А.Қорғанбаевтың айтуынша, дайындық куәліктерін саммитті өткізуге жауапты — Астана қалалық Мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау департаменті, Көлік және автомобиль жолдары департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті мен өртке қарсы қызметтер, барлық аудан әкімдіктері, Туризм және спорт басқармасы, Елордалық туризм қауымдастығы, Мемлекеттік сәулет-құрылыс қадағалау басқармасы алуы тиіс.
Басқарма бастығының сөзіне қарағанда, шетелдік қонақтарды жоғары деңгейде қарсы алу үшін бұдан бөлек, әрбір қонақүйге, саммитке қатысатын әрбір мемлекет пен олардан келетін делегацияларға жауапты әкімдіктің бір-бір қызметкері бекітілді.
Айта кетейік, Елордалық туризм қауымдастығы «Броньдау және тіркеу», «Тамақтандыру саласындағы сервис» және «Қонақүй ісі» бағыттары бойынша шет ел тілдерін тереңдетіп оқыту курстарын өткізіп, бүгінгі күнге дейін 250 маман даярлады. Одан бөлек, алдағы 7-ші қысқы Азия ойындарына тартылатын еріктілердің арасынан тілді жетік меңгерген 120 жас іріктеп алынды. Олар 3 жұлдызды, 1 және 2-санаттағы қонақүйлердегі тіркеу бөліміне жұмысқа тартылатын болады.
«Бұл шараларға қалалық бюджеттен барлығы 8 млн. теңге бөлінді. Оның 4 млн. — тіл үйрету курстарына, 4 млн. — мейманханалар қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға бағытталды», — деді А.Қорғанбаев.