Асхат Садырбай "Коронавирус кет" әні туралы: Марат Омаров “Вирусқа кет, кет”, - деп аластап жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Асхат Садырбай "Коронавирус кет" әні туралы: Марат Омаров “Вирусқа кет, кет”, - деп аластап жатыр

Асхат Садырбай "Коронавирус кет" әні туралы: Марат Омаров “Вирусқа кет, кет”, - деп аластап жатыр

Танымал тележурналист Асхат Садырбай коронавирус індетіне байланысты, қалай сақтану керегі жайлы және Марат Омаровтың вирусқа айналған "Коронавирус кет" әні туралы пікір білдірді.

  • 22 Наурыз 2020
  • 1043
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы ол Caravan.kz медиа порталының тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

— Асхат аға, коронавирус індеті елімізде өршіп тұрғаны баршаға мәлім. Еліміздің екі қаласында карантин жарияланды. Осы індетке байланысты өзіңіз қандай да бір сақтық шараларын жасап жатсыз ба?

— Расында да бұл адамзат күтпеген сынақ болды. Ауру айтып келмейді, бірақ адамзат тарихында бұл бірінші рет болып отыр. Бұл сынақпен әлем бірінші рет кездесіп отыр. Өзіме келетін болсам, ешқандай қоғамдық орындарға барып жатқан жоқпын. Бара қалған жағдайда оқшауланып жүрмін. Қолды бірнеше рет сабындап жуып, гигенаны сақтап, иммунитетті қолға алдым. Дәрумендер ішу, пайдалы тамақтар ішу, өзіміздің ұлттық тағамдарымызды ішу дегендей сияқты.

— Жазбаларыңызда бетпердені ауырған адамдар ғана тағатынын айтқансыз. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп ағамыз да сізге берген сұхбатында сөзіңізді растаған болатын. Бірақ бетпердені сатып алып жатқандар көп. Сатып алып жатқандар неге көп деп ойлайсыз? Әлде бұл біреудің жасап отырған бизнес жолы ма?

— Мен өзімнің Facebook, instagram желісіндегі парақшаларымда бетперде жайлы жазба қалдырған болатынмын. Біздің елдің мамандары, профессор, медицина ғылымдарының докторы Ерболат Таленов, Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп, ресейлік дәрігерлер, басқа да елдің маман-дәрігерлері бетпердені алдымен ауырған адам, яғни ол вирус таралып кетпеу үшін тағу керек екенін айтқан болатын, мен соны келтірдім. Бірақ, өкінішке орай вирус біздің елге де келді және кейбір адамдар Еуропадан келген адамдар біреулер ауру екенін білмеген шығар, білсе де мән бермеген шығар бірнеше адамдармен қарым-қатынас жасап, ол адамдар басқа адамдармен қарым-қатынас жасап, сол вирус таралып кетті. Кеше президентіміз бетперде тапшылығын қатаң сынға алып, министрлікке тапсырма берген болатын. “Бетпердені тағыңдар, халыққа тегін  таратыңдар”, — деген болатын. Президент “маска тағыңыздар”, — деп қатаң түрде айтқан болатын. Демек, бұл алаңдайтын жағдай. Әзілмен емес, бұған біз саналы түрде қарауымыз керек, маска тағуымыз керек. Әрбір қазақстандықтың бұл вирустан аман қалуы маңызды. Президентіміздің жоспары мен стратегиясына бағынуымыз керек және бір адамдай жұмылып, осы вируспен күресуіміз керек. Вируспен күрес, өз-өзімізді сақтау, өз-өзімізді оқшаулау, гигиена сақтау және қазір үйде болу, қоғамдық орындарға барма, сонда ғана өзге елдердің тәжібиелеріне сүйенсек, Қытайдың тәжірбиесіне сүйенсек бұл дертпен тез, тиімді күресуге болады. Ал кеше ғана масканы көптеп алып, қымбатқа сататын алып сатарлардың қылмысы әшкере болып жатыр. Осындай қиын қыстау заманда халықты емес, қалтасын ойлағандардың әрекеті әрине ұят, қанша адам маска таппай жүр?!

— Мысалы кейбір жандар бетпердені өзім тақпасам да, балаларым тақсын деп алып жатыр. Өзіңіз ұлдарыңызға бетперде алып немесе қандай да бір сақтық шараларын жасап жатсыз ба?

— Алғашқы ақпарттарда бұл вирус кішкентайларға қатты жұқпайды, балалар ға қауіпті емес деген болатын. Бірақ, кейін балаларға да вирустың жұғатынын және қауіпті екенін біліп жатырмыз. Сондықтан балаларымызды қазір ешқайда шығарып жатқан жоқпыз, үйде. Балалар сыртқа шыға қалса міндетті түрде маска тағып, қолдарына қолғап кигізіп, оқшаулап алып жүрміз.

— Әрбір нәрсенің жақсы жағы, жаман жағы болады. Әрине бұл індеттің жаман жағы көп, дегенмен де жақсы жағын да айтпасақ болмас. Мысалы карантин жарияланғандықтан мысалы Алматы қаласында көліктер азайды, ауа тазарып жатыр. Сіз өзіңіз бұл жағдайдың қандай да бір жақсы жағын байқадыңыз ба?

— Әрине бұл адамзат баласына да керек болған шығар. Кез келген нәрсе Алланың қалауымен болады. Экология ластанып кеткен еді, қазір қозғалыс азайды, зауыттар уақытша тоқтады, кәсіпорындар тоқтады. Сол себепті ауа тазарады деп ойлаймын. Адамзат ойланады, табиғаттың қадірін біледі деп ойлаймын. Көпшілігі үйде болады, бір-бірімен қарым-қатынасын күшейтеді, балаларға көбірек көңіл бөлінеді деген сияқты. Бұл карантиннің де жақсы жағы бар. Аурудың емес, карантиннің жақсы жағы бар. Ауру тезірек елімізден кетсе Құдай қаласа бейбіт күндер қайта жалғасын тапса деген тілегім бар.

— Марат Омаров коронавирусқа байланысты ән шығарды. Ән вирусқа айналды деуге болады. Осындай індет кезіндегі осындай хайпқа, пиарға көзқарасыңыз қандай?

— Мен кеше Зарина Омаровадан сұхбат алдым. Заринадан Марат ағаның әні туралы сұрадым. Сөйтсем, ол әзілдеп отырып айтқан әні екен. Хайп жасайын, вирус кезінде өзіме атақ жинайын деп емес, Марат Омаровтың әні әлемге әйгілі. Ана туралы әнін қанша ел біледі, біз ол әнді жатқа білеміз. Марат ағаға ондай атақ керек емес деп ойлаймын. Бұл әннің астарына үңілсек, бұл әннің ешқандай жаман нәрсесін көріп тұрған жоқпын. Керісінше халыққа позитив сыйлап тұр, көңіл күй сылап тұр және “вирусқа кет, кет”, — деп аластап жатыр. Сондықтан бұны бір осы вируспен күресу кезіндегі позитивтік көңіл күй деп қабылдаған дұрыс деп ойлаймын. Хайп дейтін болсақ, осы вирусты пайдаланып, карантинді пайдаланып, көптеген өтірік жаңалық таратып, онсыз да үрейі қашып отырған жұрттың одан сайын үрейін үдетіп отырған жандар бар. Шынымды айтсам, мен ондай адамдарды түсінбеймін. Қазір ешқандай нәрсені алға тартатын заман емес, уақыт емес, сәт емес. Қазір бәрібіміз бірігіп, өзіміздің денсаулығымызды сақтап, амандығымызды тілеп отыратын сәт. Қазір фейк жаңалықтардың уақыты емес. Дауласатын, жауласатын, өтірік ақпарат таратып, елдің есін шығаратын уақыт емес қазір. Ондай бейресми ақпараттарға құлақ түре бермей, ресми ақпараттарды ғана оқуға шақырамын.

— Ең бастысы басымыз аман болсын, науқастар жазылып кетсін. Қазақ халқы мықты халық. Ет, қымыз ішіп-жеп қанымыз таза халықпыз, сондықтан бұл вирус бізге қатты қауіпті емес деген үміттемін. Бұл қиындықты бәріміз жеңіп шығатынымызға сенемін. Күн жылыса бұл вирус та кетер, бейбіт күндер келер деп үміттенемін.

— Сұхбатыңызға рақмет!