Жарияланды: 620

Астанада 100-ге таяу мәдени-шаралар өткізілмек

Астананың 13 жылдық мүшел тойын атап өту ресми түрде бүгіннен басталды. Елорда төрінде Бас байрағымыз салтанатты түрде көтерілді. Ту астында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалыптасқан дәстүрге сай,бірқатар жас әскерилерге алғашқы шендер мен атақтар табыс етті. Ал қаланың өзге жерлерінде бұл сәтте мәдени және спорттық шаралар қыза түскен.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Батыр ата-бабаларымыз әр уақытта осы байрақтың астында бірігіп, ерлікпен жерді, елді қорғап, Отанымызды алып қалған. Осыдан 20 жыл бұрын сол дәстүрді тірілтіп, біз қайтадан көк байрақты аспанға көтеріп, Қазақстанды бүкіл дүниежүзіне танытып, Қазақстанды бүкіл әлем құрметтейтін ел еттік.

Үш күн тойланатын мереке барысында 100-ге таяу мәдени- шаралар өткізілетін болса, олардың біршамасы бүгіннен-ақ қызу басталып кетті.

Мереке барысында қала қонақтары жас, жаңа Астананың заманауи бүгінгі келбетімен қатар, қазақ халқының байырғы тұрмыс тіршілігімен де таныса алады. Осы мақсатта бүгінен бастап  «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана»  фестивалі басталды. Онда келгендер ерке Есіл бойын жағалай қонған көшпенділер аулына барып, олардың өмірімен танысып қана қоймай, өзін солардың бірі іспетті сезінуіне де мүмкіндік алады.

Ұйымдастырушылар бірінші кезекте бұл  өз ұлтының өткен тарихын білмейтіндерге, көшпенділер тұрмыс-тіршілігін кеңінен насихаттауға және  қазақ халқының терең мәдениетін құрметтеуге үйрету  үшін қажет дейді. 

Мереке аясында спорт шараларын өткізу де ұмыт қалмаған.  Олардың шымылдығын «Астана кубогі» веложарысы ашты. Оған республиканың барлық өңірлерінен велошабандоздар қатысты. Ішінде кәсіпқойы да, әуесқойы да бар жарысты Астананың әр тұрғыны мен қонағы көруге мүмкіндік алды.

Айталап Қорғанбаев, Астана қалалық спорт және туризм басқармасының бастығы:

- Осы жарыстан үміттіміз, бұл «Тур де Франс» үлкен велобәйгесінде құрамында  еліміздің туын биік көтеретін спортшылардың бастамасы.

Бұл Астананың 13 жылдығына арналған шаралардың бастауы ғана. Астаналықтар алдағы күндері есімдері әлемге әйгілі әншілер мен актерлердің өнерлерін  тамашаламақ. Бірақ бүгін белгілі ағылшын әншісі Стинг  Елордаға келуден бас тартқанын мәлімдеді. Оның мұндай шешім қабылдауына  елімізде осыдан бір ай бұрын өткен наразылық шараларының бірі түрткі болғанға ұқсайды. Қазір ұйымдастырушылар құны 25-150 мың аралығында тұрған  бес мың билетті көрерменге  қайтаруды бастады. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін