Астана EXPO - Қазақстанды дүниежүзіне танытатын мегажоба - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+14 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астана EXPO - Қазақстанды дүниежүзіне танытатын мегажоба

Астана EXPO - Қазақстанды дүниежүзіне танытатын мегажоба

Дүниенің төрт бұрышын түгел аралап көру - орындалмайтын армандардың бірі. Жер шарының шекаралары ашылып-ақ жатқанмен, адамның уақыты да, қаржысы да бұл арманның толық жүзеге асуына тосқауыл болатыны анық.

  • 15 Желтоқсан 2015
  • 2218
Фото - Caravan.kz

Дегенмен, жылына бір рет әлемнің жүздеген елі жиналатын қалаға барып қана әртүрлі халықтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін танып, ұлттық тағамдарынан дәм татып, сол ел туралы Сізге беймәлім болып келген құпияларымен танысуға әбден болады. Мұндай мүмкіндікті ұсынатын — Халықаралық EXPO көрмесі.

19-ғасырдың ортасынан бастап өтіп келе жатқан дүниежүзілік көрме расымен де қандай да бір халықтың дініне, тіліне, мәдениетіне, тіпті, саяси-экономикалық жағдайына қарамастан, көрме алаңына келіп, өз елін жан-жақты таныстыруға, турист тартуға, өз өнертапқыштарының жасаған жаңа бұйымын әлемдегі ең керекті дүниеге айналдыруға жағдай жасайды. Себебі, о баста, EXPO көрмесі — сол заманның немесе «болашақтың» ең тамаша технологиялық, ғылыми және мәдени жаңалықтарының экспозициясы ретінде ұйымдастырылған еді. Дүниежүзі халықтарының көрмесін бір ғимаратта өткізу туралы идея алғаш рет 1851 жылы Лондонда көтерілген, содан төрт жыл өткен соң көрмеге арналған қалашықтар салына бастады —  ЕХРО көрмесінің арқасында «Кристалл сарайы» (ең алғашқы көрме өткен ғимарат), төбедегі жаңа қалашық (ХХІ ғасырдағы бірінші көрме — Жапонияның Айчи префектурасы) пайда болған-ды.
EXPO

Бір байқағанымыз, 19 ғасырдың соңы мен 20-ғасырдың басында адамзат дүниеде технологияны дамытуға тырысқан. 1904 жылы Сент-Луистегі көрмеге келген халық жаңа туған баланы салатын инкубаторды бірінші рет көрсе, жарты ғасырдан соң, яғни, 1962 жылы «Адамзат ғарыш дәуірінде» деген тақырыптағы көрме өткен. Ал, тағы жарты ғасыр өте келе технологияны дамытудың шарықтау шегіне жеткен адамзат табиғат пен адамзат арасындағы тепе-теңдіктің бұзылғанын байқайды. Сондықтан да, технологиялар мен инновациялар тақырыбы «тасада» қалды да, көрме  «Табиғаттың даналығы» (Айчи-2005 көрмесі»), «Су мен ақылды даму» (Сарагоса-2008 көрмесі) сынды  тың тақырыптар аясында өте бастады. Ал, биылғы Милан көрмесі «Планетаны тамақтандыру. Өмір энергиясы» тақырыбында өтсе, келесі жылы Анталия «Балалар мен гүлдер» тақырыбын, 2017 жылы Астана «Болашақтың энергиясы» тақырыбын ұран етпек.

Милан көрмесіне дейінгі ЕХРО-ның тақырыптары талай рет талданып, халықаралық қауымдастық тарапынан өз бағасына ие болып үлгерді. Сондықтан, соңғы үш көрменің өзара ұқсастықтары мен  айырмашылықтарына толығырақ тоқталуға болады.

EXPOEXPOEXPO
Сонымен, маусым айының соңында Италиядағы ең сұлу шаһарлардың бірі —  Милан қаласына сапар шектік. Милан ЕХРО-2015 көрмесінің тақырыбы азық-түлік қауіпсіздігіне арналған. «Әлемді тамақтандыру. Өмірге арналған энергия» атты тақырыптағы бұл көрме адамзат алдында тұрған мақсат — 2050 жылға қарай тоғыз миллиард адамды азық-түлікпен қалай қамти аламыз деген мәселені талқылауға, жалпы, азық-түлік қауіпсіздігін қамту мәселелеріне арналған. 1 мамырда зор салтанатпен ашылған көрме ұйымдастырушылары қазан айының соңына дейін 20 миллион турист қабылдаймыз деп жоспар құрған екен. Бірақ, маусым айының соңында-ақ, небары екі ай уақытта Милан көрмесін 15 миллионға жуық адам тамашалап үлгерген. Жалпы, ЕХРО-2015 көрмесін — «әлем асханаларының көрмесі» деуге әбден болады. Себебі, Милан көрмесі — тәнді тамақпен, жанды — әуезді музыка, әдемі архитектура, таңдай қақтырар павильондар және әртүрлі елдердің мәдениетімен азықтандырған көрме болды. Қай павильонға кірсеңіз де, алдыңыздан ұлттық тамағын ұсынып шығады. Бір сөзбен айтсақ, 200 гектар аумаққа орналасқан Милан көрмесіне келген адам бүкіл әлемді шарлап шыққандай күй кешеді де, әлемнің 144 мейрамханасынан 144 түрлі дәм татып, әлемнің 144 тілінен кем дегенде бір сөз үйреніп шыққандай болады. Ал, Милан бұл саяхатқа бар жағдайды жасап қойған. Миланның кез келген әуежайынан ЭКСПО аумағына тасымалдайтын шағын автобус, үш линияда бес минут сайын қатынайтын метро, ЭКСПО-Милан логотипі бар такси, ал, көрме аумағына кіргенде, егде жастағы адамдарға қызмет көрсететін велосипед, мүмкіндігі шектеулі жандарға бастан-аяқ қызмет көрсететін көліктер, бәрі-бәрі осынау жауапты шараға сақадай сай дайындалған. Ең бастысы — Милан көрмесі Италияның Премьер-министрі Маттео Ренциді қымызға тойдырған көрме болды. Милан көрмесінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен Қазақстанның Ұлттық күніне қатыса отырып, ол «мен алғаш рет қымыз ішіп көрдім. Қымыз адамның бойына сарқылмас күш-қуат береді екен», -деп ағынан жарылған болатын. Жалпы, қуана айтарымыз, Маттео Ренциден басқа да Қазақстанның Милан көрмесіндегі павильонына  қызыққан халықта есеп болмаған. Себебі, ЕХРО-2015 көрмесінің тақырыбы, яғни, «Әлемді  тамақтандыру» тақырыбы аясына ғана «тығылып», павильонын азық-түлікке ғана толтырған көптеген елдермен салыстырғанда Қазақстан үш қабатты павильонға виртуалды болса да, қазақ халқының бар байлығын, дархан даланың тамаша көріністерін сыйдыра білген. Қазақстан Республикасының ұлттық павильонына күн сайын 5 мың турист келген. «Біздің павильон өте танымал павильондардың бірі,-дейді журналиситерге сұхбат берген Қазақстан ұлттық павильонының бас комиссары Әнуарбек Мусин. — Жалпы, туристерге біздің интерактивтілігіміз қатты ұнады. Өзіңіз қарап көріңіз, келген туристер озық технологиялардың арқасында қазақ жерінде өсетін гүлдің иісін сезе алды, көзіне экран тосса, Қазақстанның кең жазығында атпен шапқандай күй кешіп, теңіз бен көлдерімізді көре алды. Бір сөзбен айтқанда, біз келген адамдардың көзін де, құлағын да таң қалдырдық». Бас комиссардың айтуынша, ЭКСПО көрмесін тамашалауға келген туристермен қатар, арнайы делегациялар да Қазақстанның павильонын сағаттап аралаған. Осылайша, Миландағы ЕХРО-да Қазақстанның павильоны үздік үштікке кірді. Бұл — 2017 жылы Астанада өтетін көрмеге жасалған ең үлкен пиар болғаны анық…

EXPO
Ал, енді Анталия-2016 көрмесіне аз-кем тоқталсақ. Бұл бес жылда бір өтетін әмбебап көрме, немесе, екі жылда бір өтетін мамандандырылған көрме болмаса да, Анталия көрмесінің атауы өте ерекше. «Балалар мен гүлдер»!  Бұл  көрме тарихы терең, құпиясы мол Анталияның орталық аумағын әдемі бау-бақшаға айналдырады. 100-ден астам ел қатысатын Анталия-2016 көрмесі шамамен 8 миллион турист қабылдайды деп күтілуде. «Кейінгі ұрпаққа қалдырар жасыл әлем» атты ұранмен өтетін көрме 2016 жылдың 23 сәуірінде ашылып, үш айға созылады.

EXPO
Көрменің бойтұмары — Эке мен Эфе атты екі түрік баласы. Кез келген халықтың тіліне ыңғайлы бұл екі есім түркі халқына түгелдей таныс екен. Міне, осы Эке мен Эфе түркі халқының ұлттық киімін киіп, Түркия жұртының қонақжайлығын танытады.

Анталия ЭКСПО-2016 көрмесін ұйымдастырудағы бір ерекшелік, көрменің ресми сайты «балалар мен гүлдерді» қорғауға үлес қосқысы келген кез келген адамды ерікті болуға шақырады. Дәл қазір Анталия ЕХРО-2016 көрмесіне ерікті ретінде қатысуға әлемнің түпкір-түпкірінен 8003 адам өтініш берген. Сондықтан, Сіз деwww.expo2016.org.tr/anasayfa/RU сайтына тіркеліп, Анталиядағы бау-бақша алқабын көзбен көре аласыз!

EXPO
Енді Астана-2017 көрмесі туралы арыдан сөз қозғай, баяндасақ. 2012 жылдың 22 қарашасында ҚазАқпараттың Еуропадағы меншікті тілшісі Димаш Сыздықов Париж қаласынан ақпарат агенттіктері арасында алғашқы сүйінші жаңалық жариялады. Халықаралық көрмелер бюросының 161 мүше-мемлекеттері өкілдерінің жасырын дауыс беруі барысында әсем Астана бельгиялық Льеж қаласын басып озып, ЕХРО-2017  Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу астанасы болып таңдалды. Сонда Астананың өтінімін Халықаралық көрмелер бюросының 103 қатысушы-елі қолдады, 44-і — «қарсы» дауыс берді. 2017 жылы ЕХРО мамандандырылған көрмесін өткізу құқығының финалдық кезеңінде Қазақстан елордасы — Астанамен бірге бельгиялық Льеж қаласы үміткер болды. Бельгия өзінің өтінімінде «Адамдарды біріктіре отырып» деген тақырып ұсынды. Қазақстан елордасы ұсынған тақырып — «Болашақтың энергиясы» — энергияның баламалы көздеріне және «жасыл» технологияларға арналған.

EXPO
Дәл сол күні, 22 қарашада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Париж қаласынан отандық телеарналардың тікелей эфиріне шығып,  қазақстандықтарды Астананың ЕХРО-2017-дегі жеңісімен құттықтады. Ал, бұл уақытта Қазақстан өзінің тәуелсіз тарихындағы әлемді мойындатқан кезекті үлкен жетістігін бүкіл қалада отшашумен, думанды көңіл-күймен тойлап жатқан еді. Мемлекет  басшысы тікелей эфирді пайдалана отырып, Н.Назарбаев Қазақстан халқына үндеу жолдаған еді. «ЕХРО-2017 көрмелерінде барлық мемлекеттер өздерінің таңдаулы технологиялық, ғылыми және мәдени жетістіктерін көрсетеді. Олар жаһандық дамудың жаңа күн тәртібін қалыптастырады. Мұндай шараларға барлық құрлықтардан ондаған елдерден миллиондаған адамдар келеді. Астананың бәәсекелестік күресте жеңіске жетуі — кездейсоқ емес. Біріншіден, бұл біздің астанамызды әлемдік деңгейдегі оқиғаны қабылдауға лайықты орталық деп танығандық. Екіншіден, Астананы таңдау біздің мемлекетімізге берілген жоғары баға және оның дамуы — бүкіл еуразиялық аймақтың дамуы перспективаларын атап көрсетеді. Үшіншіден, жеңіске біз ұсынған — «Болашақтың энергиясы» тақырыбының өзектілігі көмектесті. Ақырында, бастысы — Астананы таңдау бүкіл қазақстандық халықтың күш-жігерінің жемісіне айналды»,-деген болатын Мемлекет басшысы.

Тоқтала кететін жайт, Қазақстан Халықаралық көрме бюросының мүшелігіне 1997 жылы қабылданған болатын. Сонымен қатар, алғаш рет Қазақстанның көк Туы 1998 жылы Лиссабонда өткен EXPO-ның Халықаралық мамандырылған көрмесінде желбіреген болатын. Белсенді экспонент ретінде Қазақстан EXPO-ға 2005 жылдан бері қатысып келеді. Ал 2011 жылдың 10 маусымында Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының штаб-пәтерінде EXPO-2017 жобасының ұлттық үйлестірушісі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев Бюроның Бас хатшысы Винсенте Гонсалес Лоссерталеспен кездесіп, ҚР Премьер-Министрінің қолы қойылған Қазақстан Республикасының ресми өтінімін тапсырған болатын. Сөйтіп былтырғы 10 маусымнан бастап Қазақстан Астанада ЕХРО-2017 көрмесін өткізу бойынша сайлау науқанына кірісіп, кейіннен өтінім құжаттамасы (көрмені өткізу тұжырымдамасы, техникалық-экономикалық негіздеме, көрмені өткізу жоспары, қонақтардың қауіпсіздігі мен оларды қарсы алу туралы инфрақұрылымдық шешімдер) дайындалып, Халықаралық көрмелер бюросына тапсырылды.


Жалпы, Астанадағы ЕХРО-2017 Орталық Азия аймағы мен ТМД елдерінде өткізілгелі отырған алғашқы халықаралық көрме болмақ. Астанадағы ЕХРО көрмесі 3 айға — 2017 жылғы 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейін созылады. Оған әлемнің 100-ге тарта елі және 10-ға жуық халықаралық ұйымдар қатысады деп күтілуде. Көрмеге 5 миллионнан астам адам келеді. Бұл Қазақстанның халықаралық ілгері жылжуы жолындағы үлкен қадам болғаны анық.

EXPOEXPOАстана-2017 көрмесіне 540 күн қалған қазіргі таңда «Астана-ЕХРО»  Ұлттық компаниясы қарқынды жұмыс атқаруда. Күніне бір, тіпті, екі мемлекетпен ЕХРО көрмесіне қатысу туралы келісімшартқа қол қояды. 8 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Елшісі Қалыбек Қобыландин «ЕХРО-2017» Моңғолия секциясының комиссары, Моңғолияның Энергетика министрі Дашзэвэгийн Зоригтпен кездесу барысында «ЕХРО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуы туралы шартқа қой қойған Моңғолияны қоса алғанда, көрмеге 57 ел мен 12 халықаралық ұйым қатысатынын растап отыр. Ал, жуырда ғана Парижде өткен «Климаттың өзгеруімен күрес және болашақ энергиясы» атты тақырыптағы «Болашақ энергиясы-2015» форумы барысында Қазақстан Астана-ЕХРО-2017 көрмесіндегі негізгі архитектуралық ғимарат — үлкен шардың, яғни, «болашақтың музейін» қандай бұйымдармен толықтырамыз деген мәселені талқылап келді. Яғни, Париж қаласында Нобель сыйлығын иеленген даңқты ғалымдармен келіссөз жүргізіп, «болашақтың энергиясы» тақырыбына қызығатын (ал, тақырыпқа қызығушылық танытқан ғалымдар өте көп екен — агенттік) зерттеушілерді өз жобаларын Астанадағы «болашақтың музейіне» қою туралы келіссөздер жүргізген. Жалпы, бұл шара «ЭКСПО-2017» көрмесі аясындағы халықаралық конференциялар сериясының екінші форум. Жиын барысында негізгі баяндаманы Халықаралық көрме бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес жасаған болатын. «Астана ЭКСПО-2017» форумы аясында таңдалған «Болашақ энергиясы» тақырыбы барлық энергетикалық мәселелер бойынша білім беру, инновациялық даму және ынтымақтастыққа айтарлықтай әсер етпек, — деп атап өтті Бас хатшы.
EXPO

Ал ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник Париждегі «Болашақ энергиясы» форумын аша отырып, қазіргі күні энергетикаға әлемдік катынасты талқылау үшін ең маңызды кезең болып отырғанын атап өтті.
EXPO

«Біз даму процесінде энергетиканың қаншалықты маңызды рөл атқаратынын сезінеміз. Алайда, қазба байлықтарды игеру барысында пайда болатын көмірқышқыл газы шығарындыларының Жер климатының өзгерістеріне әкеліп отырғаны анық. Бұл әлемдегі жүздеген миллион адамның қауіпсіздігін қатерге тігіп, жергілікті, ұлттық және жаһандық тұрақтылықтың маңызды өзегіне сызат түсіреді», — деп атап өтті министр. Бір айта кетерлігі, қазір осы «шардың» атауы жан-жақты қарастырылып жатыр. Жуырда, Үкіметтің кеңейтілген отырысында, «Астана-ЕХРО-2017» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов ҚР Президентіне ғимаратты «Нұрлы әлем», «Нұр әлем», «Әлем нұры» деп  атау туралы ұсыныс тастаған еді. Президент өз тарапынан «Әлем шар» деген атауды ұсынып, А.Есімов тарапынан ұсынылған «Нұр әлем» нұсқасын қалдырды. «Бұл әлі талқыланатын мәселе. Ғимараттың атауын әлі ойластырармыз», — деген болатын Н.Назарбаев.
EXPOEXPO
EXPO

«Күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі — Астана ЕХРО-2017 көрмесінің тақырыбын халықаралық деңгейде жарнамалау. Соңғы деректерге сүйенсек, көрмеге 57 мемлекет қатысатынын растап отыр. Сондай-ақ, ЕХРО-2017 аумағында халықаралық компаниялардың, отандық және шетелдік ғалымдар мен өнертапқыштардың «Болашақтың энергиясы» тақырыбындағы жобалары қойылады. Бұл ретте, «ЕХРО-2017 көрмесін Қазақстан ішінде, сондай-ақ, шет елде қалай насихаттап жүрміз?» деген мәселеге тоқталсақ. Ең біріншіден, біз жүздеген, тіпті, мыңдаған делегация қатысатын әртүрлі форумдардың алаңдарын өте тиімді пайдаланып жүрміз. Жалпы, бұл жұмысты біз екі бағытта жүзеге асырмақпыз. Бірінші бағыт — бизнес қауымдастықтарға арналған таныстыру жұмыстары. Бұл науқан 2015 жылдың екінші жартыжылдығы мен 2016 жылы жүргізіледі. Баса айта кетерлігі, 2016 жылдың екінші тоқсанынан бастап туристерді тарту жұмысына білек сыбана кірісеміз. Маркетингтің жазылмаған заңына сәйкес, әрине, біз медиа-ресурстарды өте тиімді пайдалануға тырысамыз. Мысалы, турист тарту керек болса, Дискаверидің, ал, бизнес қауымдастықтың назарын аударғымыз келсе Еуроньюс, СНН арналарын пайдалану керек»,-дейді «Aстана EXPO-2017» ҰК Маркетинг және дамыту департаментінің директоры Аллен Чайжүнісов.

Бұдан өзге, Астана-2017 көрмесіне дайындық аясында  2013-2015 жылдары Астанадан Бішкекке, Лондонға, Бангкокқа, Париж, Сеул, Тбилиси бағыттарына халықаралық рейстер ашылғаны белгілі. Ал, 2017 жылға дейінгі жоспарға сай, Астанадан Дубай, Ұланбатыр, Гонконг, Минск жəне Токиоға халықаралық рейстер ашылады. Бұдан бөлек, "Скат" əуе компаниясы 2017 жылға дейін Баку, Ферғана, Ереван, Рига, Тель-Авивке халықаралық рейстерін ашпақ. Ал, пойыз билеттері мен авиабилеттердің құнына ЭКСПО-ға кіру бағасын қосу туралы мəселеге тоқталсақ, қазір "Air Astana" компаниясы көрменің ресми əуе тасымалдаушысы статусына ие болды жəне жоспарланып отырғандай, компанияның халықаралық авиабилеттерінің бағасына ЭКСПО аумағына кіру бағасы қосылады. Жалпы, Ұлттық компания бұдан тыс әлі талай жұмыстың атқарылу керектігін баса айтып отыр.

Міне,  Астанаға бұйырған ЕХРО-2017 көрмесінің өткені мен қазіргі жағдайы осындай. Ал, 2017 жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйекке дейін созылатын, кемінде 5 миллион турист келетін, 100 гектар жердегі 97 павильонның қызығын көру — болашақтың еншісінде.

P.S: Халықаралық ЕХРО көрмесінің Астанада өтетіндігі белгілі болғаннан бері, яғни, 2012 жылдың қарашасынан осы уақытқа дейін «ҚазАқпарат» ХАА барлығы 4217 ақпарат, соның ішінде қазақ тілінде  1265, орыс тілінде 1594, ағылшын тілінде — 784, төте жазуда — 454, қытай тілінде 120 ақпарат жариялаған. Бұдан өзге, Ақпарат агенттігініі шет елдегі тілшілері мен аймақтық тілшілері де бұл ірі жоба туралы тоқтаусыз ақпарат таратып келеді. 
EXPO

Қаламқас Әбуова
Кенжекей Тоқтамұратқызы 

Соңғы жаңалықтар