Астана күні елдігімізді дәріптейтін игі мерекеге айналды - kaz.caravan.kz
  • $ 464.72
  • 496.32
+30 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астана күні елдігімізді дәріптейтін игі мерекеге айналды

Астана күні елдігімізді дәріптейтін игі мерекеге айналды

Осы аптада Қазақ елі бір мүшелге толған елордамыз - Астананың күнін дүркіретіп атап өтті.

  • 8 Шiлде 2011
  • 2147
Фото - Caravan.kz

Республикамыздың әр аймағында Астана күніне орай мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, елдігіміз дәріптелді, бірлігіміз бен ынтымағымыз әспеттелді. Тәуелсіз Қазақстанның төл елордасының тарихымызда алатын орнына тағы бір қырынан талдау жасалды. Ұлт болып ұйысуымызда, халық болып топтасуымызда, тәукелсіздігіміздің тұғырын одан сайын нығайта түсуде Астананың атқарар миссиясы өте зор екендігіне көзіміз тағы бір мәрте жетті.

Астана күнін атап өтудің ресми шарасы 4 шілде күні игі дәстүрге айналған Мемлекеттік туды көтеру рәсімінен басталды. Екінші жыл Тәуелсіз Қазақстанның Туы 111 метрлік биіктікке көтерілді. Шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Президент біздің жас елордамыз Астана бүгінде күллі әлемге танылғанын, бұл Қазақстанның бренді, бұл Қазақстанның қақпасы екендігін айрықша атап көрсетті. «Бүгін мемлекетіміздің Әнұра­ны рухымен бірге аспантүсті Көк байрағымыз тағы да асқақтай көкке көтерілді. Астана күні алдында осы рәсімді салтанатты орындау біздің дәстүрімізге айналып келеді. Біз Көк байрақтың астында Тәуелсіз мемлекет құрып, Қазақстанды дүниежүзіне белгілі ел еттік. Біздің туымыз Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның төрінде ілулі. Халық­аралық жиын­дарда біздің ту желбіреп тұрады. Менің шетел­дерге ресми сапарла­рымда алдым­нан жел­біреп Көк туымыз қарсы алады. Біздің даңқты батыр бабаларымыз бір тудың ас­тына бірігіп, осынау ұлан-байтақ жерімізді ерлікпен қор­ғап, біздерге сақтап қалған. Осыдан 20 жыл бұрын біз сол елдің туын көтеріп, Қазақстанды дүйім жұртқа паш еттік. Қазақты дүниежүзі сыйлайтын, құрметті ел еттік. Сондықтан біздің Көк туы­мыз, Әнұранымыз, Елтаңбамыз қазақ­тың болашағының, қазақтың бірлігінің, ел­ді­гінің рәмізі болып саналады. Бұл рә­міздерді сыйлау, құрметтеу отаншыл жү­рек­тің қасиетті парызы болуы тиіс. Біз жас­та­ры­мызды осыған тәрбиелеуіміз керек», — деді Мемлекеттік Ту көтеру рәсі­мі­нен кейін сөз алған Елбасы.

Мемлекет басшысы сонымен қатар Астананың саяси, қоғамдық маңызына да тоқталып өтті. «Соңғы уақыттағы барлық оқиғалар осы қалада өтіп жатыр. Осы қалада ЕҚЫҰ саммитті өтті, біз осында енді ИЫҰ-на төрағалық етеміз, осында Азия ойындары, экономикалық форум өтті, бүгінде Астана арқылы Қазақстанды әлем танып отыр. Бәріміз Астананы мақтан етеміз», — деді Н. Назарбаев. Осы орайда Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды алда келе жатқан Елорда күнімен құттықтап, әрбір отбасына, әрбір үйге зор денсаулық, табыс, игілік, тыныштық, бейбітшілік тіледі.

Жалпы Астана күніне арналған мерекелік іс-шаралар аясында көптеген мәдени, спорттық шаралар өтіп, қала халқы мен қонақтарының көңілінен шықты.

Жаңа кәсіпорындар іске қосылды

Астана күні мерекесі қарсаңында экономикамыздың қуатын арттырып, халықтың әл-ауқатының жақсаруына септігін тигізетін өндіріс орындарын іске қосу да тұрақты дәстүрге айналып келеді. Осы аптада «Қуатты Қазақстанды бірге көркейтеміз!» атты 2 күнге созылған индустриялық-инновациялық форум болды. Алқалы жиын аясында «Жергілікті үлесті дамыту жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ‑ның ұйымдастыруымен «Қазақстандық қамту-2011» көрмесі ашылып, оны Елбасы аралап көрді. Жалпы осы күні индустрияландыру картасының 2011 жылғы бірінші жартыжылдығында тапсырылуы тиіс құны 114 млрд. теңгені құрайтын 75 инвестияциялық жобаның тұсауы кесілді. Аталған кәсіпорындар 9 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтиды. Көрме жұмысымен жіті танысқаннан кейін Президент «Қайратты көшбасшы — қуатты бизнес» атты форумға қатысты. Алқалы жиын барысында еліміздің сегіз өңірі елордамен тікелей телекөпірге қосылып, «онлайн» режімде Елбасы ұлттық экономика үшін аса маңызды 6 жобаның тұсауын кесті. Атап айтқанда, Елбасы телекөпір арқылы Алматы облысындағы «СОНиК Компаниясы» ЖШС профилді құбыр шығаратын зауытын, Павлодар облысындағы «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС жүк вагондары өндірісін, Жамбыл облысындағы Ақбақай алтын өндіру фабрикасын, Маңғыстау облысындағы «Қазақстан Каспиан Оффшор Индастриз» ЖШС теңіз металл конструкциялары өндірісін, Қарағанды облысындағы «Green Technology» ЖШС жылыжай кешенін, Қостанай облысындағы «АгромашХолдинг» АҚ-ның «SsangYong» маркалы автокөліктерін жинау өндірісін іске қосты. Бұл жобалардың барлығы да ел экономикасына тың серпін беріп, жұмыссыздың деңгейін төмендетуге, халықтың әл-ауқатын жақсартуға оң әсер тигізетіндігі сөзсіз.

Жаңа нысандар іске қосылғаннан кейін сөз алған Елбасы: «Біз бүгін еліміздегі индус­триялық-инновациялық бағдарла­маның жақсы серпінмен бастал­ғандығын айтамыз. Мұны мен мемлекет пен тәуелсіздікті құру­мен маңызы бірдей мемлекеттік тапсырма деп есептеймін. Өйт­кені, біз алдағы уақытта тек қана өзіміздің шикізаттық ресурс­та­рымызға сеніп, тыныш отыра беруге тиісті емеспіз. Сіздер әлемдік рынокта мұнай, газ, металл және басқа да заттардың бағасы өзгерген кезде қандай жағдай болып жатқандығын өздеріңіз де көріп отырсыздар. Біз бұл жағ­дайға тәуелді болып қала ал­маймыз. Қазіргі күні әлем қуат көздерінің жаңа түрлерін іздестіруде және оларды тауып та жатыр. Сондықтан бұл жағдайға біз де дайын отыруымыз керек», — деп атап өтті. Сосын отандық эко­но­ми­каны дамытудың бес оң ағымына егжей-тегжейлі тоқталды.

Есте болса, үстіміздегі жылғы 18 мамырда ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 24-ші пленарлық отырысында Елбасы іс жүзінде барлық ірі кәсіпорындардың түйткілді мәселелері энергия тиімділігіне байланысты болып отырғандығын айта келе: «Елдің бір ғана тау-кен металлургиялық кешені елде өндірілетін энергияның жартысынан астамын тұтынады. Индустриялық бағдарлама аясында іске қосылатын жаңа жобалар бұдан да көп энергияны тұтынып, энергетика секторын дамытуды қажет етеді», — деген еді. Міне, осы мәселе, яғни энергияны тиімді пайдалану Мемлекет басшысының күні кешегі форумда атаған отандық эко­но­ми­каны дамытудың бес оң ағымының біріншісі болды. Осы орайда Н.Назарбаев Ресейде, соның ішінде Мәскеуде бұ­рынғы электр шамдарын пайдалануға тый­ым салынғандығын, егер қажет болса осындай заң біздің елімізде де қабыл­дануы тиіс екендігін баса айтты.

Екінші ағым — шикізаттық емес сектордағы өсім. Бұл салада соңғы кездері ілгерілеу байқалып, елімізде мәшине, жүк вагондарын жасау қолға алынуда. Сондай-ақ химия, фармацевтика, құ­ры­лыс индустриясы салала­рында да жаңа өндірістердің игерілуде.

Ал үшінші ағым агроөнеркәсіптік кешенге қатысты болды. Бұл салада да елімізде айтарлықтай ілгерілеу бар. Қой шаруашылығы, астық шаруа­шы­лығы жөнінде өткен жылдарда жемісті жұмыстар жүргізілсе, ендігі уақытта ірі қара мал шаруашылығын дамыту мақсатында арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданып отыр. Бұл бағдарлама еліміздің ауыл шаруашылығы әлеуетін 1,5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы оны толыққанды жүзеге асыру үшін 130 млрд. теңге көлемінде қаржыландыру қажет етіледі. Дегенмен, оның жыл сайынғы табысы да өте жоғары болып, миллиардтаған доллар кіріс әкелетін болады. Нақты айтқанда, мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы ауқымды тиімділік әкелетіндігін Елбасының ағымдағы жылы Қазақстан халқына арналған Жолдауындағы «60 мың тонна ет экспортының құны 4 миллион тонна бидай экспортына тең» деген сөзінен де байқауға болады.

Төртінші ағым, бұл — шағын және орта бизнес шұғылданып жатқан жаңа жобалар екендігіне тоқталған Елбасы: «Бірақ бұл әлі жеткіліксіз. Біздің міндетіміз — шағын және орта бизнестің Қазақстандағы өнімнің жарты­сынан астамын өндіруі, бұл іс жақсы дамыған жерде экономикада тұрақтылық пайда болады. Германия Федеративтік Республикасында барлық өнімдердің 85 пайызы шағын және орта кәсіпорын­дардың үлесінде. Осыған сүйенген Германия әлемде қуаты жағынан үшінші ор­ында тұр. Ол ел дағдарыс кезінде де басқа­ларға қараған­да азырақ зардап шекті», — деді.

Мемлекет басшысы бесінші ағым ретінде еңбек өнімділігін атады. Бұл жайтқа қатысты өз сөзінде оның өте маңызды екендігін, егер еңбек өнімділігі өссе, халық кірісінің де артатындығын айта келе 2010 жы­лы өңдеу өнеркәсібі саласындағы бір жұмыс­шы 45 мың доллардың өнімін өндіргендігін тілге тиек етті. Ал бүкіл Қазақстан бойынша алғанда бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігі 9 мың доллардан ғана айналуда. Бұл жағынан келгенде біздің көрсеткішіміз әлемдегі тө­мен­гі көрсеткіштердің бірі болып қалуда. «Сондықтан, барлығымыз күш біріктіріп, ин­дус­трияландыру мен инновациялар жо­лында жұмыс жасайық. Күндіз-түні ой­ла­ныңыз­дар, іздеңіздер, не істесек, қан­дай жаңа өнім шығарсақ өркен­дейміз деп. Мен кәдімгі инновациялар туралы айттым. Бұл Батыста бар, бізде жоқ нәр­се. Абсолютті инновациялар деген де бар, бірақ олар еш жерде жоқ. Сондық­тан абсолютті инно­ва­цияларға ұмтылу керек. Соған жетуді ойластыру қажет. Ақылды адамдар біз­де аз емес. Біз бәріміз бірігіп күшті Қазақ­стан құра аламыз. Біз өз-өзі­мізден озып кеттік. Біз мемлекет, ел­орда және осындай эконо­миканы, ос­ындай танымал Қазақ­стан­ды құрдық. Біз бір нәрсеге шындап кі­ріс­сек, бәрін де атқара аламыз. Сон­дықтан мен «Біз индустриялық Қазақстан құрдық!» деп айтатынымызға сенемін», — деді Елбасы сөзін қорытындылап.

Тау-кен металлургия конгресі аясында 6 меморандумға қол қойылды

4 шілдеде Астанада ASTANA MINING & METALLURGY атты 2-ші халықаралық тау-кен металлургия конгресін болып өтті. Ел экономикасының өрлеуіне тың серпін беріп отырған бұл сала осы уақытқа дейін Елбасының назарынан тыс қалған емес. Оған алқалы жиынға қатысушыларға Мемлекет басшысының арнайы құттықтау арнауынан да байқауға болады. Үкімет басшысы оқып берген құттықтауда Президент қазіргі кезде металлургтердің алдында жаңа мақсат-міндеттер тұрғанын баса айта келе: «II Халықаралық тау-кен металлургиялық конгресі ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында өтіп отыр. Осы жылдары металлургия Қазақстан экономикасының негізгі саласы болып, дамудың жоғары көрсеткішін көрсетіп келді. Бүгінде ішкі жалпы өнімнің 7 пайызы, өнеркәсіптік өндірістің 17 пайызы және экпорттың 20 пайызы — отандық металлургияның үлесінде», — деп атап көрсеткен.

Ал өз кезегінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов еліміздің 2014 жылға дейінгі тау-кен металлургиялық саласын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп, онда нақты инвестициялық жобалар, инвестиция тарту үшін болашағы зор жобалар айқындалғанын, Үкіметтің тау-кен металлургиялық кешенге жаңа инвестициялар тарту жоғары тәуекелді, капитал сыйымдылықты және ұзақ мерзімді іс-шара екендігін айқын түсінетіндігін атап өтті. «Қазір нақты нәтижелер бар. Өткен жылы индустрияландыру картасы аясында Қазақстанда жүз елуден астам кәсіпорындар құрылып, 23000-нан астам тұрақты жұмыс орындары ашылды. Ағымдағы жылы құны 730 млн. теңгені құрайтын шамамен екі жүз кәсіпорынды іске қосу жоспарлануда. Нәтижесінде қырық мыңдай жұмыс орындары құрылады. Жобаларға барлығы бір жарым триллион теңге құйылды» — деді ол.

Екі күнге созылған алқалы жиынға әлемнің 25 елінен 250 компанияның 900 делегаты қатысты. Олардың арасында Қазақстан, Ресей, АҚШ, Жапония, Италия, Беларусь, Австрия, Швейцария, Испания, Үндістан елдерінің өкілдері бар. Конгрестің қатысушылары арасында өзара тиімді 6 меморандумға қол қойылды. Жиынның аяқтауына орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында 25 елдің өкілдерінің елордаға ат басын бұруы әлемдік қоғамдастықтың тау-кен металлургия саласына деген қызығушылығын білдіретіндігін атап өткен ҚР Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі Альберт Рау: «Бұл форум шындығында да сұхбат алаңына айналды. Бұны мен кеше ғана айтқан болатынмын, дегенмен бүгін бұған көз жеткізе түстім. Бұл ең алдымен барлығының да кадр мәселесіне қызығушылық танытқаны болды. Өйткені бұл салада мін көп және біз оған өз үлесімізді қосуға күш саламыз. Сонымен қатар Гонконг және Лондон биржалары өкілдерінің келуі олардың Қазақстанның тау-кен секторын инвестициялауда зор әлеуеттің бар екендігін байқағандығын білдіреді», — деді. Оның атап өтуінше, келесі жылы да дәл осы уақытта өткізілетін 3-ші халықаралық тау-кен металлургиялық конгресс дәл осы форматта жалғасып, жаңа мәселелер күн тәртібіне шығарылмақ.

Мемлекеттік қызметшілер ант қабылдады

Кезектен тыс өткен президенттік сайлауда айқын басымдықпен жеңіске жеткен Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 8 сәуірде өткен ұлықтау рәсімінен кейін Министрлер кабинетіне біршама өзгеріс енгізіп, бірқатар жаңа министрлер мен облыс әкімдерін тағайындаған болатын. Ал еліміздің Конституциясы мен Мемлекеттік қызмет жөніндегі заңына сәйкес мемлекеттік қызметкерлер Президент пен халықтың алдында ант қабылдайды. Осыған орай Үкімет мүшелерінің қатарына қосылған мемлекеттік қызметкерлер 5 шілдеде, Ақордада зор сенім артқан Елбасыға және Қазақстан халқына жүктелген міндет үдесінен шығуға ант берді.

Сонымен ант қабылдағандар қатарында ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев, Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова, Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов, Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов, Экономикалық интеграциялық істері министрі Жанар Айтжанова, Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, Спорт және туризм министрі Талғат Ермегияев, Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов, Алматы облысының әкімі Ансар Мұсаханов, Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев, Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко және Сыртқы барлау қызметінің директоры Аманжол Жанқұлиев болды. Салтантты рәсімнің соңғы нүктесін қойған Елбасы: «Әр азаматқа жалпы мемлекеттік қызметте болу өте үлкен мәртебе. Ал Үкіметтің мүшесі болу, министр болу одан да үлкен жауапкершілік болып табылады. Жаңа өздеріңіз айтқан ант мәтінінің әр сөзін жүректен өткізетіндей, жұмыс үстелдеріңнің үстіне қойып, күн сайын қарап отырсаңыздар, онда менің айтайын деген сөздерімнің барлығы бар», — дей келіп ант бергендерге Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуі үшін аянбай қызмет етулері тиістігін баса айтты, қызметтерінде табыс тіледі.

Соңғы жаңалықтар