Астана мен Мәскеу арасында Байқоңырға қатысты жанжал туындағалы тұр
|
Астана мен Мәскеу арасында Байқоңырға қатысты халықаралық жанжал туындағалы тұр. Көрші Ресей Қазақстан Үкіметіне ресми наразылық нотасын жолдады. Мәскеу Астанадан «Қазғарыш» төрағасының мәлімдемелерін түсіндіріп беруді талап еткен. Өткен айда Талғат Мұсабаев Байқоңыр ғарыш айлағы еліміздің меншігіне қайтарылуы мүмкін деген еді. Сондай-ақ, «Роскосмосты» «Бәйтерек» зымыран кешенін салуды кешеуілдетіп отырғаны үшін сынаған болатын.
Көршілеріміздің шамына тигені Ұлттық ғарыш Агенттігі төрағасының батыл мәлімдемесі. Өткен жылдың желтоқсан айында Талғат Мұсабаев Ресейге 50 жылға жалға берілген Байқоңыр ғарыш айлағы Қазақстанның меншігіне қайтарылуы мүмкін деп дүйім жұртты елең еткізген. Мәжіліс мінберінен айтылған бұл сөзге көптің іші жылып қалған еді.
Талғат Мұсабаев, Ұлттық ғарыш Агенттігінің төрағасы (10 желтоқсан, 2012):
- Жалға алу шартын бірден тоқтата алмаймыз. Оны асықпай жоспармен іске асыруымыз қажет. Ал Байқоңырды қарамағымызға нақты қай күннен бастап өтетінін ашып айта алмаймын. Себебі ресейліктерге 2015 жылдан бастайық десек, олар көнбей отыр.
Мұсабаев «Роскосмос» елімізді ғарыштық державаға айналдырады делінген «Бәйтерек» зымыран кешенін құруды кешеуілдетіп отырғанын да жасырмай жайып салды. Бұл жобаны іске асыруды екі мемлекет бірлесіп 8 жыл бұрын қолға алған-ды. Қазір ол құрдымға кеткелі тұр.
Талғат Мұсабаев, Ұлттық ғарыш Агенттігінің төрағасы (10 желтоқсан, 2012):
- «Бәйтерек» кешенін салуға әріптестеріміз асығар емес. Оның алғашқы құны 223 миллион долларға бағаланған еді. Қазір ол 1,7 миллардқа жетті. Яғни сома 7 есеге өсіп кетіп отыр. Бәрі де қағаз күйінде қалды.
«Қазғарыш» басшысының зілді мәлімдемелері әрине, көршілерімізге жақпады. Ресейлік БАҚ жерден жеті қоян тапқандай ұлардай шулап ақпараттық қысымды күшейтті. Сөйтіп Мәскеу ғарыш айлағын жалға алу туралы келісім-шартты қайта қараймыз, Байқоңырдан «Протон» зымырандарының ұшуы қысқартылады, «Бәйтерек» кешенін «Роскосмос» құрдымға кетірді деген Мұсабаевтың сөздерін түсіндіріп беруді талап етіп отыр. Тіпті наразылық нотасын да жолдаған. Яғни, Ресей Байқоңырға қатысты мәлімдеме жасау Мұсабаевтың құзыретіне кірмейді деп шорт кесіп мән-жайды нақтылауды сұраған. Ал Қазақстан болса атақты ғарышкердің айтқанын жуып-шаюға кірісіп те кеткендей.
Ерлан Ыдырысов, ҚР Сыртқы Істер министрі:
- Талғат Мұсабаевтың сөзін ақпарат құралдары бұрмалап берді. Оны дұрыс түсінбеген. Қазақстан Ресеймен ғарыштық саладағы байланысын тоқтатпақшы деу ақылға қонымсыз. Байқоңыр айлағын бірлесе пайдалану біз үшін өте маңызды.
Өткен жылдың желтоқсан айында Ұжымдық Қауіпсіздік шарты ұйымында Назарбаев пен Путин Байқоңырдың болашағы жөнінде сөйлескен екен. Бірақ кездесуде президенттердің қандай шешімге келгені айтылмай отыр. Ресейлік басылымдар айлақтан Ресейдің кетуі – оның жабылуына әкеп соғады деген байбаламды көбірек көлденең тартуда. Оның үстіне жақын одақтасымыз Амур облысында Байқоңырға бәсекелес болатын «Восточный» ғарыш айлағының құрылысын бастап та кетті. Айта кетейік, Байқоңырды 2050 жылға дейін жалға алған Мәскеу елімізге жылына 115 миллион доллар төлеумен ғана шектеліп отыр.
Ұлттық ғарыш Агенттігі төрағасының сөзін нақтылауды талап еткен Ресей Үкіметінің наразылық нотасы Сыртқы Істер министрлігіне 15 желтоқсанда түскен. Дипломаттар мұны бүгін ресми түрде растады. Және мән-жайды түсіндіріп жауап жолдағандарын айтты. Онда не айтылғаны әзірше белгісіз. Ал Байқоңырға қатысты батыл мәлімдеме жасаған Талғат Мұсабаевтың өзі қазір көрінбей кетті. Үнсіз.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін