«Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеу жөніндегі міндетін тиісті деңгейде орындамау жөніндегі» 138-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды»,- деді М.Құмарбеков.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 31-мамыр, сейсенбіде «Алые паруса» атты №41 балабақшада қайғылы оқиға болып, үш жастағы балалар тәрбиеленетін топта күйсандық құлап кеткен. Соның салдарынан бір бала қайтыс болып, екі бала жарақаттанды. М.Құмарбековтың айтуынша, алдын-ала сараптама қорытындысына сәйкес, үш жасар бүлдіршіннің қаза табуына асфиксия себепкер болған. «Аспапқа жаншылған бала тыныс ала алмай қалған. Осыған қарап баланың күйсандық астында қанша жатқанын бағамдауға болады»,- деді М.Құмарбеков.
Қазір зардап шеккен балалар Елордадағы бір ауруханада жатыр. Қаза тапқан бала 2-маусым күні жер қойнына тапсырылды.