Атап айтқанда, ұйымдасқан қылмыспен және қылмыстың басқа да түрлерімен күрестегі ынтымақтастық, сондай-ақ мәдени — гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты дамыту туралы үкіметаралық келісімдерге қол қойылды.
Екі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Арнольд Рюйтель арасындағы келіссөздер барысында тараптар екі елдің Еуропалық Одақ, Солтүстік Атлантикалық Альянс, БҰҰ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Дүниежүзілік сауда ұйымы тәрізді халықаралық ұйымдар аясындағы ұстанымдарын келісуге мүдделілік танытты. Екі мемлекет басшысының пікірінше, сауда-саттық саласындағы ынтымақтастық — екі жақты қарым-қатынастың маңызды құрамдас бөліктерінің бірі болмақ. А.Рюйтель өз елі Қазақстан тауарларының Эстония теңіз айлақтары, темір жолдары мен автожолдары арқылы Батыс Еуропаға транзитті тасымалдануынан мүдделі екенін жеткізді. Әсіресе Эстония айлақтары арқылы мұнай және мұнай өнімдері, астық және металл тасымалы тиімді деп саналуда.
Екі жақты келіссөздер туралы түсініктеме берген Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, «Банк жүйесін реформалау және ұлтаралық қарым-қатынасты дамыту саласындағы Эстония тәжірибесі біз үшін маңызды». Қазақстан президенті Астанада өтетін бизнес-форумда «нақты нәтижелерге қол жеткізіледі» дегенге сенім білдірді.
Қазақстан мен Эстония арасындағы сыртқы сауда айналымы 2003-жылы 13,7 млн. долларды, соның ішінде экспорт 9,3 млн. долларды, импорт 4,4 млн. долларды құрады. Қазақстаннан экспортталатын тауарлар арасында қара металлургия, химия өнеркәсібі, бейорганикалық химия және астық өнімдері басым. Ал Эстониядан Қазақстанға ауылшаруашылығы және азық-түлік өнеркәсібі өнімдері, алкогольді және алкогольсіз сусындар, темекі, тұтыным тауарлары, электр машиналар мен жабдықтар экспортталады.
Бүгін түстен кейін Эстония президенті ҚР парламенті сенатының төрағасы Нұртай Әбіқаевпен кездесті. Сондай-ақ, Эстония президенті Отан қорғаушылар ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, мемлекет басшыларының саябағында ағаш отырғызды. Кешкісін Қазақстан президентінің атынан Эстония мемлекет басшысының құрметіне ресми қонақасы беріледі.
3-маусым, бейсенбіде Эстония президенті А.Рюйтельдің ресми сапары Алматыда жалғасады. Ол мұнда Алматы қаласының әкімі Виктор Храпуновпен кездесіп, «Кәсіпкерлерге арналған дөңгелек» үстелдің ашылуына қатысады. «Шымбұлақ» тау шаңғысы кешені мен «Медеу» мұз айдынында болып, Ә.Қастееев атындағы мұражайды аралайды.