Жарияланды: 290

Астана әуежайында өзін жармақшы болған жігіттің кім екені анықталды

Астана әуежайында өзін-өзі жарамын деп шу көтерген жігіттің аты-жөні анықталды.

Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады. 2012 жылғы 21 желтоқсанда сағат 22.10-да Көліктегі ІІД-нің Астана қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің кезекші бөліміне патрульдік пост қызметкері әуежай ғимаратына қолдан жасалған жарылғыш құралы бар жилет киген бейтаныс адам келе жатқанын хабарлады. Кезекші жасақ аталған азаматты тоқтатты. Еуропаның бір еліне ұшуды талап етіп, өзін жарамын деп қорқытты. Дабыл бойынша желілік полиция бөлімінің жеке құрамы көтеріліп, оқиға болған жерге Көліктегі ішкі істер департаментінің, Астана қаласының, ҰҚК, прокуратура және төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері шықты. Жақын арада ұшатын ұшаққа басқа ғимараттан отырғызылады деген сылтаумен полицейлер оны әуежайдан шығарып алып, қала жаққа қарай 200 метрге дейін апарды. Әуежайдағы желілік бөлімінің бастығы бейтаныс азаматпен сөйлесіп, Астана қаласының ІІД патрульдік автомашинасына отыруға көндірген және жолаушылардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында қауіпсіз аралығына Пригородный кентінің гараж жағына жеке өзі шығарып апарды. Сөйлескеннен кейін белгісіз адам өзінің жилетін шешіп, желілік полиция бөлімінің ғимаратына қарай жүрді. Астана қаласы ІІД арнайы әрекет ету бөлінісінің саперларының тексеруі барысында қолдан жасалған жарылғыш қондырғы муляж екендігі анықталды. Ер адамның жеке басы анықталды. Ол Ақмола облысы, Степногорск қаласының 18 жастағы тұрғыны, бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған. Ұсталған адам уақытша ұстау изоляторына қамалды, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 242-бабы бойынша (терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) қылмыстық іс қозғау туралы мәселе шешілуде.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін