Жарияланды: 640

Астана күнінен арналған мерекелік шаралардың күнтізбесі: бірінші күн

Бүгін 1шілде күні Қазақстанның бас қаласы - Астананың туған күнін атап өтуге арналған ауқымды мерекелік іс-шаралардың алғашқы легі басталады.

Мерекелік іс-шаралар «Керуен» сауда, ойын-сауық орталығының кинотеатрында сағат 12.00-де «Бәйтерек» мультипликациялық фильмін көрсетуден басталады. Аталмыш фильмдегі басты нысан көпшілікке кеңінен танымал «Бәйтерек» монументі. Сюжет желісі бойынша фантастикалық теріс күштер Тәуелсіздік күні мерекесіне балта шаппақ болады. Дұшпандар жоспар бойынша бейбітшілік пен молшылықтың белгісі болған «Бәйтерек» өмір ағашының ұшар биігіндегі алып Самұрық құсының күн тәрізді алтын түстес жұмыртқасын ұрлауы тиіс. Сол арқылы әлемде аласапыран орнатып, оның астан-кестеңін шығармақ болады. «Бәйтеректе» қазақ ертегілеріндегі кейіпкерлер жаңа қырынан көрсетілмек. Онда сондай-ақ, Астана қаласының жауһарлары «Пирамида» (Бейбітшілік пен келісім сарайы), «Ұшқыш тәрелке» (Цирк ғимараты) және «Хан Шатыр» сынды ғажайып құрылыс нысандары кездесетін болады. Ал сағат 16.00-де Астаналық циркте «Азия жаңғырығы» атты цирк өнерінің дәстүрлі халықаралық фестивалі басталып, онда Қазақстан, Ресей, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің цирк өнерінің майталмандары, әлемдік фестивальдердің жүлдегерлері мен лауреаттары, циркті өміріне серік еткен әулеттердің ұрпақтары өнер көрсететін болады. «Азия жаңғырығы» - түрлі акробаттық трюктар мен бағдарламалар көрсететін әлемнің талантты әртістерін жинайтын бірегей шоу. Мұндай цирк өнері фестивалінің баламасы бүгіндері тек Мәскеуде ғана бар. Әлемнің бес елінен келген әртістер апта бойы өздерінің бірегей бағдарламаларымен Астананың тұрғындары мен қонақтарына қуаныш сыйлайтын болады. 1 шілде биыл астаналықтар үшін аса ерекше оқиғадан басталмақ. Бүгін Тимур Бекмамбетовтың экшн-фильмдердің халықаралық фестивалі шымылдығын ашады. Астанада екінші рет өткелі отырған «АSTANA» атты халықаралық фестивальдің қызыл кілемі биыл Бейбітшілік және келісім сарайының алдына төселеді. Онымен бүгін сағат 18.00-де Голливудтың белгілі кино жұлдыздары Стивен Сигал, Мишель Родригез, Майкл Мендсен және Арманд Ассанте, ресейлік тараптан Дмитрий Нагиев, Николай Валуев, Марат Башаров, Егор Кончаловский, Сергей Светлаков, Гоша Куценко, Екатерина Стриженова, Виктор Вержбицкий сондай-ақ, қазақстандық тараптан Досқан Жолжақсынов, Асанәлі Әшімов, Венера Нығматулина, Ерік Жолжақсынов, Фархат Әбдраимов, Әсел Сағатова, Әмір Қарақұлов, Ахан Сатаев, Игорь Вовнянко және Ардақ Әмірқұлов жүріп өтеді. Ұйымдастырушылар таратқан ақпаратқа сүйенсек, жанкүйерлерге жұлдыздармен бірге суретке түсуге және қолтаңбаларын алуға мүмкіндік беріледі. Фестивальдің ашылу салтанатын жүргізу Марат Башаров пен оның қазақстандық әріптесі Қарлығаш Мұхамеджановаға сеніп тапсырылды. Экшн-фильмдердің шеруін Егор Кончаловскийдің «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген қазақстандық «Возвращение в А» атты фильмі бастайды. Қазақстандық кинолента алғашқы рет 3D форматында көрсетілетін болады. Фестивальді Кэмерон Диаз пен Джастин Тимберлейктің басты рөлдерді сомдауындағы «Очень плохая училка» комедиясы аяқтайды. 1-5 шілде аралығында өтетін фестиваль барысында барлығы 21 фильм көрсетіледі. Гала-премьераларға абонементтердің құны 500 теңгені құрайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, билеттердің сатылымынан түскен қаражаттар қайырымдылық мақсаттарға жұмсалмақ. Кешкі сағат 19.00-де Конгресс-Холл сарайында «Інжу-маржан» халық әуендерінің концертінде Қайрат Байбосынов, Сәуле Жанпейісова, Нұржан Жанпейісов, Рамазан Стамғазиев сынды белгілі әнші-термешілер Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында дүниеге келген «Қазақтың дәстүрлі мың әні» антологиясына енген қазақ әндерін шырқайтын болады. Сондай-ақ, 19.00-де «Қазақстан» Орталық концерт залында Нұржамал Үсенбаеваның шығармашылық концерті өтеді. Әнші өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп үлгерген әндермен бірге жаңа композицияларды да орындайтын болады. Опера жұлдызы әндерінің бірін Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа арнамақ.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін