17 қыркүйек пен 6 қазан аралығында театр сахнасында Италия, Франция, Қытай, Ресей және Қазақстан жұлдыздары өнер көрсетеді.
«Астана Опера» директоры Төлеген Мұхамеджанов баспасөз мәслихатында атап өткендей, фестиваль бағдарламасында әлемдік қойылымдар мол қамтылған.
Айталық, 17 қыркүйекте көрермендерге Ла Скала» театрының бірегей қойылымы — «Тоска» операсы ұсынылады (режиссері (Лука Ронкони). Сергей Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балетін 19 қыркүйекте көруге болады. 20 қыркүйекте Мариинск театрының жетекші солисі, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Ахмед Агади мен Сара партиясын орындаудың үлкен шебері — ҚР, Татарстан халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұржамал Үсенбаеваның қатысуымен Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы қойылады.
Төлеген Мұхамеджанов көрермендер 23 қыркүйекте Ресейдің үлкен театрының жұлдыздары қатысуымен Арам Хаячатурянның «Спартак» балетін тамашалайтынын жеткізді. 27 қыркүйекте «Аққу көлі» балеті қойылады. Ал 29 қыркүйекте Дж. Пуччинидің «Богема» қойылымына қазақстандық әртістер қатысады. Ал Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры Борис Эйфманның «Қызыл Жизель» балетін фестивальға тарту етпек.
Сонымен бірге 25 қыркүйекте Ұлттық қытай театры осы елдің мәдениетін көрсететін концерт береді, 30 қыркүйекте Бибігүл Төлегенованың 85 жасқа толуына арналған бенефисі өтеді. Қазақ сахнасы бұлбұлының концертінде қазақстандық және шетелдік композиторлар операларынан ариялар, халық әндері, романстар, аспаптық шығармалар орындалады.
«Астана Опера» театрының директоры елорда тұрғындары мен қонақтары фестивальға үлкен қызығушылық танытып отырғанын атап өтті, кейбір қойылымдарға қазірдің өзінде билеттер сатылып кеткен.