Астана іргесіндегі халық не жарыққа, не суға жарымай отыр - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+15 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астана іргесіндегі халық не жарыққа, не суға жарымай отыр

Астана іргесіндегі халық не жарыққа, не суға жарымай отыр

Астана іргесіндегі елдімекен тұрғындарын майшам мен генератор құтқаруда. Бірнеше жылдан бері халық не жарыққа, не суға жарымай отыр. Кезінде бұл жер учаскелерін соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері қуана алған болатын. Алайда баспаналары салынғанымен, әлі күнге дейін тұрмыс-тіршіліктері түзелмеді. Әбден ашынған тұрғындар құзырлы орындарға шағымдануда. Әзірге нәтиже жоқ.

  • 13 Шiлде 2011
  • 618
Фото - Caravan.kz

Бұл Шығыс Ильинка тұрғындарының тірлігі. Майшам жағып, көз майы таусылғанша балалар оқуға дайындалады. Ошақ иесі  осы кезде су тасиды. Тіршілік нәрін әуелі қаладан әкеліп алу керек. Мұнда ауыз су мен жарық мүлдем жоқ. Сондықтан көбі дербес қуат көздерін қолданады.

Бұл қондырғының қуаты небәрі екі киловатт. Алайда оның тұрақты жұмыс істеуі үшін үнемі жанар-жағармайды сатып алу қажет. Генератор тіпті АИ-92 маркасынан өзге сұйық отынды жақтырмайды да. Осылайша тұрғындар қараңғыда отырмау үшін күнделікті қалталарын қағуға мәжбүр.

Бану Төлегенова, Шығыс Ильинка ауылының тұрғыны:

Балаларымыз: «Мама,үйде неге жарық жоқ?  Мына жақтың барлығында жарық бар ғой» — дейді. «Балам, болады, болады»  деп, міне, төрт  жыл  өтті. «Ертең, ертең» деп, баланы алдаймыз,  …  ол жағы мен үшін ұят секілді…

Астана іргесіндегі жер телімдері кезінде соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне, Чернобыль және Ауғанстанда интернационалдық борышын өтегендерге бөлінген. Дегенмен иелері шенеуніктерге алғыс білдіруден аулақ.


Әбдіғаппар Бейсенов
, үшінші топтағы мүгедек:

— Құдайға шүкір, Астанада тұрамыз ғой! Білмеймін енді, ешкімге сенбеймін. Алдайды, құр келеді де, алдап кетеді…

Елордаға қарасты аймақтың инфрақұрылымын дамытуға 17 млрд. теңге қарастырылған. Бүгінде қаражаттың басым бөлігі игерілді. Жоба бойынша жарық пен су күзде берілуі тиіс.

Айтқазы Арықбаев, Астана қаласының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары:

— Кішкене шыдау керек. Қырқына шыдап, қырық біріне де шыдауға болады. Сөйтіп айтамыз,ол кісілерге, арыз жазып жатқан. Суын да береміз,  жарығын да береміз, басқасын да, бәрініңжағдайын жасаймыз.

Ендігі кезден бастап құрылысқа коммуникацияға қосылған учаскелер ғана берілмек. Ал  төрт жылды қараңғылықпен өткізген елдімекенде таяуда жаңа шамдар орнатылды. Әзірге еш пайдасы жоқ. Бірақ,халыққа сенім ұялатады. Өйткені самаладай жарқырап тұрған елордаға қарап, бұл адамдар да жарық өмірді қалайды.

Соңғы жаңалықтар