Астана әуежайының Нұрсұлтан Назарбаев болып аталуы қоғамдық пікірді көбейтіп жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астана әуежайының Нұрсұлтан Назарбаев болып аталуы қоғамдық пікірді көбейтіп жатыр

Астана әуежайының Нұрсұлтан Назарбаев болып аталуы қоғамдық пікірді көбейтіп жатыр

Елорда әуежайының жаңа атауы жайындағы жаңалық бүгін ертемен ел арасында желдей есті. Қоғамдық және үкіметтік емес ұйым өкілдері, жастар бірлестігі, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері мен ардагерлер ұйымдарының өкілдері өз пікірлерімен бөлісті.

  • 21 Маусым 2017
  • 498
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми интернерт-ресурсы хабарлады.

— «Астана» халықаралық әуежайына тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысын қуана қабылдадым. Бұл жалпы халықтың Елбасына деген сенім-құрметінің мемлекеттік деңгейде көрініс табуы деп білемін. Қазір бүкіл әлем Қазақстанды, оның Президенті Нұрсұлтан Әбішұлын жақсы біледі. Елбасымыздың бастамасымен әлем елдерін бірлікке, татулық пен ұйымшылдыққа шақырған маңызды жобалар табысты жүзеге асырылуда. Қазір Елбасы мен еңселі Елордамыздың есімі егіз ұғымға айналды. Астананы салуда Нұрсұлтан Әбішұлының тарихи еңбегін ешкім де жоққа шығара алмайды. Сондықтан, арайлы Астанамыздың жиырма жылдығы қарсаңында қаланың бас қақпасына осы шаһардың негізін салушы тұлғаның есімін беру тарихи шешім болды деп білемін, — деді ақын, «Қазақстан жазушылары одағы» РҚБ Астана қалалық филиалының төрағасы Несіпбек Айт.

— Елбасы мен Астана – егіз ұғым! Қа­зір­гі таңда Астана — әлемдік деңгейдегі экономикалық, саяси, әлеуметтік мәсе­лелерді шешуде үлкен саяси орталық болып табылатын әлем мойындаған қала. «Астана – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың ерлігі» дейді халқымыз. Халық айтса қалып айтпайды. Шынында, тәуелсіз мемле­кетіміздің жаңа астанасын қалыптастыру – Тұңғыш Президентіміз, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының үлкен еңбегінің жемісі. Сондықтан, Елбасымыздың еңбегін ерекше атап өту, маңызды нысанға есімін беру ұсынысы орынды деп білемін, — деп  Астана қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов пікір білдірді.

— Елордадағы «Астана» халықаралық әуежайының атауын Елбасымыздың құрметіне өзгерту туралы маңызды шешім қабылданғанын қолдаймын. Әлем елдерінде мұндай фактілер жеткілікті. Бұған Стамбұл шаһарындағы Ататүрік әуежайын, Делидегі Индира Ганди әуежайын, Париждегі Шарль де Голль әуежайын мысал ретінде атап өтуге болады. Астана – Елбасының төл туындысы, еліміздің бас қаласы, күллі әлемді таңғардырған еңселі мегаполис. Қаланың қысқа уақытта әлем таныған маңызды қалаға айналуына мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының қосқан үлесі орасан. Сондықтан бұл бастама барша Қазақстан халқынан қолдау табады деген сенімдемін, — дейді «Астана қаласының азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Арман Нұртазин.

— Қазақстан Республикасы өз Тәуелсіздігін алғаннан бері танымастай өзгеріп, экономикасы мен мәдениеті дамыған, салт-дәстүрі сақталған алдыңғы қатарлы мемлекеттердің бірі болып отыр. Мұндай жетістіктерге жеткен мемлекеттердің қатары саусақпен санарлық. Қазір біздің мемлекетті әлемнің көптеген елі танып жатыр. Осы жолда аянбай еңбек етіп, салиқалы саясаты мен ұшқыр ойы, дана ақылымен елімізді алға сүйреп жүрген Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев. Осы уақытқа дейін жеткен жетістігімізді ескере отырып Астана қаласы әуежайының атауын Мемлекетіміздің басшысы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен атаулуын қос қолдап қолдаймын, — дейді «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баян Ахметжанова. 

— Кез-келген дамыған мемлекет мысалында оның орнығып, қалыптасуында елеулі үлес қосқан азаматтарға әуежай атауын беру тәжірибесі молынан кездеседі. Ондай мысалдар өзіндік бренд ретінде қалыптасып қана қоймай, сол елге еңбегі сіңген тұлғаларға зор құрмет болып табылады. Халықаралық Кеннеди, Гайдар Алиев атындағы әуежайлар солардың жарқын үлгісі бола алады. Елдің іргесін қалауда еселі белесті бағындырған азаматтардың есімдерін беру орынды деп есептейміз. Бұл тұрғыда Астана Халықаралық әуежайына мемлекетіміздің әлемдік сахнада межелі белесті бағындырып, жетекші елдермен теңестірген Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімін беру бастамасын Астана жастары толықтай қолдайды, — деген ойымен бөлісті «Астана жастары» КММ басшысы М.Болысбек.


— Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  Қазақстан Республикасы үшін төккен терін, ерен еңбегін ештеңемен салыстыруға келмейді. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері халықаралық деңгейдегі саммиттер, форумдар секілді көптеген іс-шараларды өткізуде. Өз басым еліміздің бас шахары, қырандай аспанға шарықтап тұрған Астананың төрінде орналасқан Елорда әуежайын Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың атымен атауға келісемін, — дейді қоғам қайраткері, зиялы қауым өкілі, академик Ғарифолла Есім.

— Бүгінгі күні Астана қаласы күллі әлем көз тігіп отырған көптеген іс-шараларды өткізуде. 20 жылдың ішінде Елордамыз адам танымастай өзгеріп Қазақстан Республикасының айнасына айналды. Бас қаламыздың сәулетін құру үшін әлемге әйгілі сәулеткерлердің ғимараттары бой көтерді. Солардың барлығын ұйымдастырып, Астананың 20 жыл ішінде ару қалаға айналуына Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі елеулі. Елбасының осы уақытқа дейінгі Елімізге, Астана қаласына қосқан үлесін ескере отырып Астана қаласы Әуежайының атауын Тұңғыш Президентіміздің атымен өзгертуге еш кедергі болмауы тиіс деген ойдамын. Себебі мұндай жұмысты атқара алу көптің қолынан келе бермейді, — деді «Қазақстан әйелдері қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Гүлнәр Байымбетова.

— Қазақстанның тәуелсіздік алып, аяғынан нық тұруына, Астананың Астана болып, бүгінгі биіктерді бағындыруына Елбасымыз  Нұрсұлтан Әбішұлының сіңірген еңбегі орасан. Биыл Астанамызға жиырма жыл. Бұл да бір белесті кезең. Мұндай мерейтой қарсаңында әр нәрсеге ат қойылып, айдар тағылады. Сондықтан әуежайдың атын ауыстыру туралы ұсынысты жеке өзімнің және жанұямның атынан қол қолдап қолдаймын. Әуежай — елдің, қаланың қақпасы. Бас қаламызға келген қонақтар ең әуелі әуежайға табан тірейді. Елге келген қонақтар елдің атын шығарған Елбасының есімін көреді. Сондықтан бұл бастама — Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында орын алған оңды өзгеріс деп санаймын, — деді Астана қаласы Қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары Мұхтар Еркетаев.