Астана "Түркі әлемінің мәдени астанасы" мәртебесін Түркияның Ескішаһар қаласына табыстады - kaz.caravan.kz
  • $ 474.83
  • 518.99
+29 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астана "Түркі әлемінің мәдени астанасы" мәртебесін Түркияның Ескішаһар қаласына табыстады

Астана "Түркі әлемінің мәдени астанасы" мәртебесін Түркияның Ескішаһар қаласына табыстады

30 қарашада елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында "Астана - түркі әлемінің мәдени астанасы жылы" шарасының аяқталуына арналған "Нұрын шашқан Астана" атты салтанатты кеш өтті.

  • 1 Желтоқсан 2012
  • 858
Фото - Caravan.kz

Түркі дүниесінің тұтастығына ұйытқы болып жүрген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «түркі әлемі — XXI ғасырдың қарқынды саяси және мәдени ареалдарының бірі» екендігін айтып, түркілердің ынтымақтастығына жолбасшылық жасап отыр. Түркі дүниесінің бірлігін нығайту жолындағы сан-салалы еңбегі ескеріле отырып, 2010 жылы түркітілдес мемлекеттердің басшыларының Ыстамбұлдағы саммитінде тұңғыш рет Қазақстан елордасы Астана — түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Бүгінде Астана жан-жақтан бас қосқан түркі елдерінің арасындағы рухани көпірге айналды. Қазақ жерінде өз мәресіне жеткен мәдени көш атажұрттан Анадолы түбегіне жол тартпақ. Яғни, 2013 жылы Түркияның Ескішаһар қаласы мәдени тізгінін өз қолына алғалы отыр. Соған орай салтанатты жиында Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов Түркі мәдениетінің осынау ауыспалы киелі жәдігерін ресми түрде Ескішаһар қаласының басшысы Қадыр Кочдемир мырзаға табыстады.

«Рухани құндылық пен мәдени тұғырлықсыз үлкен өркениетті орнату мүмкін емес». Бұл сөзді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осыдан 20 жыл бұрын, Тәуелсіздік таңы атқан шақта айтқан еді. Осы күні сол өркениетіміз төрімізге озған, жерімізге қонған, рухымыз биік, иманымыз серік ел болдық. Міне соның арқасында 2012 жылы Астана — түркі мәдениеті дүниесінің бас қаласы атанып, оны абыройлы атқарып шықты. Сол үлкен құрмет біздің түрік бауырларымызға, Ескішаһар қаласына бұйырып отыр», — деді И.Тасмағамбетов «ТҮРКІСОЙ»-дың ауыспалы белгісін ресми түрде табыстау кезінде.

Салтанатты шара Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Татарстан, Қырым, Тыва, Алтай елдерінің эстрада жұлдыздары мен өнерпаздарының концертімен ұласты.

Еске сала кетейік, «Астана-2012 — түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының салтанатты ашылу рәсімі 2012 жылы 24 ақпанда дәл осы елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында басталған болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту — Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында: «2012 жылы Астана ТМД мен түркі әлемінің мәдени астанасы болып табылады. Осы шараларды лайықты өткізу керек», — деп оған лайықты көзқарасын да білдірген еді. Содан бері жыл ішінде республиканың әр түкпірінде 50-ге жуық мәдени шара өткен.