Астана күнінде қала тазалығы мен қауіпсіздігі үшін тынбай еңбек етті - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+9 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астана күнінде қала тазалығы мен қауіпсіздігі үшін тынбай еңбек етті

Астана күнінде қала тазалығы мен қауіпсіздігі үшін тынбай еңбек етті

Астана күні мерекесінің соңғы сәттеріне дейін ешқандай оқыс оқиға, не болмаса ешбір тәртіп бұзушылық орын алған жоқ. Оның бәрі қала тазалығы мен қауіпсіздігі үшін тынбай еңбек етушілердің арқасы. Олар өздерінің демалыстарын жұмысқа ауыстырса да, көңілдері мерекеде жүрген халықпен бірге. Олар: медициналық жедел жәрдем, өрт сөндіру, полиция, қала тазалығына жауапты адамдар және әкімдік қызметкерлер. Тиісінше дәл осы сала мамандарының жұмыстарын қала тұрғындары мен қонақтары да жоғары бағалауда.

  • 7 Шiлде 2011
  • 850
Фото - Caravan.kz

Астана күнін қызықтауға келушілер қатарын ұзын-сонар кезектен байқау қиын емес. Айшылық алыс жерлерден ат арылтып келіп жатқандар қатары әлі толастамауда. Десе де «сақтықта қорлық жоқ» дейтін жол полиция қызметкерлері жұмыс тәртіптерін бұрынғыдан күшейткен. Қала тыныштығы үшін әрбір көлік қатаң тексерістен өтіп жатыр. Құжаты мен көлігі, сөзі мен өзі дұрыстар той қызығын көруге көп кідірмей өтуде.

Саят Дүйсенбаев, Астана қаласы ІІД қылмыстық іздестіру бөлімінің жедел уәкілі:

— Бекеттерден өткен бүкіл машиналарды тексеріп, заңға қайшы заттар болса тәркілеп, тексеріп жатырмыз. Қазіргі уақытқа дейін осы «Қызылжар» бекетінде ешбір автокөлікте заңға қарсы заттар болған жоқ.

Қалаға келіп жатқан барлық қонақтардың қауіпсіздігі түгел қамтылған. Шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан қала күнін тойлатып жүргендер қатары тіптен көп. Қызыққа тоймай көп жүріп қалғандар, көбіне бастарына күн өткізіп алып жатыр. Бірақ қай жерде қандай жағдай болмасын, медициналық жеделжәрдем қызметкерлері сақадай-сай тұр.

Қанат Төсекбаев, Астана қаласы МКМ Қалалық медициналық жедел-жәрдем көрсету бекетінің бас дәрігері:

— Астана қаласының тұрғындарына 50 бригада жұмыс істеп жатыр. 20 бригада мереке өтіп жатқан жерлерде кезекшілік өткізуде. Кезекшілік қызметі аяқталған соң қала тұрғындарына қызмет көрсетуге ауысады.

Қала ішіндегі халық дәл қазір әдеттегіден біраз көп болса да, көше тазалығына айтар еш сын жоқ. Қоқысты жерге жеткізбей қағып алып отырған жұмысшылардың еңбегі орасан зор.

Тұрсын Өмірхан, көше тазалаушы:

— Астана күні жақсы өту үшін тазалық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Астана күні деп шапқылап жүрген осынша ұжымның қалтқысыз еңбегі бағаланбай қалып жатқан жоқ. Демалып жүрген қала қонақтарының әрқайсысы да тек алғыс айтып, тілек білдірумен шектелуде.

Ғалия Қарабаева, Астана қаласының қонағы:

— Қай жағынан болса да қамтылған, керемет! Астана күніне осындай шараларды дайындаған әкімшілікке, басқа да азаматтарға рахметімді айтқым келеді!

Осылайша өзінің алғашқы мүшел жасын тойлатып жатқан жас Астана қарқынды өсіп, барша әлемге тек сұлу сымбатымен ғана танылуда. Сол себепті өзінің таңғажайып тамашаларымен ғана таңдандыра алатын Астанада жұмыс істеп жатқандардың көңілі демалып жатқандармен бірдей. Біздің әріптестерді де солардың қатарына жатқызсақ артық болмас. Ал Астанадағы той бүгінмен бітпейді, әр күні тарихтың жаңа бетін ашуда.

Соңғы жаңалықтар