Қ.Тоқаев Қазақстанның Қырғызстанда тұрақтылықтың қалпына келуінен және екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытудан мүдделі екенін мәлімдеді. Министр сыртқы саясат мекемелерінің екі жақты келіссөздері барысында «көзқарас қайшылықтары туындамағанын» атап өтті. «Біз бір тілде сөйлестік»,- деді ол.
ҚР СІМ кездесу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғызстан президентінің міндетін атқарушы Құрманбек Бакиевпен келіссөздерінің қорытындысы бойынша берген тапсырамаларына қатысты мәселелердің талқыланғанын хабарлады. Қ.Тоқаевтың айтуынша, «Қырғызстандағы көктемгі далалық жұмыстарға арнап 10 мың тонна жанар-жағармай мен 1 мың тонна астық бөлу жайында әңгіме өрбіді». Сонымен бірге «Қазақстан үкіметі Қырғызстанға үш ай мерзіммен темір жол тасымалдары мен авиациялық жанармай үшін ұлттық тарифпен есеп айырысуға мұрсат бермекші».
ҚР СІМ-нің мәліметі бойынша, 2004-жылы Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 313,2 млн. долларды құраған. Бұл былтырғыдан 48,4 процентке артық. Соның ішінде Қазақстан экспорты 222 млн. долларды, импорт 91,2 млн. долларды құрады. Қазақстаннан Қырғызстанға мұнай өнімдері, металл прокаты, түсті металдар, машина жасау және металл өңдеу өнімдері, жеңіл өнеркәсіп шикізаттары, кейбір ауылшаруашылығы өнімдері шығарылады. Ал Қырғызстаннан елімізге электр қуаты, сурьма, қорғасын, электр қозғалтқыштар, электр шамдар, жеңіл және азық-түлік өнеркәсібіне арналған шикізатттар экспортталады.
Қазақстанда Қырғыз капиталының қатысуымен 92 бірлескен кәсіпорын тіркелген. Олар сауда-саттық, туризм, құрылыс, су тазарту және тарату, көлік және жарнама салаларында жұмыс істеуде. Қырғызстанда екі елдің 400 бірлескен кәсіпорны тіркелген. Олар негізінен шағын және орта бизнес саласында жұмыс істеп, азық-түлік өнімдерін өндіреді.
2004-жылдың алғашқы жартысында Қазақстан Қырғызстанға 50,8 млн. доллардың инвестициясын салды. Соның ішінде 12 млн. доллар тікелей инвестиц я түрінде әкелінді. Осы мерзімде Қырғызстаннан Қазақстанға 12,3 млн. доллардың инвестициясы әкелінді. Оның 1,2 млн. доллары — тікелей инвестиция.