«Жалпы алғанда 2005-жылдың басынан бері біз 5 қылмыстық топтың көзін құрттық. Олардың екеуі ұйымдасқан қылмыстық топтар»,- деді ол.
Атап айтсақ, тәртіп сақшылары «Қостанайлықтар» атты ұйымдасқан қылмыстық топтың 8, «Юсуповтың тобы» деп аталатын ұйымдасқан қылмыстық топтың 21 қылмысқа қатысы бар екенін дәлелдеді. Аталмыш ұйымдасқан қылмыстық топтардың жетекшілері мен мүшелері қамауға алынып, алғашқы топтың мүшелері түрлі жылдарға бас бостандығынан айрылса, «Юсуповтың тобына» қатысты іс сотқа жолданды.
Сонымен бірге 2005-жылдың шілде айында Астана қалалық полициясы Қырғызстан және Өзбекстан республикаларынан жасанды құжаттардың көмегімен азаматтарды заңсыз көшіріп әкелу ісімен шұғылданған қылмыстық топты құрықтады. Топты Астана қаласының тұрғыны басқарған. Қазір топтың жетекшісі мен 4 мүшесі ұсталып, қылмыстық іс қозғалды.
Сонымен бірге қазіргі таңда Астана қалалық полициясы «Американдықтар» деп аталатын қылмыстық топтың іс-қызметін әшкерелеуге бағытталған шұғыл іздестіру шараларын жүзеге асыруда. Топтың бұрынғы жетекшісіне халықаралық іздеу жарияланды.
Тұтастай алғанда 2005-жылдың алғашқы жартысында Астана қалалық ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы ақша бопсалауға қатысты 11, жеңгетайлыққа қатысты 5, қарақшылық шабуылға қатысты 5, тонаушылққа қатысты 7, заңсыз бас бостандығынан айыруға қатысты 3, заңсыз есірткі сақтауға қатысты 5, заңсыз қару-жарақ айналымына қатысты 9, алаяқтыққа қатысты 15, басқа да 74 қылмыстың бетін ашты.