Асқар Жұмағалиев Мемлекет басшысына электрондық үкіметтің мобильдік қосымшасын таныстырды - kaz.caravan.kz
  • $ 510.08
  • 539.61
-11 °C
Алматы
2024 Жыл
10 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Асқар Жұмағалиев Мемлекет басшысына электрондық үкіметтің мобильдік қосымшасын таныстырды

Асқар Жұмағалиев Мемлекет басшысына электрондық үкіметтің мобильдік қосымшасын таныстырды

ҚР Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев Индустрияландыру күні аясында Мемлекет басшысының алдында мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру жөніндегі тапсырмасының іске асырылуы туралы есеп берді.

  • 27 Желтоқсан 2012
  • 415
Фото - Caravan.kz

Министр әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтердің 60 пайызын және лицензиялар мен рұқсат құжаттарын электрондық нұсқаға көшіру жұмыстарының барысы туралы баяндады, — деп хабарлады Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен.

Бүгінгі күні 22 әлеуметтік маңызды қызмет (60%) электрондық нұсқаға көшірілді. Барлық әлеуметтік маңызды қызметтерді ұсынудың бизнес — үдерістерін оңтайландыру нәтижесінде, оларды көрсету үшін халықтан талап етілетін қағаз құжаттардың көшірмелері мен төлнұсқаларының 96 пйызы қысқартылады. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтерді алу үшін жыл сайын 42 млн қағаз құжат тапсырудың қажеті болмайды.

Мысалы, жеке кәсіпкерлікті (ЖК) тіркеу үшін бүгінгі күні жеке куәліктің, «үй кітабының» көшірмесін, салықтық өтінімді, төлем жасалғаны туралы түбіртік пен жеке суретіңізді тапсыру қажет болса, 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап, электрондық үкіметтің порталында ЖК тіркеу туралы өтінімді толтырып, сол жерде мемлекеттік баж салығын төлеп, жеке суретіңізді бекітіп жіберсеңіз болғаны. Бизнес-үдерістерді оңтайландыру қорытындысында жеке кәсіпкерлікті бір күннің ішінде тіркеу мүмкін болып отыр.

«Жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеу (салынған ауыртпалықтар)» қызметін автоматтандыру және оңтайландыру нәтижесінде, жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу үшін ХҚКО-на барудың қажеті жоқ, бұл істі нотариуста келісім шарт жасасу барысында-ақ, жүзеге асыруға болады.

Қызметтерді көрсету мерзімі мен талап етілетін құжаттар санын қысқарту мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін «Жеке тұлғалар» (ЖТ МДҚ), «Е-нотариат», «Жылжымайтын мүлік тіркелімі»(ЖМТ МДҚ), «Е-лицензиялау», «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесі (МТ АЖ) және т.б. деректер қорымен ықпалдастыру нәтижесінде мүмкін болып отыр.

2012 жылғы 1 тамыздан бастап лицензиялар электрондық нұсқада беріле бастағандығын қосымша айтып кеткен жөн. Осымен бірге 87 рұқсат құжаттарын автоматтандыру жұмысы жүргізілді.

Бұдан басқа, Асқар Жұмағалиев Мемлекет басшысына электрондық үкіметтің мобильдік қосымшасын таныстырды. Мобильдік қосымша жақын күндері ресми түрде іске қосылады. Осының арқасында мобильдік құрылғылардың көмегімен салық, айыппұл, коммуналдық қызметтердің төлемақысын төлеуге және балаларды балабақша кезегіне тіркеу мүмкін болады.