Жарияланды: 680

Астана: астан ұшынған жігіт көз жұмып, оның анасы жан сақтау бөліміне жеткізілді

Астанада 21 жастағы азамат астан ұшынып қайтыс болды. Ол қолдан жабылған баклажан салатынан уланған. Данияр Садықов баклажанның бір қасығын ғана жеген екен. Ал жай дәмін татып көрген анасы аурухананың жан сақтау бөлімінде жатыр. Бұл салатты олар базар маңында сауда жасайтын кемпірлердің бірінен сатып алыпты.  Аталмыш оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Небәрі 21 жастағы Данияр Садықов жұқпалы аурулар ауруханасында көз жұмды. Дәрігерлер оның мұнда өте кеш жеткізілгенін айтады. Қазір аурухананың жансақтау бөлімінде оның анасы ауыр халде жатыр. Тіпті ұлын ақтық сапарға шығарып салуға да бара алмады.

Енді бір-екі айда үйленгелі отырған Даниярды туыстары ақтық сапарға шығарып салды. Қайғы жұтқан жұрт жедел жәрдем қызметі дер кезінде дұрыс диагноз қойғанда,Даниярдың көрер жарығы көп болар ма еді деп отыр.

Алмагүл Садықова, туысқаны:

- Жедел жәрдем көмек көрсетпей, неге  сандалтып  дәріханаға жіберген?!  Өздерінің алғашқы жәрдемі қайда, дәрі-дәрмектері қайда?!

Марқұмның соңғы сәттерінде қасында болған қалыңдығы Әсел жедел жәрдемді Даниярдың басы айналып, тынысы тарыла бастаған сәтте-ақ шақырыпты. Алайда алғашқы келген дәрігерлер тек дәрі жазып берумен шектелген.   

Жанат  Садықов, Даниярдың әкесі:

-  Жедел жәрдем басқа диагноз қойып,дәрі жазып кеткен. Ол дәріні ішкеннен кейін  жағдайы жаман болған. Түнде қайта жәрдем шақырып алып кеткен, ертесінде таңертең  сағат 10-да «балаңыз қайтып кетті»деп айтты.

Дәрігерлер Даниярдың өмірін сақтап қалу үшін түнімен жанталасқандарын айтады. Бірақ,у денесіне дендеп кеткендіктен,ешқандай ем көмектесе алмаған. Арнайы жасалған медициналық сараптама марқұмның ботулизмнен қайтыс болғанын анықтады. Яғни,дұрыс дайындалмаған баклажан салаты осы дертке шалдықтырған.   

Көкенай Қайыргелдіқызы, Астана қаласы жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігері:

- Ботулизм ауруы шығаратын таяқша - өте улы, жылан уынан да күшті; уланған адамның бірден жүйке жұлындарына ықпал етеді. Бұл кісілербізге кеш келді.    

Даниярдың анасы салаттың тек дәмін ғана татқан, сондықтан аман қалып отыр. Соның өзінде уыты  күшті болғандықтан әлі жағдайы ауыр. Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы мен жедел жәрдем қызметі әзірге бұл оқиға жайында қандай да бір ақпарат беруден бас тартып отыр. Ал Ішкі істер департаменті  аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастады.

 

 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть