А.Ақаев елдегі бірден-бір заңды билік органы деп санайтын жаңа парламентпен келіссөздер жүргізуге дайын екенін хабарлады. Мемлекет басшысының айтуынша, егер оның қауіпсіздігі сақталатынына кепілдік берілсе, мерзімінен бұрын отставкаға кету туралы мәселені заңды жолмен талқылай бастауға әзір.
Қырғызстанда жуырда болған оқиғаларды А.Ақаев «Конституцияны таптау арқылы билікті басып алу» деп атады. Президент бүкілхалықтық наразылық шарасына қатысушыларға қарсы қару қолданбау туралы бұйрық бергеніне өкінбейтінін атап өтті. «Қандай жағдайда да күш немесе қару қолдануға болмайды. Өйткені, бір тамшы қанның өзі жеке билікті сақтап қалуға тұрмайды»,- деді А.Ақаев.
Бірақ осы орайда ол егер оппозицияның билікті басып алу және Бішкекті тонау туралы жоспарынан хабардар болған жағдайда елде төтенше жағдай жариялайтын едім деп атап көрсетті.