Іріктеуші комиссия III халықаралық «Astana Piano Passion» жас пианистер байқауының жартылай финалына шыққан 7-18 жас аралығындағы 30 үміткерді таңдап алды. Байқауға қатысуға барлығы 40 елден 120 өтініш түскен болатын.
— Әлбетте, байқауға қатысушылардың дайындалу деңгейі жылдан-жылға артып келеді. Тіпті, әділқазылар мүшелеріне жүзден жүйрігін таңдау қиындай түсуде. Біз талантты жастардың ынтасы мен талабына өте ризамыз. Кім біледі, мүмкін осы жастардың арасында әлемдік деңгейдегі болашақ жұлдыздар да бар шығар, — деп атап өтті әділқазылар алқасының төрағасы Денис Мацуев.
Бір айдан кейін байқау тыңдауы басталады. Осы уақыт ішінде барлық қатысушылар қарқынды түрде дайындалып, қазақстандық композиторлардың шығармаларын жаттауы тиіс. Бұл — байқаудың міндетті шарттарының бірі.
Еске сала кетейік, III классикалық музыка халықаралық фестивалі және «Astana Piano Passion» жас пианистер конкурсы 2015 жылдың 24-30 сәуірі аралығында Астанада өтеді. Жалпы жүлде қоры — 60 000 АҚШ доллары.
Ал «Astana Piano Passion» байқауының салтанатты ашылуы және гала-концерті 24 сәуірде «Астана Опера» театрында өтеді. Билеттер сатылымға шығарылды. Жеңімпаздар Мәскеу филармониясында өтетін «Astana Piano Passion» фестивалінде концерт береді.