Электронды пошта арқылы келіп түскен мәлімдемеде А.Ақаев өзінің әрқашан табанды демократ ретінде әрекет етіп келгенін, сол себепті де ел ішінде дағдарыс белең алған ахуалда «өз халқына қарсы күш пен қару қолдану мүмкіндігінен бас тартқанын» хабарлаған.
«Гуманистік сенім-нынымыма, демократия принциптеріне адалдығыма бағынуға байланысты өз басым 24-наурызда құқық қорғаушы күштер мен президент оққағарларына адамдарға қаратып оқ ату туралы пәрмен беруге құқығым жоқ деп таптым. Ал ондай жарлық азаматтық соғыс пен сансыз құрбандықтарға бастайтын сара жол еді»,- делінген хатта.
Жолдауда жалпыхалықтық наразылық шараларының тонаушылыққа ұласқанына алаңдаушылық білдірілген. «Менің шақыруым бойынша Қырғызстан экономикасына ірі көлемде инвестиция салуға, су энергетикасы, алюминий өнеркәсібі, темір жол құрылысы, туризм сынды салаларда миллиардтаған сомның жобаларын жүзеге асыруға әзірлік танытқан елдердің іскерлік және қаржылық топтары елімізде белең алған бейберекетсіздікті көріп өз жоспарларынан бас тарта ма деп қорқамын»,- делінген хатта.
Қырғызстанның тұңғыш президенті қазіргі оппозиция өкілдерінің басым бөлігі бұрын үкіметтік құрылымдар мен президент әкімшілігінде жұмыс істегенін атап өткен. Осыған байланысты ол мемлекеттік қызмет аясында міндетін адал атқарып келген өзінің жақтастарын қудалауды доғаруды талап еткен.
«Мен серкелерінің айтақтауымен аңға айналған тобырдың Ақ үйде президенттің баспасөз хатшысы Сегізбаевты, бөлім меңгерушісі Жанұзақовты, еліміздің ұлттық батыры, Ұлттық гвардияның қолбасшысы генерал-полковник Чотбаевты құртып жіберуге әрекет жасағаны туралы ақпаратты алаңдаушылықпен қабыл алдым»,- деп мәлімдеген А.Ақаев.
Ол 24-наурызда елдегі биліктің бейбіт тұрғындардың қан төгісінсіз қолдан-қолға көшкенін атай отырып, қазіргі биліктен үміткерлерді республикада осындай принциптерден бас тартпауға шақырады.
Бұл — Асқар Ақаевтан Қырғызстанның «Кабар» ақпараттық агенттігінің атына келіп түскен екінші хат. Қазіргі үкімет басшысы әрі Қырғызстан президентінің міндетін атқарушы Құрманбек Бакиев хаттардың түпнұсқалығына күмән келтіреді.