Астананың бірнеше сауда нүктелерінде киік еті пайда болды. Бұл туралы Informburo.kz редакциясы дүкендерді аралау барысында анықтады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Материалға сәйкес, қаладағы супермаркеттерде киік етінің бағасы килограмына 2300 теңгеденбасталады. Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі киік етін 1600 теңге бағасымен сатуды ұсынған еді.
Informburo.kz деректері бойынша, киік еті мына сауда желілерінде сатылып жатыр:
— Small супермаркеттері – алдыңғы бөлігі 2770 тг/кг, жоны 3000 тг/кг;
— Светофор – 2340 тг/кг.
Magnum желісі бұл өнім әзірге сатылымда жоқ екенін растаған.
Сатушылардың айтуынша, киік еті Қарағанды облысынан жеткізіледі.
Informburo.kz мәліметінше, киік еті бүгінде Қазақстанның тоғыз өңірінде саудалануда. Бағалар өңірге қарай төмендегідей:
Ақтөбе облысы – 1800 тг/кг;
Қызылорда облысы – 1600 тг/кг;
Маңғыстау облысы – 1600–2300 тг/кг;
Атырау облысы – 2000–2200 тг/кг;
Қарағанды облысы – 1900–1970 тг/кг.
Агросарапшы Кирилл Павлов аталмыш еттердің түріне қарап, шұғыл сараптама жасау керектігін алға тартып отыр.
«Мүмкін, фотоның өзі солай түсірілген шығар, мүмкін, менің ет өнімдері саласындағы тәжірибем жеткіліксіз шығар, бірақ еттің түсіне қарағанда, жануардан қанды дер кезінде алмай, кейін алғанға ұқсайды. Сатып алып, сараптамаға жіберу керек екен», — деп жазды ол.
Сарапшының ойына желі қолданушылары да қосылып отыр. Суретке қарағанда, ет қарайып кеткен.
«Мынаны тегін берсе де алмайды».
«Сіз 1000 пайыз дұрыс айтасыз, Қазақстан азаматтарына арналған еттің түрі мұндай болмауы керек. Тергеу жүргізіп, сотқа жеткізіп, жазалау керек».
«Бұл сайғақтарға обал болды. Оларды баққан жоқ, өсірген жоқ, барды да өлтіріп, енді содан ақша жасамақшы. Ашкөздіктің шегі жоқ».
«Бір видеоны көргенмін, сайғақты сойып, бөліп жатқан. Антисанитария, тіпті дәмін де татқың келмейді содан кейін».