкін. Ол агенттік сайтына тіркеліп, жаңағы өнімді жібере алатын мүмкіндігі болуы тиіс. Сонда, агенттік жұмысы 10-15 тілшімен шектелмейді. Бұл жерде ақпарат жылдам таралады, контент көбейеді. Бұрын бәсеке Қазақстанда ғана жүретін. Интернеттің, жаңа медианың арқасында қазір әлемдік бәсекеге араласып отырмыз. Бұны Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов те бір сөзінде айтты. Демек билік бұны түсініп отыр. Жоғары деңгейде түсінік бар.

-«Төмен жаққа» жеткізу үшін кім, не істеуі қажет деген сұрақ туады?

-Ол үшін осы саланы білетін мамандардың басын қосу арқылы, журналистерді оқыту, үйрету қажет. Біз бұл мақсатта 2009 жылы «Мінбер» журналистерді қолдау орталығын құрғанбыз. Қазір жаңа медианы насихаттауды, үйретуді жүзеге асырудамыз. Жақында Қазақстанның әр өңірінен келген 25 журналистке арнайы тренинг өткіздік. Өзге өңірдің де журналистерінің басын қосып, тәжірибе алмасу жоспарымызда бар. Былтыр 25-ке жуық журналистке осындай тренинг арқылы жаңа медианы, интернет технологияларды үйреттік. Олардың арасынан танымал блогшылар, жаңа медианы түсінетін сауатты журналистер шықты. Бұнымен қатар «MediaNet» журналистика мектебінде, ҚазҰУ-да курс өткізіп жүрміз. Бұл жерде де бірқатар жаңа медианы меңгерген студенттер өсіп шықты. Осындай жұмыстарды мемлекет қолдауы, қоғамдық ұйымдардың қолға алуы керек.

-Бір сөзіңізде блогшылар туралы айтып қалдыңыз. Қазақстанда соңғы кезде жаңа медианың өкілдері саналатын, азаматтық журналистер немесе блогшы түсінігі қарқынды дамып келеді. Сізді қазақ тілді блогшылықтың негізін салушы деп жатады. Блог жүргізудің қыр-сырына тоқтала кетсеңіз?

-Қазақстанда блогшылар саны артып келе жатыр, ол рас. Оған себеп, біріншіден — Қазақстанда интернет қолданушылардың көбеюі; екіншіден — блог деген ұғымның сәнге айнала бастауы, мысалы Үкімет басшысы, министрлер блог жүргізе бастады; үшіншіден — блог сөзі әлемдік деңгейде жиі айтыла бастады. Медведев, Обама блогында жазыпты деген сөзді жиі еститін болдық; төртіншіден — блог тегін, оңай ашуға болатын интернет құрал болған соң блогшылар саны көбейе бастады. «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының зерттеуі бойынша бір ғана wordpress блог тұғырында 500-ге жуық қазақ тілді блог бар, ай сайын 20 блог тіркеледі. Блог дегеніміз — 15 жыл бұрын ағылшынның web log деген сөзінен шыққан. Бастапқыда онлайн күнделік деген мағына білдірген. Яғни, адам күнделікті көрген-білгенін виртуалды күнделігіне жазады, оқырмандар оқиды, пікір қалдырады. Уақыт өте келе бұдан азаматтық журналистика түсінгі қалыптасып, блогшыларға «азаматтық журналистика өкілі» деген атақ беріле бастады. Блогшы болу үшін біріншіден ниет болуы керек, қоғаммен бөлісетін ойы болуы керек, екіншіден ой бөлісетін бір виртуалды алаң керек. Бізде қазір yvision, wordpress.com, blogspot тұғырнамалары бар. Жақында қазақ тілді Kerekinfo деген блогтұғырнама жасалды. Оған кез-келген адам тіркеліп, блог жүргізе алады.

Қазақстандағы интернет тек Қазақстанмен шектелмейді. Қазақша интернетті айтқан кезде Түркия, Моңғолоия, Қытай, Еуропадағы қазақтарды қоса айту керек. Виртуалды кеңістікте шекара жоқ. Сондықтан да интернеттегі күллі қазақ тілді блогшылардың санын нақты айту қиын. Мен білетін 300-ден астам қазақша блог бар. Олар әртүрлі тақырыпта жазады. Көбіне ұлттық мәселеге ден қояды. Дін, тіл, ұлт мәселесімен астасып жатады. Сондықтан ұлттық мәселеге бей-жай қарай алмайтындығын көрсетеді. Ал орыс тіліндегі блогтар әлеуметтік және көңіл көтеру тақырыптарына көбірек ден қояды. Одан бөлек қазір қазақ блогшылары қазақ интернетінің жүгін көтеріп отыр деуге болады. Олар күн сайын жазба салып отырады, контентті жиі алмастырады, тек мәтін ғана емес аудио, видео, фото қойып, жаңа медианы пайдаланып отырады. Блогшыларды Қазақстанадағы ең белсенді интернет қолданушылар, дамытушылар деп айтуға болады.

-Жаңа медианың, блогшылықтың дамуы интернетке байланысты. Бізде интернет қалай дамып отыр?

— Қазақстанда интернеттің дамуы сөзсіз мемлекеттің стратегиясына байланысты. Негізгі өнімді ұсынушы Қазақтелеком болғаннан кейін Қазақстанда интеренттің дамуы, ол — сөзсіз мемлекеттің алға қойып отырған ұстанымдарына байланысты. Ресми мәліметтер бойынша, Қазақстандағы интерент пайдаланушылар саны — 5 миллионнан асты. Оның ішінде телефон арқылы интернет пайдаланушылар саны артты. Интернетті көбіне бізде қалалы жерде қолданады. Ауылды жердегі тұрғындардың үлесі аз. Қазақ тілді ақпаратты негізінен оңтүстік, батыс өңірдің азаматтары қолданады. Әлеуметтік желіге тіркелгендер де көп. Facebook-тің зерттеуі бойынша бұл желіні 18 бен 28 жас аралығындағы қазақстандықтар қолданады екен. Демек, жалпы интернетті қолданушылардың денін осы жастағылар деп санауға болады. Бұл санаттағы адамдардың көпшілігі ақпаратты, білімді интернеттен алады, өмірі интернетпен тығыз байланысты. Екі-үш жылдан соң бұл топтың белсенді адамдарға айналатындығы ескерсек, онда интернеттің дамуын күтуге болады.

Жалпы, Қазақстандағы интернетке ресейлік интернеттің ықпалы күшті. Интернет қолданушылардың дені орыс тіліне жетік. Сондықтан Қазақстандағы интернет ресурстармен бәсекелестік жүріп жатыр. БҰҰ-ның соңғы мәліметтері бойынша Қазақстан халқының 99,6 пайызы оқу біледі, жазу білетін ең сауатты елдер қатарына кіреді. Бірақ ел тұрғындарының осынша пайызы ақпараттық технологиялардан сауатты емес. Бұның себебі — бізге интернет технологиялар кеш келді, осы саланы оқытатын жүйелі білім беру қалыптасқан жоқ, мемлекеттік деңгейде шаралар қолға алынғанымен, ел ішінде қызу жүзеге асып кетпеді. Бірақ соңғы мәліметтер бойынша қазақстандықтардың дені ноутбуктарды көбірек ала бастаған. Бұл да интернетті пайдаланушылар санының артатындығын көрсетеді. Алдағы уақытта ауылды жерде интернетпен қамту жедел қолға алынса, интернет тұтынушылар саны артар еді.

Соңғы жаңалықтар