Астана қаласынан мерекелік репортаж! - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+22 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астана қаласынан мерекелік репортаж!

Астана қаласынан мерекелік репортаж!

Астанада қала күні мерекесі жалғасып жатыр.  Шаһар тұрғындарына кешеден бастап үш күн бойы демалыс. Астананың қазіргі келбеті, сөз жоқ, бұрынғыдан өзге. Қазақ мемлекетінің қазіргі Елордасы өзіндік мәдениеті қалыптасып, өнер мен білімнің ошағына айналып, әлемнің ірі қалаларымен иық теңестірер деңгейге жетіп отыр. Бүгінгі күннің өзінде қалада жүзге тарта мерекелік іс-шаралар өтуде, оның ішінде әлем рекордтарын жаңартып жатқан жағдайлар да бар.

  • 6 Шiлде 2011
  • 526
Фото - Caravan.kz

Мінезі жұмсақ Есіл өзенінің жағасындағы жайлы қала Астана күніне арналған мерекелік шараларды айтып тауысу мүмкін емес.

«Шығыс базарын» ерекше.: қауын-қарбыз, жеміс-жидек, сүт өнімдері, тіпті  бұғы мүйізінен жасалған емдік дәрумендер де бар. Жылдағы дәстүр бойынша кестелі құрақ көрпеше мен көненің көзіндей болған зергерлік бұйымдар да осы жерде.

Құндыз Амандосова, сатушы:

Бұлардың бәрі бұрынғы кездегі ханшайым, патшалардың  әшекейлері. Қазіргі   жастарымыз бұған қызығады, әлі де сәнді.

Шығыс базарында қызып жатқан тек сауда ғана емес. Өнерпаздар да мейрамға көрік косуда. Ән мен күйді, де тіпті циркті де осы жерден тамашалауға болады.

Жыл сайын Астана күнінде Абай ескерткішінің маңы жиылған халықтан босамайды. Бұл жерде елдің әр түкпірінен келген азулары алты қарыс адуынды ақындардың жыр мүшәйрасы өтіп жатыр. Астанаға жазған арнауларды тыңдау үшін мұнда қаланың үлкен-кішісі қалмай жиналады.

Марфуға Айтқожина, халық ақыны:

— Астанамыз  бүгін өзінің 13 жылдық мерекесін өткізуде. Аз жылдың ішінде Есіл өзенінің жағасына ата-бабаларымыз армандап кеткен, Ақмолаға осындай Астана салу  екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Астананың туған күніне арналған шаралардың ауқымы бүгін түрлене түсті. Той-думан елорданың барлық аудандарында таңсәріден бері жалғасуда. Әсіресе Астананың басты алаңында қызықты шаралар болып жатыр. Мұнда  қаз-қатар киіз үйлер  тігіліп, жұртшылыққа Қала күнін жақсы өткізуге бар жағдай жасалған.

Алдымен  «Астана самалы» деген атаумен үрмелі аспаптар оркестрлерінің фестивалі басталды. Бұл көптеген елдің өкілдерін бір сахнаға жинайтын қайталанбас сазды думан. Онда әр ұлттың классикалық және заманауи шығармалары орындалды. Әсіресе шотландық стильді ұстанатын ресейлік ұжым көптің көңілін бір серпіп тастады.


Александр Беляков, ҚР Қарулы күштері оркестрінің бас дирижері:

Үрмелі музыка ең демократиялы жанр. Біз өзге оркестрлерге қарағанда ешқандай жер таңдамаймыз. Осылай ашық аспан астында да, көшеде де өнер көрсете аламыз.

Концерттік бағадарламалармен қатар  аспаздардың да мерекесі ұйымдастырылды. Дәл осы алаңда бүгін кәрістің тағамы «Кимпаб» роллын дайындау бойынша әлемдік Гиннессрекорды жаңартылды. Аспазшылар ол үшін ұзындығы 150 метр болатын «суши» әзірледі. 

Гүлнұр Бекұлытегі,  аспаз-волонтер:

— Негізгі құрамы — күріш, одан кейін жұмыртқа, жіңішке қуырылған. Сосын шпинат, не қияр қосуға болады. Бұл — Корей мәдени орталығының Астана күніне сыйлығы.

Мерекелік шаралар шарықтап жатқан тұста Астанаға  Алматыдан ат терлетіп емес, велосипед мініп Айткен ақсақал жетті. 72 жастағы қария бұған дейін де осы шайтан арбамен біраз елдерге барып, қазақты таныстырып жүрген болатын.

Айткен  Бақатайұлы:

— Егемендіктің 20 жылдығы екен, Астананың құрылған күні екен, Елбасының туылған күні екен. Осыған да велосипедпен өз сәлемімді, көңілімді жеткізейін деп келдім.

Жанды дауыстағы ән кешін сүйер қауым үшін  «Қазақстан» сарайында әйгілі өнер шеберлері Лара Фабиан мен Игорь Крутойдың шоу-концерті басталды. Канадалық жезтаңдай әншінің өнеріне қанып қайтатын көрерменнің бұл кеш есінде қалатыны сөзсіз.

Соңғы жаңалықтар