Астана тағы абыр-сабыр; қатаң тәртіп, қызу дайындық. Бұл 1-2 желтоқсанда өтетін ЕҚЫҰ-на мүше елдердің басшыларын қосатын үлкен жиынға дайындықтың алғашқы белгілері. Қазірдің өзінде Жол полициясының қызметкерлері қала шетіндегі көліктерді тоқтатып, олардың ауаға лас газдарды қаншалықты шығаратындықтарына дейін тексеруде. Егер белгіленген мөлшерден артық болса, айыппұл салынады. Яғни, саммит қарсаңында Астананың ауасы да таза болуы тиіс. Сонымен қоса сырттан келетін көлік саны шектелмек. Мұның барлығы қалада көлік кептелістерін болдырмау үшін жасалынып жатыр.
Бақытжан Алтыбай, Астана қаласы ЖПБ бөлім бастығы:
— Қазір барлық жол полициясының қызметкерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр.
ЕҚЫҰ саммиті қарсаңында шетелдік қонақтарға қызмет көрсететін жекелеген туристік фирмалар да атсалысуда. Олар ең әуелі автопарктерін жаңартуда. Өйткені алдағы саммит кезінде көлік қызметіне тапсырыс көп болмақ. «Сол себепті қазірден бастап өздеріне қарасты көліктерге алдын ала жұмыс кестесін беріп қойдық»,- дейді туристік фирманың қызметшілері.
Динара Әбутәліпова, туристік фирманың директоры:
— Қазірден бастап дайындалып, тапсырыс алып жатырмыз. Қазіргі кезде көп тапсырыс алатынымызға еш күмәніміз жоқ.
Астаналық Мұрат осындай фирмаларда өзінің жеке көлігімен жұмыс істейді. Шетелдік қонақтарды тасымалдап жүргеніне де бірнеше жыл болған. Тіпті соның арқасында ағылшын тілін де үйреніп алғанын айтады.
Мұрат Мақсұтов, көлік жүргізуші:
— Бізге жұмыста айтты. Саммит болады, оған дайынбыз. Машина дайын, жұмыс көп болады.
ЕҚЫҰ саммитіне 50-ден астам мемлекет басшылары келеді деп күтілуде. Олардың барлығына да жоғарғы деңгейде қызмет көрсету үшін арнайы VIP санатындағы кортеждер дайындалып жатыр. Бұл жерде тек АҚШ пен Ресей басшыларының ғана қызмет көрсететін көліктерді өздерімен бірге алып келулеріне мүмкіндіктері бар.
Саммит өтетін уақытта, яғни 1-2 желтоқсанда еліміздің басты алаңы да қатаң бақылауда болмақ. Өйткені үлкен басқосу жиыны Тәуелсіздік сарайында өткізіледі деп жоспарланып отыр. Полицейлердің сөзімен айтқанда, бұл жер «қызыл аймақ» болып есептеледі. Сол себепті осы маңдағы «Гранд-Астана», «Хайвилл-Астана» және басқа да жекелеген үйлердің тұрғындары тек арнайы рұқсат қағаздарымен ғана жүріп-тұруға міндеттеледі. Осы аймаққа қарасты көшелер де жабылып, мұнда жүретін қоғамдық көліктердің жүру бағыттары да өзгеруі мүмкін.