Министрлік бұған дейін 2014 жылы Алматы қаласының әкімдігі Калифорния штатының сотына Храпунов пен оның отбасы мүшелері және олардың АҚШ пен басқа да елдерде тіркелген жалған компанияларына қарсы шағым түсіргенін хабарлаған. Шағымда Храпуновтың "ұйымдасқан қылмыс және коррупциямен күрес жөніндегі заңды, Алматы қаласы тұрғындарының мүддесіне жұмыс істеу міндеттемесін бұзғаны, бөтеннің мүлкін заңсыз иелену және осы мақсатта қылмыстық сөз байласқаны" айтылады.
Ресми мәлімет бойынша, әуелде штаттың округтік соты "АҚШ бұл дауды қарайтын жер емес" деген уәжбен қайтарып тастаған. Бірақ Алматы әкімдігі мен әділет министрлігі Калифорния штатының апелляциялық сотына қарсы шағым түсіріп, ол сот 2017 жылы 30 наурызда округтік соттың алғашқы шешімін жойған. Бұдан соң Храпуновтар АҚШ-тың тоғызыншы округінің апелляциялық сотына Калифорния штаты апелляциялық сотының шешімін қайта қарауды сұрап шағым түсірген.
"Храпуновтар мен олардың жалған компаниялары Алматы қаласының бюджетінен ұрланған қаржыға Калифорнияда жылжымайтын мүлік пен қымбат көліктер алған" дейді миинстрлік.
Сотта Алматы қаласының мүддесін Қазақстан әділет министрлігі қорғамақ. Қазақстан билігіне АҚШ-та Latham&Watkins LLP заң фирмасы кеңес береді.
Алматының бұрынғы әкімі, 65 жастағы Виктор Храпунов қазір Швейцарияда тұрып жатыр. Храпуновқа Қазақстан билігі коррупциялық айыптар бойынша іздеу жариялаған.