«Астана» капитаны «Тур де Франста» топ жарды - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
+5 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Астана» капитаны «Тур де Франста» топ жарды

«Астана» капитаны «Тур де Франста» топ жарды

Қазақ спортының дамуы жөнінде сөз қозғасақ, бокс пен күрес және ауыр атлетиканы алға тартатынымыз белгілі.

  • 26 Шiлде 2010
  • 529
Фото - Caravan.kz

Алайда, алдыңғы екі спорт түрінен соңғы уақыттары ақсап жатқан тұстарымызды көп журналистер айта бастады. Осы ретте еліміздің атын әлемдік деңгейге шығарып жүрген велоспортты айтпай кетуге болмайды. Спорттың осы түрінен Сидней Олимпиадасында күмістен алқа тағынған жерлесіміз Александр Винокуров әлі күнге атойлап жүр. Ендеше, велошабандоздарымыздың бүгінгі жетістіктері жөнінде сөйлейтін болсақ…

Францияда жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін әйгілі «Тур де Франс» көпкүндік веложарысы кеше өз мәресіне жетті. Қуанышымызға орай, еліміздің «Астана» командасының жетекшісі испан жігіті Альберто Контадор жалпы есеп бойынша биылғы жыл қатарынан 3-ші рет жеңімпаз атанды. Жеңіс тұғырына көтерілген А. Контадор, сонымен қатар, сары жейденің де иесі атанды. Елордамыздың атын әлемге паш етіп жатқан велосипедші жігіттерді құттықтауға команданың басты демеушісі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының президенті Қайрат Келімбетов пен Франциядағы Қазақстан елшілігі өкілдері және бірқатар үкімет адамдары барды.

Бір ай көлемін қамтыған айтулы бәсеке 20 кезеңнен тұрды. Жарыстың шешуші сәті болып саналған 18-ші «По — Турмале асуы» кезеңі байрақты бәсекенің жеңімпазын анықтап қойған-ды. Екінші орында тұрған Контадордың басты қарсыласы Энди Шлек осы ретте барын салды. Мәре сызығы асудың биік нүктесінде болғандықтан, бұл кезеңнің әлдеқайда қиын соққаны да рас. 174 шақырымдық қашықтықта ауа-райының жаңбырлы әрі тұманды болуы да үлкен қиындықтар келтірді. Шлек жарыс жолының соңына қарай алға озып шықпақшы болғанмен, Контадор бәсекелесін өзінен ұзата қоймады. Ақырында мәреге Шлек бірінші жетті, әйтсе де «Астана» капитаны онымен еш уақыт айырмасынсыз үзеңгілесе келді. Сөйтіп, 18 кезеңнен кейінгі қорытынды бойынша 8 секунд көрсеткішпен озып тұрды. Ал 19-шы кезеңдегі жекелей спринтерлік жарыста өзінің капитандық шеберлігін көрсете білген Альберто Люксембург жігітімен уақыт аралығын 39 секундқа дейін ұзартты. Бұл кезеңде швейцариялық велошабандоз Фабиан Канчеллара ең үздік нәтиже көрсетті. «Астана» командасының белді мүшесі Александр Винокуров 33-ші, ал Контадор 35-ші болды. Өз көрсеткішін жоғарылатпақ болған «СаксоБанк» капитаны бар күшін сарқыса да біздің капитаннан оза алмады. Ал кешегі өткен соңғы кезең Париж қаласына жетумен аяқталды. Бұл жарыс жолында «Астаналықтар» капитанның ұпайы түгел боғандықтан ерекше көзге түсе қоймады. Жалпы, биыл, 2010 жылғы елордалық велоспортшылар тобы биыл 27 адамнан тұратын мынадай құраммен өнер көрсетті, олар: Альберто Контадор, Александр Винокуров, Асан Базаев, Валерий Дмитриев, Александр Дьяченко, Хесус Эрнандес, Максим Иглинский, Роман Киреев, Дмитрий Муравьев, Даниэль Наварро, Болат Райымбеков, Стив Морабито, Сергей Ренев, Михаэль Шар, Аймар Агирре Зубелдиа, Бенджамин Новал, Андрей Зейц, Рубен Плаза, Брадислав Самойлов, Дмитрий Фофонов, Максим Гуров, Паоло Тиралонго, Алан Дэвис, Жан Паоло Карузо, Энрико Гаспаротто, Джилберто Симони, Андрей Куницкий. Құраманы жасақтардан бұрын Қазақстан велоспорт федерациясының вице-президенті Николай Проскурин осыған дейінгі командада болған, бірақ жарыстардан 2 жылға шеттетілген Андрей Кашечкинмен келісімшарт жасаспайтындығын мәлімдеген-ді. Ал Андрейдің бұл кезде мерзімі аяқталған болатын. Өз сөзінде Н. Проскурин: «Дәл қазір команданың негізгі тірегі — Максим Иглинский мен Асан Базаев», деген еді.

Топтық есеп қорытындысы бойынша «Радиошак» командасы жеңімпаз атанды. Айта кетерлік бір жәйт, бұл команданың капитаны америкалық Лэнс Армстронг қазақстандық жанкүйерлерге жақсы танымал. Бір кездері «Астананың» жейдесін киген спортшы талай табыстар әкелген еді. Енді, міне «Радиошак» сапында жарысты аяқтаған Армстронг сонымен бірге, спорттық ғұмырымен де қош айтысты.

Не десек те, дәл қазір велоспортта бағымыз жанып-ақ тұр. Тек, бір айтары, топ жарып бәйге алатын шабандоздар өзімізден қашан шығар екен деген ой.